12.05.2021
  205


Автор: Әлібек Шегебай

Бесік

Терең оймен тербетіп қаламымды,
Жылуына бөлейтін жанарымды.
Сыны кетпей әлі де сақтаулы тұр
Менің жатқан бесігім бала күнгі.

Сақтаулы тұр әлі де ақ бесігім,
Бақытына бөлеген бақ бесігім.
Сол бесікте санама сіңіргенмін
«Ана» деген әлемнің тәтті есімін.

Осы бесік бөлеген махаббатқа,
Осы бесік бөлеген шапағатқа.
Дүниенің қаншама жылылығы
Жетпейді екен сендегі шарапатқа.

Көрінгенмен ыстық боп маған қатты,
Көнергені жаныма жаман батты.
Сәби кезде мен жатқан сол бесікке
Бауырларым,
Сонан соң балам жатты.

Тектілігі сол болар,
Басқалардан
Тәрбиесі тереңнен бастау алған.
Өткерсе де басынан қандай күнді,
Атам қазақ бесігін тастамаған.

Дегдарлығы қазақтың даласындай,
Доғалдығы тұлпардың тағасындай.
Байқағанға бұл өмір,
Бар болғаны –
Шүмек пенен түбектің арасындай!





Пікір жазу