14.05.2021
  228


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Салқындап саясында самал-көлдің...

Салқындап саясында самал-көлдің,
Бұла өскен баяғыдан балаң менмін.
Сіміре саумалыңды, бұл жолы да,
Сабылып, сағымды өлке, саған келдім.

Тағы да топырағыңда жаңарды ізім,
Сен десем бал-бұл жайнап жанар жүзім.
Бір пейіл,
Бір ықылас – қолда бары,
Әкелген базарлығым – сол болады.

...Тікенге балтырымды талатып ем,
Ал қазір дала барқыт, дала – кілем.
Кетіп ем сол даладан шыбық мініп,
Оралдым бір талаптың қанатымен.

Сырым бар тереңімде көрінбеген,
Жырым бар шебер қолмен өрілмеген.
Әйтеуір біреуімін көп балаңның
Өзіңді елім деген, жерім деген!





Пікір жазу