13.05.2021
197
Қошалақ
Жатырмысың, самалды сай, сырлы алап,
жусаныңнан сынап-шықтар сырғанап.
Құм-шағылдан өсіп шыққан шоқыңа,
жолаушыдай өте алмадым бір қарап.
Жыңғылыңды көлеңкелеп көз ілдім,
көз ілдім мен төсегінде сезімнің.
Саған тартқан өз ұлыңмын, өзіңмін:
тұла бойым тұтас құйған төзіммін!
Сен секілді мен де күнге күйіппін,
сен секілді жұпар жұттым, сүйіп гүл.
Сен секілді аласамын тап-тайпақ,
Сен секілді, таласамын — биікпін!
Уа, туған жер, сенде шың да, көл де жоқ,
ойым да жоқ сені өлеңмен "өңдемек".
Дәл өзіндей қарапайым болам мен,
дәл өзіндей!
Маған, сірә, сол керек!
Қошалақ Жусан жыңғыл Жұмекен Нәжімеденов Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығы Жұмекен Нәжімеденов өлеңдері