10.05.2021
  222


Автор: Ғафу Қайырбеков

Бір тарих, бір тілек

Інім Қайыржанға

I
Он бесінде әлі сәби әр адам,
Он бесімде үш от басы қараған,
Тағдыр деген жықтырмайтын балуанмен
Жігіт едім белдесуге жараған.
Мен соғыстың тажал көзін көргенмін,
Бір шаңырақтан үш ағаны бергенмін,
Бәйтеректің орнындағы шыбықтай
Мені есірген осы жомарт Жер мен Күн.
Көрдім ізсіз қалды талай шаңырақ,
Кеп үйлерден кешті тірлік аңырап,
Аға аттанып, артта қалған сәбиді
Жер үстімен арқалау да ауыр-ақ.
Болжау қиын өмір деген жол шегін,
Інім менің - бауыр етім, бөлшегім,
Жалғыз аға жалғыз қалған көзі еді,
Өшірмейін, жоғалтпайын деуші едім.
Балалықтың мен қызығын аз ұқтым,
Бақылаумен әр жұрттағы қазықты,
Өзім жетім - жетімдерді жетектеу
Қызметін тағдыр маған жазыпты.

II
Үйлендім мен. Көңіл, есік - бәрі ашық,
Туған жердің бір қызымен жарасып,
Сонау жақта жан бар еді шиеттей
Мені күткен жолыма ұзақ қарасып.
Әйеліме: - кімің бар ед? - дедім мен,
− Жесір қалған шеше дағы ерінен –
Деді де ол, демін ауыр алды бір –
Қалған белгі бала күнгі шерінен.
− Жетім қалған бала да бар - деп салды,
Тағы менің жүрегімді өрт шалды,
− Ол - соғыстың тастап кеткен жарасы,
Ол болмаса бір шаңырақ бос қалды!
Деді әйелім. Тез оқыған үкімдей
Тез-ақ тынды, сөз аяғын бітірмей.
Көңілімде жаутаңдады жетім көз,
Көңілімде тұрды бір құс титімдей.
Қай бір менде қайыспаған қабырға,
Бір аяныш тарап жүрек, тамырға,
Бір тәуекел тағы мені лақтырды
Түндей соқыр түк белгісіз тағдырға.
− Әкел! - дедім, кетсем керек түнеріп,
Өзіме өзім: «Сорынды...» деп жіберіп,
− Жақсы, дұрыс!» - дедім және жалма-жан
Жол алыс қой, тек дұрыстап жүрелік!
Кеттім содан буып-түйіп жүгімді.
Ерді жарым, аяндады, жүгірді.
Бірақ әсте сапарынан таңған жоқ,
Сол еңбегі - мерекесі бүгінгі.

III
Белгілі ғой. Жап-жас отау - жас мекен,
Бүгін мынау, ертең анау тапшы екен,
Жанжалыңа жан-жағында куә жоқ,
О, дариға, оңашалық жақсы екен!
Мен ондайлық рақатты бөлгем жоқ,
Сан сөне де жаздап тұрып, сенгем жоқ,
Затына да, бақытына да баланың
Бірақ әсте тіл тигізіп көргем жоқ.
Өйткені сол - өзі өсірген шыбықты,
Қай ақымақ өз қолымен жығыпты,
Рахмет, Өмір! Менің де бір еңбегім
Жер бетіне желкіл қағып шығыпты.
Туған деп жұрт, тумаған деп оттайды,
Дүниедегі көп қуаныш, көп қайғы
Кімдер ортақ, күндер ортақ, бөліссе,
Солар туыс - олар олқы соқпайды.

IV
Бұл әшейін бір тарих қой, сыр ғой бір
Өмір заңы, өркендей біл, гүлдей біл,
Я, шырағым, не қиындық шақтарда
Бұл нақылды құлағыңа ілгей жүр!
Өзіне ұрыс, енді саған ұрыспан,
Құс баласы шығуы хақ уыстан,
Менің ісім - ерлік емес шығар-ау,
Бірақ ерлік сондайлармен туысқан.
Маңдай тердің, абыройдың жанғаны,
Берген үлгі, айтқан нақыл қонғаны.
Нәсілсіз - деп сөксе - өзің кінәлі,
Көргенсіз - деп сөктірмесең болғаны!

Май 1968





Пікір жазу