11.05.2021
  195


Автор: Ғафу Қайырбеков

Шопан

Таң сәріден оянып,
Көйлектің жеңін түрініп,
Есімде өткен балалық
Қой соңынан жүгіріп.
Есімде жайлау Құлансаз,
Есімде жасыл шұға жаз.
Шағындау шоқша сақалды
Есімде шопан — қарт ұстаз.
Мыңдаған қойдың ішінен
Болған да шашау, жоқ бірі,
Танитын жазбай түсінен
Қозыны, қошқар, тоқтыны.
Мал «тілін» - әр кез өзі ұғар,
Одан жақын болмақ кім?
Уыздан бұрын, қозылар
Бармағын емген сол қарттың.
Иегін сүйеп оған кеп,
Қозының тұрған кездері,
Сүйкімді - ақ еді маған көп
Кішкене мөлдір көздері.
Дәметіп қартқа қараған,
Сүйкімді шөбін жегізген.
Қозыға тұңғыш сол адам
Емшегін жердің емізген.
Қай жерде қандай шөп тәтті,
Қай таудың төсі сыз болмақ?
Саялы жайылым сақтатты
Қара жел, суық күзге арнап.
Малшының небір қыс - жазын,
Өмірдің осы мектебін,
Көрсетті маған ұстазым,
Алдынан соның өткенмін.
Есімде жасыл шұға жаз,
Хош иіс жайлау Құлансаз.
Баулыған асыл өнерге,
Қарызбын саған, қарт ұстаз!

1955 жыл





Пікір жазу