10.05.2021
  227


Автор: Ғафу Қайырбеков

Күзгі моншақтар

(этюдтер)

Өліп, қурап құлаған жапырақтың
Денесінде ойнайды жарқырап күн.
Ең соңғы рет аймалап нұр тіршілік,
Жөнелтпекші астына топырақтың.
Дәл осындай, о ғажап, адам-дағы,
Таусылғанда дүниеден тағам-дәмі.
Өз перзенті болған соң, бұл табиғат
Бөліп-жарып қарамас оған-дағы!
* * *
Туу қате, туған соң өлу дұрыс,
Бір қате мен бір дұрыс күнде ұрыс.
Ешбір қате жасамау — біздің мақсат,
Күнде осымен өтеді барлық жұмыс.
Көп қатеден тұратын тірлік кәдік,
Шегінеміз қатерді біліп қалып,
Ол бәрі бір айналып табары хақ,
Сүрінгендей жап-жақсы жүріп барып.
Ең үлкені қатенің өліп кету,
Одан бергі қатеге еш жоқ кешу,
«Анау сөйтті, е, бәсе, сөйтер болар!»
Пенделердің кәсібі «Шоқ-шоқ!» десу.
Кешірімсіз, дүние кең болар ма?!
Кең деп айту білгенге жөн болар ма?
Кешірер деп дүниеге келіп қалып,
Ылғи қате жасаған пенде оңар ма?
* * *
Жолдастар, тарылтпайық кең дүниені,
Бер дейсің бұдан артық енді нені?
Ел тыныш, құт-береке, ырыс қолда,
Кешегі алыс бақыт келді бері.
«Күндерде бұдан жаман тойға барған»
Дегенге жетті мезгіл ойланар жан.
Алқынған қуаныш қуып қайран жүрек.
Қайтесің, дем алсын да, ол-дағы адам!
Әмәнда көп бар жерде біз де бармыз,
Несіне несібені қызғанамыз.
Ұзақ жыл зорға соққан бақытты үйді
Бақпасақ сыйламасақ, бұзып алармыз.
* * *
Күзгі орманның көрдің бе тыныштығын,
Түннің жайған күн ерітіп күміс шығын,
Аман тұрған жапырақтар шүкір айтып,
Аз кезінде сақтаған туыстығын?!
Тыңдап қалсаң олар да жылайтындай,
Құдіретінен бір тілек сұрайтындай,
Ал орманға қарасаң, тіл қатпайды
Артистері тараған театрдай.
Ақырындап жылжисың әсте тынбай,
Аяғыңмен тыныштықты басатындай,
Алтын қойма секілді сары жапырақ,
Сол алтынды қозғасаң, шашатындай.
Сыры жұмбақ күзгі орман, расында,
Ойға батып қайтасың, барасың да,
Тұрғандайсың орманда, өзің-дағы
Жаңару мен тозудың арасында.
* * *
Көйлегіңді тастағалы
Тұрсың ба сен, ақ қайың?
Жаңа дәурен бастағалы
Тұрсың ба сен, ақ қайың?
Күзді желге басынды иіп,
Күрсінбе сен, ақ қайың,
Түсінде әсем шашың жиып,
Жүрсің бе сен, ақ қайың?
Үндемейсің, е, досым-ай,
Мұң оралтып маған да...
Дәурені өтсе, дәл осылай
Үндемей ме адам да?
* * *
Жердің бәрі күп-күрең
Күз бе мынау?
Сары шашақ, түк кілем,
Үзбелі бау.
Күн ыстығы басылып,
Суыған нан
Секілденіп, жас иісі
Мұрын жарған.
Көңілде бір тоқшылық
Орын теуіп,
Бәрін орған көпшілік,
Бәрін сеуіп.
О, жарықтық, күз деген
Осы екен-ау!
Қалың жұрттың іздеген
Досы екен-ау!
