09.05.2021
  299


Автор: Баубек Бұлқышев

Заман біздікі

Жаралы орыс жері, сенің топырағыңды басып жүріп келемін. Сен жаралысың. Бірақ қатардан шығып қалған жоқсың. Сен өз халқыңа еңбек сіңірудесің. Бұл қанды майданда сенің кермегенің бар ма? Саған атылмаған оқ, лақтырылмаған бомбы аз-ақ шығар. Жаратылыстың, бір мүшесі тал, қайыңдарды қараңдаршы, олар да қайғылы. Соғыстың қасіретін біраз шеккен. Көбінің аспанмен таласып тұратын бастары жоқ. Жаудың снаряды жұлып кеткен. Дегенмен бұтақтары кектеп өсіп, екі қолын сабалап ойнайтын жас балаша талпынып бас изейді. Қара жердің беті бұрынғы қалпынан өзгерген — бұжыр. Бұл неміс бомбысының ізі, жаудың қорасан ауруының соңынан болған әрекет. Бомбыдан пайда болған шұңқырлар (воронка) бітіп келе жатқан жараның аузындай кебе бастаған. Қоршаған бай табиғат қара жерге жаралы болып едім, жазыла бастадым дегенді айтқызып тұрған сияқты.


Жаз! Бір тамаша уақыт. Дүниенің ажары кіріп, әлемнің құлпыратын кезі. Ол өзінің көлеңкесін қара жерге түсіреді. Жер күлімсірейді, жер құлпырады, жер табиғаттың жібек желегін жамылып бой жасайды. Ол адамның махаббатын өзіне тартады. Оһ, бай Россия жері, сені бізден артық сүйе алатын кім бар?! Біз жауынгерлер сені сүйеміз, сен үшін біз жанымызды қиюға дайынбыз, біз әлемге қарсы аттанамыз, саған атылған оққа қарсы жүреміз. Мұның бәрі сен үшін, туған жер, біздің анамыз, табиғаттың түкті кілемі, береген Россия жері!


25 жыл сен ерікті елдің, еңбекші халықтық жері болып едің. Сен бөлінбейтін жер болып едің. Ешқандай диференциялық жіктеуді білмеп едің, саған ешбір Давид Рикорда, болмаса Андерсен, болмаса Мальтус сияқты;ір қонып түстенген жоқ еді. Біз сені «тәуір», «нашар» барғымыз жоқ. Біз сені метрлеп өлшегеніміз жоқ. Менің мейірімді береген халық ен байлықты, қара жер, ең бөлшектемей тұтасыңнан пайдаланбап па еді. Адам үшін жаратылған табиғаттың бай қазынасы сенің берекесіне береке қосып, сені қадірлеп енбекші елдің жақын досы деп есептеп едік. Біз сені сүйіп едік, біз сені қадірлеп едік, жарқын Россия жері, біздің анамыз.


Бүгін сен жаралысың, туған жер, бірақ жауға бас имейсің,. Бүгін сен кектісің, орыс табиғаты, бірақ сенің көкірегің жоғары. Сен дүниеге тәкаппарлықпен қарайсың. Сен кешегі Суворов пен Донскойдің, Кутузов пен ұлы Петрдің, Пушкин мен Некрасовтың жері екеніңді білдіресің, сен бізге өзіңнің ұлдарың жауынгер жастарға бауырмалшылдықпен қарайсың. Біз сені түсінеміз! Біз сені білеміз! Сен бізден еркіндікті, жаудан босануды тілейсің, сен өз халқыңа, өз жұртшылығыңа, біздің бауырларымызға еңбек сіңіргің келеді.


Сен 17-20 жылдары саған бостандық алып берген біздің әкелерімізге таң қалған едің. Бүгін бізге сен таң қалмайсың. Біз бейбітшілік уақытта керемет істер істедік. Бізге бүкіл дүние таң қалды, бізді әңгіме қылды. Бізді жаңа дүниенің жас құрушылары деп санады. Біз дүние жүзінің жастарының, алдыңғы қатарында болдық. Бүгін бұл жастар майданның орталық соғыс театрында гастроль беруде. Бұл жастар оған соғысының көрнекті актерлеріне айналды.


Біз, жастар, тағдырымыз сенімен байланысты екенін білеміз, туған жер! Біз сенің топырағыңмен жүріп бақытты белшемізден кешкенбіз. Өмірдің биік шыңына қол созғанбыз, адам дүниесінің сала-саласына ой жүгірткенбіз. Біз бақытты жастар едік, сенің үстінде қуанышқа батып той тойлаған күндер есте. Бүгін сенің үстіңде жаумен жағаласудамыз. Біз сенің үстіңде тудық, сенің үстіңде өстік, сенің үстіңде күреспен ақ іс үшін өлу арман емес. Мүмкін арсыз.өлім мезгілсіз уақытта қызу айқас үстінде келіп табуы, туған жер, сен сонда мақтан — менің ұлдарым анасы үшін, ақ сүті үшін күресте жанын қиды деп. Сен сонда мақтан! Менің ұлдарым дүние жүзіндегі батырлардың батыры деп! Біз мұны ақтаймыз. Сен сонда біз үшін жылама, берік, тәкаппар бол, кеудеңді жоғарыға сал.


