Досымның өлеңдерінен
1
Жарым-жайсыз, ұнатпаймын мен оны,
Ұятым да бетке шығып келеді –
Жұрт көзінше азабымды, жанымды
Тілдейді кеп. Сүйтіп тірі көмеді.
Сөзі де бар маған үйден кет деген,
Менің үшін не қалып ед жетпеген.
Мені «ит» қылып…
Адам етті ол баламды.
О, дариға, енді қайтып жек көрем!
2
Қаһарыңды жібітем деп, үлбіреп
Келді жаз.
Ашулансаң шашушы едің күлді көп
Күл жоқ енді... енді – газ!
Тыңдатам ба бұқыраған даусыңды,
Қонақ келсе көрсетеміз сый қалай?–
Кеселер де сына-сына таусылды,
Өзің жүрсің қирамай.
3
Сүймейтінімді айтар едім өзіне –
Жылайды.
Жас дөңгелеп келеді де көзіне
Құлайды.
Мен де құлап кетер едім, сезіммен
бір балқып.
Ол сезімді жеңем бірақ төзіммен
Құрбан қып.
Қорғамайды, қорғамайды долы жан
Өз басын.
Төгеді ол, бар келгені қолынан –
Көз жасын.
Отқа салсаң жарайды тек күюге –
Обал-ау...
Адамдарды жек көріп те сүюге
Болады-ау.
4
Көп нәрседен құралақан қалыппын,
Амалдап барымды.
Қешір, досым, уақытыңды алыппын
«жамандап» жарымды.
Өз жарыңды мақтап бер деп өлеңмен
Қашан ғана айтып едің, ізгі адам?
Дәл бейнесін, көздер, көздер, сенен мен
қызғанам.
Қызғанумен жазсам мұны ерсі не,
От демдер!
Ол да мені «жамандаса» көршіге
Сөкпеңдер!