Алматы — ару
Ал, ару, сен дегенде жыр ағылды,
Бір ағын басып-озып бір ағынды,
Кеудемнен қотарылды асау толқын,
Білмеймін қалай бастап, тынарымды.
Алатау мінезінен мен үйреніп,
Көшеден келе салып тек үйге еніп,
Деймін ғой құя берсем, құя берсем,
Көмейден тұра берсе селім келіп.
Алматым — ару деген сөз лайық,
Даладан келген қазақ қозы жайып,
Көркіңе бір таң қалып қарағанда
Кетеді жанары өсіп, көзі байып.
Тау анау апай төсті, ақ омырау,
Аспанға іліп қойған нар қоңырау
Секілді күмбірлейді кеудесі оның
Атамыз арман еткен жер ғой мынау!
Жүрсем де кезіп көріп жердің төсін,
Сан қала, бақта өтсе де не бір кешім,
Көзімді бір солардан жұлып алып,
Не ғажап тек өзіңе телміртесің!
Қазақтың өнер білем дегендері,
Сан түрлі жыр ажары, өлең зері,
Солар да тауыспаған сені жырлап,
Шабытты нелер шебер менен гөрі.
Мен сенде мақтан етем тұрғанымды,
Ең жақсы сенде жаздым жырларымды
Өзіңе, саған деген махаббатым —
Үйімнің алдына ексем бір қайыңды.
Сен қызы Алатаудың, бар қазақтың,
Көзіңнен бір от алып жанға жақтым,
Сөндірмей сол отынды мекенімде,
Жүректен жырларымды сан маздаттың.
Тауысам жырлап сенің қай көркіңді,
Сүйгенде күн бетіңді, ай бетіңді
Тұрамын кескініңнен көзімді алмай,
Япыр-ау жоғалттым деп қайда еркімді!
Жаныма туыс қайың қарағайлар,
Секілді әрі іні, әрі ағайлар,
Өзімдей күндіз бәрі жайраң қағып,
Өзімдей түнде бәрі терең ойлар.
Алматым - әр жырымның басындасың,
Әр туған перзентімнің қасындасың.
Сен менің өз мекенім, өз ұямсың,
Сен менің замандасым, ғасырласым.
Қырық жыл, қырық жас деп қырда халық,
Той тойлап, келмек ертең сыйлар алып.
Үстіңде күмбір қағып тұрсын сонда
Тойда айтар ән жаңарып, күй жаңарып.
Мақтанам, шын мақтанам мен сен үшін,
Асқан бұл Алатаудан еңсең үшін.
Дариға, қояр едім сені бөлеп
Өзіндей сұлу жырға, келсе күшім.
Кеш мені, таңдамадым сөз маржанын,
Өрекпіп, өзің десе қозған жаным,
Ақтарып бере салды бір толқынды,
Бағытын ол толқынның аз болжадым.
Деместен аз ба бұршақ, көп пе бұршақ.
Тұрмай ма Алатау да ақтарып сап,
Әрине, қой демессің, сүйінерсің
Дәл қазір мен де соған қалсам ұқсап.