Абай күні
Ардақ Семей, қабыл ал керуенді!
Бір алтын көш қақпаңа келіп енді.
Ол — Абайдың мұрагер ұрпақтары —
Кең пейлінді сағынған, кең кеуденді.
Болғанменен сан күмбез сарайлары
Күнмен күлген шағылып сары айдары,
Сол сарайға құдіретті үн беретін
Өзгелердің болмаған Абайлары!
Шыңғыс пенен аспанды жалғастырған
Бұл бәйтерек тек сенде алғаш туған.
Мынау - сонын жайнаған жапырақтары
Ажары бар айнымас жап-жас нудан.
Жылда осылай жаз болса жамырап кеп,
Бәйтеректі басады жапырақ көп,
Көңілінді, туған жер, кеңірек жай,
Нөсерінді аямай қаттырақ төк!
Біз өсейік дүркіреп күнге қарай,
Басымызды мың шұғыла сүйген арай.
Сонда ғана бәйтерек бәйтерек боп,
Сонда ғана туысар бізбен Абай!
«Абай күні» — сапардың аты бүгін,
Жыр мен әннің тиеген алтын жүгін.
Жаңа кірді қақпаңнан жас керуен
Жайдағыдай деп жүр ме «Ау, кім мұның?!»
Суы шәрбәт Ертістің,жағасы бай
Бар адамға байырғы нағашыдай,
Болғанымен Абайдың жыры биік,
Күні биік болған жоқ дәл осылай!
Сен білесің, Семейім, соның бәрін,
Сол аңсаған міне тұр қолында күн!
Көтер соны шырқатып, көрсет жұртқа
Салтың әсем халықсың, жолың мәлім.
«Абай күні» — қазақтың жыр мейрамы,
Бұдан былай келетін жылда айналып.
Жылда осылай тасымақ өлеңімен
Сахараның төсіне сыймай халық!
Аппақ таңның жамылып арай нұрын,
Көк даланың тағынып талай гүлін.
Ал сәт сапар, халайық, ал келіндер,
Біз Семейден бастадық Абай күнін.