Дүниедегі ең ыстық
Еңбек болса,
Күзде соны бөлістік
Ел боп сонша!
Күзді өз басым жамандап,
Көрген емен,
Жас жапырақ, самал бақ
Өлгенімен.
Күзде еңбекке ылайық,
Кенелгенбіз,
Күзге көрік сыйлайық
Өлеңнен біз.
* * *
Ойлап тұрсаң келтірер күлкіңді жұрт,
Жүргендері белгісіз кім-кімді ұғып.
Баптайтынын қайтерсің кейде әдейі
Ақ жабулап жабыны сүйкімді ғып.
Күнде жарыс қайда бар жүйрік озған?
Бапшыл байғұс күй тілеп, ғұмыр тозған.
Оны әлдилеп, құндауға уақыт жоқ,
Жабы жақсы өңмендеп тізгін созған.
Соны оздырып, мақтанып отырған жөн,
Күпсіп күлкі жарасып антұрғанмен.
Оның жабы екені есінде жоқ,
Оқа зерлеп жан-жағын толтырғанмен.
Сипай қамшы, сып-сидаң сыпайылық,
«Амал қайсы қойған соң құдай ұлық?» —
Ақталғаны осылай бәрінің де,
Білмегенсіп әшейін біле тұрып.
Батуашыл бәрі әзір қор қылмаққа,
Әуре болма сөз арнап зор мұратқа,
Балаң қолы жетер деп айту қиын
Атаң қолы баптаған арғымаққа.
Ұсақшылдық көп кәсіп етек алып,
Қара толқын ішінде кете барып,
Қайран өнер қызығын көрсете алмай,
Жарар еді жүрмесең текке қалып.
* * *
—Сен орманның ішінде бір бәйтерек,
Сен болмасаң, шынында, біз қайтер ек?!
—Қойшы, бауырым, қайтесің көзіме айтып,
Әшейінде өзгеге сөз қылмай түк.
—Өзгеге де соны айтам, нанбыт құдай,
Жаға созып, таласып алдық талай.
—Түк бітіріп тұрғам жоқ, тек мақтама,
Ол сөзіңе мәз болар ақымақ қана.
Ең болмаса ақымақ болмайын да...
—Рас болды-ау анау сөз сен жайында...
Ол қандай сөз?
—Әшейін айтысқан кеп
«Берері жоқ таусылған данышпан? — деп.
—Соныңа көш!
Бауырым, бұл кәсіптен
(Бірді бірге айтақтап күн кешірткен)
Етік майлап отыру көп артық қой!
Кетті анау сөз айтпай төніп барып,
Жалт бұрылып, бір тасты теуіп қалып.
Ал орманда өз қалпын бұзбай терек:
«Біз қайтер ек, дегендей, — біз қайтер ек?..
* * *
Алғашқы түтін — жылылық иісі,
Ауылдан шығып, аспанға беттеп,
Осы ғой дерлік күздің бір ісі,
Ағайын жатыр қыс қамын реттеп.
Тартады дала, саябыр маңай,
Кешегі қауырт қимылдан қайтып,
Қусырар ептеп ноябрь солай,
Үкімін қыстың жып-жылдам айтып.
Дүркіреп бір жыл өтпекші тағы
Құлақта қалып жаңғырық үні.
Жақсылық жағы, өкініш табы
Есінде сайрап, бал ғұмыр күні..
* * *
–Шай қойшы, жеңгем, суық бұлт мынау
Сыртыңды қарып шыдатар емес.
Ішіміз маздап, жылытып алау,
Жастық шақ жайлы шертейік кеңес.
Шәугімге аздап ет тастап жібер,
Бүлкілдей берсін тәп-тәтті, шіркін.
Не болып кетті жап-жақсы жігер,
Тиылып әсем әп-сәтте-ақ күлкің.
Алтайы ішік айқара тастап,
Айтшы бір әзіл, жеңеше-ау, маған!
