09.05.2021
  177


Автор: Ғафу Қайырбеков

Белгісіз хат

(Баллада)

«Ақ білегің ұстасын да қара көзің оқысын.
Көрдім соңғы махаббаттың жанға батқан соққысын.
Көп кешігіп жолдадым мен, сол орында бармысың сен, жоқпысың?
Сен болмасаң, қадір білер, сөз бағалар
Бір пәндеге сәлемімді жолықтырсын!
Сондағы жолаушы»

I
Есінде ме, ауылыңа
Мені әкеле жаттың сен.
Қап-қараңғы жаныма
Жарықжұлдыз жақтың сен.
Осы өлкенің иесі –
Жас бұраңбел сен бе едің?
Әлде әзіңе тиесі –
Енші қонақ мен бе едім?
Еркін едің сен неткен,
Неткен ашық едің сен?!
Мені көрген сол беттен:
«Кеттік елге!» - дедің сен.
Жол бір елу шақырым,
Ойлы-қырлы лайсаң.
Қақтың діріл ақырын,
Саған қарай қисайсам.
Киіктей сұлу машин
Бұлдырап ұшпай болды қор.
Дейді шофер ашынған:
«Бұл неғылған сорлы жол!»
Бетіңе бетім тигенде,
Лау етіп дене жанғандай,
Әдепті қалпыңды именген
Түн көзі көріп қалғандай.
Ешкімде үн жоқ. Тек қана
Машина жолға мұң шағып,
Бойыма ыстық леп тарап,
Жүрегім атша тұр шауып.
Қап-қараңғы түнде де
Ақтамағың жарқырап,
Еркелейсің үндемей
Ердің еркін тартып ап.
Нелер сезім құйындап,
Жатыр екен жанында,
Барған сайын қиындап
Барған сайын жалындап?!
Бірақ ғажап сонау бір
Үнсіздікпен ұқтырдың,
Нәзік халін сол ауыр
Махаббатшыл тұтқынның.
Қозғалмадың сылқ түсіп,
Құшаққа енген қалпыңмен,
Бауырыма өрт қысып
Заулап бара жаттым мен.

II
Ертеңіне оқ тиген
Құстай ұшып түстім мен.
Соқты суық өкпемнен,
Тұрдың төніп үстімнен.
«Аға! Аға! Аға!» - деп,
Жылдам-жылдам үш айттың.
Тиді лебі жанға кеп
Түндегі ыстық құшақтың.
Алдым ашып көзімді,
Жымидың да сен тұрдың.
Тағы құртты төзімді
Шұқыршағы бетіңнің.
Қайта жұмдым көзімді
Рахаттанып, ем тауып.
Естіп қалдым сөзіңді:
«Кетті - деген - есі ауып!»
Шыбын жаның шырқырап
Тұрды осынау сөзде бір.
Неге болды тым қымбат
Бейтаныс жан, өзге өмір?
Сыр бермедім әдейі
Және бір сөз десін - деп.
Қарай берсін еңкейіп,
«Ауа берсін» есім деп.
Қандай жақсы білген күн
Жақын деген не екенін,
Өзіңді ойлап біреудің.
Көңілі азап шеккенін!

III
Мен жазылдым, сайрандап,
Бойыңа асың сіңгендей.
Сыртта бір Күн жайраңдап,
Үйде бір Күн күлгендей.
Не барлығы бір-ақ күн
Танығалы сен мені,
Көңіл деген бұлақтың
Тасығаны сол ма еді?!
Баяғыдан бірге өсіп,
Бір оттан ас ішкендей.
Жалаңаяқ құм кешіп,
Жалғыз жолға түскендей.
Сен болмасаң, дүние
Мені жаншып кетердей,
Мен болмасам, кім ие,
Саған өмір бекердей.
Алабұрттың манадан,
Үйден кісі кету мұң.
− Ән үйретші, ағажан,
Деп қасыма отырдың.
«Мен жас едім, сен маған
Жол үйретші! - дегендей,
Жүрегімді арнаған
Жаныңа ертші дегендей!»
Қалш-қалш етіп кеттім мен,
Қарысты от білегің.
Көз алмадың бетімнен,
Төзе алмадым білемін.
Жауап күтіп мазалап
Үндемедің сен мүлдем.
Өзімді өзім жазалап,
Қорлағандай болдым мен.
Әлде біреу машина
Хабарлады келді - деп.
Ұзақ тұрдың қасымда
Қара көзің мөлдіреп.
Арашалап сырқаттан
Айықтырдың дертімді.
Өліп-талып бір тапқан
Құтқарушым секілді,
Қарыздармын, қарағым! –
Дедім енді бөгелмей.
Сұрапыл бір қарадың
Көзімді әкет дегендей!
Мең-зең болып мен кеттім
Дүние аунап түскендей,
Ақ тамшысын шербеттің
Ақырғы рет ішкендей.
Жол құптаған өрендей
Ақ қайындар анталап:
«Аға! Аға!» - дегендей,
Болды маған қайталап.
− Өз-өзімнен қызғанған
Дедім қош бол шапағат! –
Шулап қалды күзгі орман
Бейне соңғы махаббат...»
Сан тарихтың бұл - бірі,
Уақыт сырын түсірген.
− Уа, адамдар тағдыры! −
Дедім, оқып ішімнен.





Пікір жазу