14.05.2021
213
Бір әнші
Бұл не өзі ән бе, әлде айқай ма? –
Мен білмеймін, білсең, туыс.., айт онда.
Сахнада тұр ғой өзі, уақытын
Босқа өткізіп сынамақ па бақытын?
Деген ойдан: ойнап тұрған жоқ па бұл,
Жұтқыншағын, жүзін көріп тоқтадым:
Алқымы іскен, қысып көрсе-ау аздап бір,
Көз дегенің шығып кете жаздап тұр.
Өзін-өзі қылғындырып, бір тілсіз
Тұр алдымда.
Тыңдап қапты жұрт үнсіз,
Тыңдаса егер қол соқпай ма енді олар,
Әлде олардың құлақтары кем болар?
Қызық, қызық: жастары да, кәрі де
Құлақтарын басып апты-бәрі де.
Қол соқпаудың барлық сыры сондағы:
Құлақтардан босамапты қолдары...
Оу, әнші дос, табиғатты зорлама,
Кеудеңді жап, ол шабытқа толмаса.
Біз риза болар едік қарғаға,
Бұлбұл деген бір мықтымыз болмаса.