14.05.2021
  175


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Тау түнерді – мен де міне түнердім...

Тау түнерді – мен де міне түнердім,
Су күледі – мен де қазір күлемін.
Бұлт жылайды – мен де жылай білемін,
Бұл мінезді өзгеге де тіледім.

Тау қарайды – мен қараймын түк ойсыз,
Сіз де қазір әлденені тілейсіз.
Тілейсіз де күрсінесіз, жүдейсіз,
Жүдемейді бірақ анау дүлей құз.

Тау – көңілді, самал желпіп қалады,
Қандай кеуде жұтып тауса алады!
Қараңдайды түннің мақпал балағы,
Балағында «құс жолының» жолағы.

Тау сезбейді, қаламайды сезімді,
Сезбеу үшін ол мәңгілік көз ілді.
Тау төзеді – мен де ұнатам төзімді,
Әйтпегенде жек көрер ем өзімді





Пікір жазу