Әлі есімде, бейбітшілік уақытта жастар қосылып алып не мектепке, не қызметке, не бақшаға қарай бет аламыз. Біз жүрген жерде әзіл, біз жүрген жерде күлкі, біз жүрген жерде ән! Қарттар үйлерінің жанында отырып, біздің сыртымыздан қуанады, бізді өздерінің мақтанышы көреді. «Шырақтарым, — дейді олар, — заман сендердікі. Күліңдер, ойнаңдар, керемет істер жасаңдар. Өмірден қапы соқпаңдар, нағыз дер кез! Нағыз уақыттарың осы кез, сендер бақытты жассыңдар. Сендер дүниеге бізді ауыстыруға келдіңдер, біз сендерге бәрін қалдырамыз, өмірдің шыңына шығыңдар», — деп батасын береді.


«Сендер де қалыспаңдар, біздің заман қарттарды қадірлейді», — деп күлкімен ілгері жылжимыз.


Біздің соңымыздан көңілді қарт жүгіріп:


«Ей, жастар! Біздің жырымыз жырланып біткен, енді сендер жырлаңдар, біз өмірден өзіміздің үлесімізді алдық, енді сендер алыңдар! Сендер өмірдің шыңына аяқ басасыңдар, ал біздің жасымыз өтіп барады, біз өмірден гөрі қабірге жақынбыз», — дейді. Біз күлкімен ілгері жүреміз.


Қарт адам өзінің күрмеуге келместей қысқа өміріне ренжиді. Ол жас болғысы келеді, ол өмір сүргісі келеді, бірақ ол 70-те. Ол енді 70 жыл жасамайтынын біледі, оған қайран 25 қайтып оралмайтыны анық. Сондықтан ол бізге заманды тапсырады, ол бізге жаңа дүниені тапсырады, ол бізге жалпақ бай Россияның жерін тапсырады.


Адам дүниесі біртіндеп әкеден балаға ауысып отырады. Өмір жолы таусылып «жасарын жасап, асарын асаған» адам адамшылығын жасап, кейінгілер мен арыздасады. Ол кейінгі ұрпақтарына дүниені тапсырады. Қарт өзінін, қолындағы ұлы постыны жасқа тапсырады, жас алады. Постының тәбілінде: адам дүниесі, заман, жер, право — өткізетін байлықтың бірінші бөліміне саналады.


Біз 20-ғасырдың 40-жылдарынын, жастары ұлы постыны жауынгерлік дәуірде алып отырмыз. Ардақты миссияны атылған оқтын, жарылған снарядтың астында қанды майданда алып отырмыз. Өзіміздің дәуірді, ұлы постыны жауынгерлік уақытта, Отан соғысының ұлы күресінде алуға тура келіп отыр. Жастар өзінің заманын қолдап жауға бере алмақ емес. Біз өзіміздің заманымызды қорғаймыз.


О, жастар! О, құрбылар! Біздің заман таласта. Үлкен қауіп біздің алдымызда. Бірақ біз өз заманымызды ешкімге бере алмаймыз. Заман біздікі. Өз заманымыз үшін жан пида. О жастар! О құрбылар! Біз келешек ұрпақтардың алдында жауапты болмайық, біз оларға бересіміз. Біз қанды майданда күреспен жеңіп алған тамаша дәуірді мақтанышпен өткізуіміз керек. Біз келешек үшін туған Ильичтің жастары екенімізді естен шығармауымыз керек.


Біз кеше ғана 20-ғасырды алтын ғасыр деп атап едік. Тек осы ғасырдың дәмін татқан жастармыз. Міне, қараңдаршы, жау алтын ғасырға оқ атуда. Алтын ғасырдың тұтас денесінде оқтың ізі. Ол ауыр соққыны бастан кешіруде. Бірақ алтын ғасырдың жастары тәкаппар, жау алдында арыстан жүректі, болат жүйкелі, көңілі көтеріңкі әрі шешімді. Алтын денесіне таңба түсіруі бар шірімейді, болат сынуы бар — майыспайды, біздің жастар өлері бар — жау алдында бас имейді...


Тыңдаңдар, менің достарым мен жауларым, бұл — біздің үн. Үн — жеңілмейтін Россия жерінің жастарының үні. Бұл ұлы күрестегі қажырлы ер жастар — Ленин комсомолының үні.


Біз — Россия жерінің иесіміз, біз оны қорғаймыз. Заман біздікі, біз ез заманымыз үшін оққа, өлімге қарсы жүреміз. Біз, жастар, кешегі алтын ғасырды қайта тұрғызамыз. Біздің орнымыз майдангерлердің алдыңғы қатарында, біз өз орнымыздамыз.


Жастар, өзіміздің заман үшін, өзіміздің жақ үшін жауға оқ атайық! Заман біздікі!


Батыс майдан 1942 ж. июнь.





Пікір жазу