14.05.2021
  264


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Лумумбаның өлімі

Кеудемді кек болып тіреген
Сол өлім жәйлі бұл тірі өлең.
Сен-дағы бір үлкен жүрек ең,
Африка, түрегел!

Құлама, туған жер емені,
Жылама батырдың, ер елі.
Дүние бәрін де береді
Тек оған қайсарлық – керегі!..

Дүрсілін тоқтатқан жүректің
Сен бе едің, қара түн, түнек түн.
Алыпты атқанда бір ептің
Сен нағып шошыдың, дір еттің?!

Әр үміт ұмтылды, талпынды,
Қорғауға батырды, даңқыңды.
Дірілде, топырақ толқынды,
Кеудеңе дірілдеп қан тұнды.

Қан тұнды баланы жетім ғып,
Ананы жесір ғып.
Адамға қылды адам кесірлік –
Не сұмдық!

Әр тамыр сықылды, әр адам
Тірліктің бойына тараған,
Ақ адам атуға жараған,
Ақ ниет ойлапты қара адам.

Сол үшін... сол үшін атты оны
Әлдекім «әттеңі».
Жаңқалап шапты оны – қатты еді!
Осылай Лумумба жатты өлі...





Пікір жазу