14.05.2021
  250


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Ей, жас өмір

Сенің үнің, сенің үнің бұл өктем,
Сенің қолың тереземе гүл еккен;
Сенің ойың жарып шыққан жүректен,
Ей, жас өмір.

Сенің күлкің – күлкісі де бұлақтың,
Сенің күлкің, сенің күлкіңді ұнаттым.
Тамшы болып сол бұлақпен бір ақтым,
Ей, жас өмір.

Сенікі ғой бас біткеннің қиялы,
Сенікі ғой тұлпарлардың тұяғы,
Сенің ғана маңдайыңа сыяды,
Ей, жас өмір.

Сенікі ғой аспандағы ай, күн де,
Ай тұрғанда түндерді ойлап қайғым не?!
Ай астында озып алған бәйгің не,
Ей, жас өмір?

Сенікі ғой менің ырыс-бағым да,
Бағым болған мына жастық шағым да;
Саған, саған бәрін берем – қабылда,
Ей, жас өмір.

Ал, сен маған тірлік берші көзге ілер!
(Көрінбесе көңілдегі сөз ділгер)
Маған, маған ойланатын мезгіл бер,
Ей, жас өмір.

Тағы, тағы, (менің таңым тағы атты),
Бер демеймін, құсқа біткен қанатты;
Берме бірақ тоқтап қалар сағатты,
Ей, жас өмір...





Пікір жазу