Кеп-кеше ғана ару ең асқақ
Киіктен балғын денесі аумаған!
Өзің бір сүйген түйдей жас қыздың
Айтқызып арман, ағызып жасты.
Алысқа кетпей, ырысқа біздің
Ағаға келгені қандай-ақ жақсы!
Іштегі дертті бір-бірлеп жойып,
Анда-санда бір үрлеп қойып,
Кетесің қараған көзге бір тойып,
Кетесің асқан етке бір тойып.
* * *
Құндамауға құнығып алған кісі,
Жақсы деген ұғыммен болмайды ісі.
Өзін-өзі күйттеген күйбеңшіл жан,
Алар ақы, ас тамақ бар қайғысы,
Өзі байсып, барсынып жүргенімен
Оның өмірін адамның аяйды іші.
Естімейтін, көрмейтін қабілетпен
Қаруланып, ол бәрін жарып өткен.
Жан қинамай зеріккен сау денеге
Қабат-қабат май біткен қалың етпен.
Бүгінгіге тайсалмай билік айтар
Баяғыда бір жиған мәліметпен.
* * *
«Ол да керек!» — дейді екен бір философ,
Мақұлдаған жансынып, мысқыл қосып,
Қай әрекет болса да, бәрі дұрыс
Ешкім ренжіп жатпайтын, ешкім шошып.
«Осыныкі дұрыс-ау» — деймін кейде,
Құбылысқа, шаттанбай, кейімей де,
Жанын салқын ұстайтын мұздатқышта,
Құпиясын ашардай кейін елге.
Ұзақ жасау әдісін тапты ма әлде,
Ол да бір кез тіресіп бақты ма әлде,
Өмір-тұрмыс қаруын сындырған соң,
Қолын жайып, көкке мұң шақты ма әлде?!
Содан жаны мұқалып, қайтты ма ақыл,
Көрінгеннің бәрі де болып мақұл?
«Ол да керек, ондай да болады» — деп,
Арамызда қалдырды тосын нақыл.
* * *
Мақтаймын деп, кей-кейде даттап алған,
Біздің жұмыс қиын-ау көп қамалдан!
Ұстара ғой қайран сөз, сәл қылт етсе
Дұшпан түгіл, алады дос жағаңнан.
Ол да үкімі күрделі тіршіліктің,
«Құбылыстың сырларын мінсіз ұқтым»
Десең-дағы күнде бір жұмбақ сайлап,
Көбейеді жалғанның тылсымы тым.
Бәлкім, осы шығар-ау өмір деген,
Күресінің шет-шегі көрінбеген.
Бейқам күнді жанын көп аңсағанмен,
Іссіздіктен жерің жоқ жерінбеген.
* * *
«Ол да керек!» — дейді екен бір философ,
Мақұлдаған жансынып, мысқыл қосып,
Қай әрекет болса да, бәрі дұрыс
Ешкім ренжіп жатпайтын, ешкім шошып.
«Осыныкі дұрыс-ау» — деймін кейде,
Құбылысқа, шаттанбай, кейімей де,
Жанын салқын ұстайтын мұздатқышта,
Құпиясын ашардай кейін елге.
Ұзақ жасау әдісін тапты ма әлде,
Ол да бір кез тіресіп бақты ма әлде,
Өмір-тұрмыс қаруын сындырған соң,
Қолын жайып, көкке мұң шақты ма әлде?!
Содан жаны мұқалып, қайтты ма ақыл,
Көрінгеннің бәрі де болып мақұл?
«Ол да керек, ондай да болады» — деп,
Арамызда қалдырды тосын нақыл.
* * *
...Көп ойларға тартады күз жетелеп,
Ой ырқына көнбейді сөз еркелеп.
Назды ырғақ, сазды әуен, ой жайлауға
Келіп тұрған кездер-ай өзі ентелеп.
Жастық еркін не десе жарасар, — деп
Шықты қазір үлкенге таласар дерт.
