09.05.2021
  188


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қош Алтай, аппақ теңіз

Қош Алтай, аппақ теңіз, ару айдын,
Арман ғой сенде өткізу бәрін айдың!
Тағдырым талай жерге тап қылса да,
Жаннатты сенен өзге танымаймын.
Келді-ау бір қызығыңа сүңги бергім,
Қиянда қырық шарлап қырғи көңілім.
Ақ сәуле, қызыл арай, жасыл нұрлар
Көзімнен кетпей қойды ылғи менің.
Көрем мен түсімде де сені дәйім,
Сыбырлап сал қарағай, сері қайың,
Самалың төсегіме кіріп келіп,
Тұрады тас төбемнен төніп айың.
Сол кезде ақ шатырдан атып шығып,
Көремін су үстінде алтын шыбық.
Ай ару оңашада төмен түсіп,
Тұрғандай суға малып шашын сығып.
Содан соң тағы суды шымырлатып,
Жатады көк теңізге жұлдыз батып.
Көз жасын үнсіз жылап тауысқандай,
Бозарып жүдейді аспан түнді ұзатып.
Кеткендей дәл қасымнан қыз аттанып,
Қозғалмай әлгі орында ұзақ қалып,
Күтем мен күн күймесін алтындатқан
Атқанда таң қылаңдап, сызаттанып.
Үн келіп шығыс қанат, сонау жақтан
Әлде бір күмбірлеткен, қоңыраулатқан,
Секілді шыңнан шыңға шауып шығып,
Күн күрең тұлпарларын омыраулатқан.
Сол шақта аударылып күймесімен,
Айрылып бар қазына дүниесінен
Таулардың бастарына шашып алып,
Танғандай бақшырайып күн есінен.
Осы түс, осы сурет қабаттасып,
Сан рет арбап мені алып қашып,
«Қайдасың, қайда Алтай» деп оянармын
Жүрегім қатты соғып, қаным тасып.
Қош Алтай, әсем әнім, күй қанатым,
Бір терін маңдайының сыйлады ақын.
Сен маған осы тірлік өзің дейсің
Түбінде қимай жаным қиналатын.

Бұқтарма - Алтай.
Август 1967





Пікір жазу