10.05.2021
  377


Автор: Ғафу Қайырбеков

Мұнара туралы ой

Ғабит Мүсіреповке

Түркістанның аспанында тұңғиық
Жерге балқып түсетіндей күн күйіп.
Сардалада ыстық сағым көтерген
Хожа Ахмет мұнарасы тым биік.
О, мұнара, ой саласың сен маған,
Ұлы ескерткіш әлдеқашан орнаған,
Қайран өнер, қайталанбас шын өнер
Ғасырлардың қанатында самғаған.
Сенен ұшқыр, сенен мәңгі кім болмақ,
Тұрсың асқақ көз сиқырлап, ой арбап.
Бұл далаға құдіретті таланттар
Талай келіп-кеткендігін баяндап.
Адамдар көп талпынатын жоқты іздеп,
Өнбес іспен өз өмірін өткізбек.
Өкінеді ол «өнерпаздың аты мен
Бояуының түрін тапқан жоқпыз!» деп.
Табылар ма жердегі жоқ ғарыштан,
Оралар ма жайлауына жан ұшқан,
Таптырар ма, тағы қайта келер ме
Бір-ақ туып, бір-ақ өлген данышпан!
Тұрмын бұл сәт өзіме өзім өкпелеп,
Мен мезгілді тоқтата алман өтпе деп.
Сендей ғажап мұнараның кірпіші
Болу үшін қанша қайрат, от керек!
Жолдар, жолдар, көп ашылған жол алдан,
Бәрі саған, бәрі сүйіп оралған.
Мұнаралар, мұнаралар жердегі
Бір кірпішің болсам менде жоқ арман!





Пікір жазу