Жартасты ұрған толқындай тауы қайтып,
Ол да тынар «Қой жаным, қоя сал!» деп.
Бәрі солай, таңы жоқ, дүниенің,
Бәрі кезек, сүйінер, күйінерің.
Уақыт қолы сындырса оп-оңай-ақ
Ертең сорлы болмағы бүгінгі ерің.
* * *
Қазақ өлең жазбаған жас шағында,
Айналам деп бақ дәулет бас бағуға.
Бала шәкірт, сөзіме сен нанбасаң,
Тарихына болады көз салуға.
Бұқар, Мұрат, Шортанбай, Шал Марабай,
Омар, Нұржан, Әубәкір, Заңғар Абай,
Дүниенің ойларын жинап әуел,
Ғибрат - нақыл қозғаған содан былай.
Жаңа шықты шешендер таңдай қатып,
Ит көйлегін тоздырып болмай жатып.
Көпке жарар сөз айту оңай емес.
Көп құбылыс көкейге қонбай жатып.
Нені көрдің, соншама өңмендейтін?
Нені білдің соншама мен-мендейтін?
Өз басыңа қасиет бітпеген жан
Қасиет айтып, қасіреттен кімді емдейтін
* * *
Толған сайын, о ғажап, жас кемелге,
«Әуселеңді, ағайын бас дегенге!
Көңіл көнбей көп уақыт тулағанмен,
Тартқылайды табиғат тас тереңге.
Ойын-сауық, думан-той жалаулы күн,
Алтын жүген, күміс ер, аяулы күн,
Сері жүрек, сүйгіш жан, құмар сезім,
Арман екен саған да қарау бүгін!
«Неге керек жігітке жай денсаулық,
Болмаған соң бойында бір асаулық!»
Деп жаныңнан су жаңа заң шығарып,
Бір кісідей қиқуға біз де салдық.
Не қамалды жүруші ек бұзып, шіркін,
Деп қоятын үлкендер «Бұзық шіркін!»
Сен көрмеген өмірде бір қыз болып,
Енді өтеді қасыңнан қызық шіркін.
Енді ғана қимылың болып әнтек,
Еркелігің ұғылмай босқа кетпек.
Ұлғайғанда өсекшіл, жұрт кінәмшіл,
Кеше салар кеңпейіл жоқ қой еркек.
Сұлу көрсе бір кезде көзі ойнаған,
Аңшылықты алдымен өзі ойлаған.
Серілері қартайса болар сопы,
Адымыңды аштырмай «қой-қойлаған».
Қызық екен, дүние, тағаты жоқ,
Қызықтығы сап-салқын, рақаты жоқ.
Бүгініне мәз болған адамдайсың
Ертең ішер қолында ауқаты жоқ.
Дүние жұмбақ, аңғармас пенде түгін,
Қайран жастық, білінбес кем-кетігің.
Қолда қалған жастықтан жалғыз қазық
Сол қазыққа ілініп мен де тұрмын.
* * *
Қараңғы тас қабағын түйіп аспан,
Күндізге сондай түспен түн ұласқан.
Жұп-жұмсақ ақ алақан қар түседі
Сұлудай үнсіз ғана сыбырласқан.
Асқар тау тағы қалғып жан әлдилеп,
Жатқандай ұйқыда да жаһан билеп,
Жалғыз-ақ анадайда жол бойында
Бұзады тыныштықты адам сөйлеп.
— Ол кімдер? — Ә, баяғы ғашықтар да,
— Дейді оған батыр терек, жасық тал да.
Соларға-ақ әмірлігін жүргізе алмай,
Қалады қайсар көңілі жасып тау да.
Айнала жарық дүние сөніп әбден,
Қариядай қайрат қайтып қалып әлден,
Дүние түн күштіге бас иеді,
Ол қайтсын ерегісін палуанмен.
Тек қана махаббатшыл жастар анау,
Ойда жоқ тыным іздеу, баспаналау,
Оларға айналаның бәрі жарық,
Жандары жан-жағына шашқан алау.
О, шіркін, кеуде толса махаббатпен,
Байлықпен, ісің болмай атақ-даңқпен.
Күнде ерлік жасап жүрер шақтарың-ай,
Жүрегің ыңқ демей-ақ дәл салмақпен
* * *
Қазіргі сұлу тұлға, көркем ұрпақ,
Көзіңе сүйсінемін ерке бұлтақ.
Ал бізге ерік бермей өмір дауыл
Өтті ғой басымыздан ерте бұрқап.
Әлжуаз тұлғамызда бар әлсіздік,
Әсері талғажаулық, тағамсыздық.
Сүйекке сіңіп кеткен сонау ызғар
Азырақ күн бұлттанса шығады ызғып,
Азырақ мұң басады сонда бойды,
Ойналмай балалықтың қалған ойыны,
Жалғанбай еркеліктің аяқ жағы,
Еріксіз шақырады қайдағы ойды.
Көз жұмып, көңілінде қайта көріп,
«Кел, күнім, сағындым» — деп айта беріп,
Ілезде оянасың, басың шайқап,
Шын келмей есіл жастық, жорта келіп.
Бұл күнде аға атанып, жолға басшы,
Бір кезде өмір дәмі болған ащы.
Дембелше тапал бойлы осы ұрпақтың
Тұрғаны алдарында қандай жақсы.
Жақсы деп, жақсы қарап қолдағыға,
Көз салып оң жағыңа, сол жағыңа,
Бұл күнгі аман ұрпақ, әсем толқын,
Солардың жанын ұқсаң болғаны да!
* * *
Есік пенен төр — егіз,
Жүрсек тағы бөлмелеп,
Бірте-бірте келеміз
Біз де төрге өрмелеп.
Жастары үлкен жұрт өзге,
Орналасса екен, — деп,
Отырушы ек бір кезде
Босағаны мекендеп.
Қайда да артық ер бағы,
Білетін жұрт бас сынай,
Жақсы екенсің сен-дағы
Сыпайы еткен жастық-ай!
Жылда жылжып бір орын
Өзгелерге табыстап,
Біз барамыз көз көрім,
Босағадан алыстап.
Дей алмайсың, бас тартам,
Деп тұрған соң: «Сіз, «Сіз», Сіз».
Өмір деген дастарқан,
Ортасында біз жүрміз.
Жаспен терді аларсың,
Жас жинаған бұйым ғой.
Жаспен алған сол терді
Баспен ұстау қиын ғой!
* * *
Жүрмейді еркелесіп бізбен өмір,
Кей кезде күңгірт тартар күздей көңіл,
Үнемі жақсылықты аңсағанмен,
Болмайды басқан сайын із де жеңіл.
Бұл өлең айнасы ғой жан дегеннің,
Ылғи да бақыт құшып, дәндеген кім?
Бәрі де құбылыстың адамға тән,
Орны жоқ әсіре қызыл сәндегеннің.
Ақынның айтары әділ ой болғасын,
Тұрмыстың тандап жүрсің қай балғасын.
Әркімнің ауызының дәмін іздеп
Еш ақын білесің ғой жыр жазбасын.
Несі бар күзді жазса май айында,
Ой салып көктем сүйгіш ағайынға!
Әр мезгіл әр көңілдің күйті басқа,
Ен салып жырға тұмар тағайын ба?
Не жетсін жаның еріп шын айтқанға,
Қарамас дұрыс пікір кім айтқанға.
Өзінің қорасынан шықпай жатып
Кім сенер жеті жұртқа сын айтқанға?
Сондықтан жақсы досым, шам шығарма
Көңілден күзде тамған тамшыларға.
Қан сонар қанша айтқанмен болар дұрыс
Қамшы ұстап ой аулаған аңшыларға.





Пікір жазу