Күй атасы
Жауласқан тұрақ қайда хан мен ерге,
Жөңкілген жортуылда кемеңгерге,
Қаңбақтай жел айдаған соғып кетеді
Ай сайын күй аңсаған туған елге.
Кір жуып, кіндік кескен алтын жерге,
Алыстан ат арытып келсе егерде,
Кемпір-шал, қыз-келіншек, бозбалалар
Шуласып көрісетін көрген жерде.
Байланып сүт пісірім ат белдеуге,
Ардақты Құрманғазы шықса төрге,
Екі шек бір жайлауды күйге бөлеп,
Сөйлейтін бебеу қағып пернелер де.
Осындай жортуылда бір кезеңде,
Талма түс - ауыл тыныш мезгілінде,
Үйіне қарт Нұрпейіс түсті Құрман
Кетпекке күй ауысып күйшілерге.
Келген ел көрісуге сыймады үйге,
Көз қадап, көптен құлақ тіккен күйге.
«Құреке, кәне - кәне!» - деп шуласты,
Жайғасып мұрша бермей сөйлесуге.
Халқының қалағанын немеурінге
Қалдырсын қалай күйші кешеуілге.
Құлағын кәрі жолдас бұрап алып,
Жол ашты желе жортып жөнелуге.
Айдынды аңсап ұшқан аққу шөлде,
Жеткендей талып канат жаңа көлге.
Тамылжып, тамшылап күй сұңқылдады
Жүрегін тыңдаушының сүйреп өрге.
Домбыра үн шығарып келді тілге,
Саусақтар жан бітірді күй серперге.
Серігіп, серпілген жұрт тербетіліп,
Боп қалды үдергендей күймен бірге.
− Азамат, бәрекелде, бәрекелде!
Етпеген құмар халқын күйден кенде,
Деп шалдар бас шайқасып, таңдай қағып.
Отырып жер шұқысты көлеңкеде.
Үлкендер әңгіме ғып өткен жайды,
Қынжылып еске алысты Исатайды.
Майданды от түтеген кеңескенде
Еріксіз уһілеп жұрт аһылайды.
Секілді Құрман жұлдыз көгіндегі,
Халықтың бір қамқоры ол күндегі.
Семсерін найзағайдай жарқылдатқан
Басылмай ерлік оты көгіндегі.
Айтылып әртүрлі сөз әңгімелер,
Боп қалды тарқағандай бір ауыр шер.
Жыршылар Махамбеттің жырын айтып,
Қозғады оны дағы көз көргендер.
Ел сыры емін-еркін көп айтылып,
Сөз бітіп басылмай-ақ кеңес тынып.
Сырттағы жер ошақтан түсіп қазан,
Мәжіліске араласты ет те кіріп.
Бар еді Нұрекеңнің кенже қызы,
Балдырған онға жаңа толған кезі.
Отырып үлкендердің сөзін тыңдау
Айрықша балалардың бір мінезі.
Сұңғақ бой, сұлу бейне - бүлдіршіндей,
Сым саусақ, көз ажары жанған күндей.
«Динажан, домбыра тарт!» - десе әкесі,
Жорғадай жөнелетін бір іркілмей.
Сол Дина қарт күйшіден көз айырмай,
Отырып күні бойы күйін тыңдай.
Күйшінің домбырасын ұстағанша
Ынтықты, аласұрып іштен, тынбай.
Елемей әкесі де бұрынғыдай,
Айналып әңгімеден мойын бұрмай,
Алдында ұлы күйші көріне алмай
Ашуы жас Динаның келмес мұндай.
Жабылып табақты жұрт меңгергенде,
Бірі бас, бірі жамбас өңгергенде.
Сүйеулі домбыраны жайлап алып,
Жіберді қағып-қағып Дина іргеде.
Қарасты жалт бұрылып отырған жұрт,
Құрмандай өзгелер де болды жым-жырт.
Жорғалап саусақтары отты Дина
Сынаптай ізге түскен кетті сырғып.
Деген сөз «Қайран шешем!» бебеу қақты,
Ызалы үн қос шектен шықты қатты.
Сындырып темір бұғау кісен ашып,
«Адайды» арындатты - дауылдатты.
Өзендей «Сарыарқаны» сарқыратты,
«Ақбайды» безілдетті, қалтыратты.
Күңіреніп «Көбік шашқан» үйге сыймай,
Телміріп тыңдаушылар қатып қапты.
Күй шіркін неткен ащы, неткен тәтті,
Жап-жас қыз халқын қалай таңырқатты!
Өз күйін өзі тыңдап бұғып төмен,
Құрман да күйдей терең ойға батты.
Күй тоқтап, көтергенде Құрман басты,
Құшақтап көз жасымен сүйді жасты.
«Домбырам ата мұрам бердім, балам»,
Деп сонда Динаға сыр кілтін ашты:
«Домбырам, мұрам, ал балам!
Мүлкім осы қалдырған.
Ұсынамын қолымнан
Иелік ет балдырған!
Құрманғазы кім десе,
Өмірін отқа шалдырған,
Күйімді тарт күңірентіп,
Тыңдаушысын қандырған.
Домбырам менің ырғайды,
Екі шегі тынбайды.
Пернелері қозғалып,
Бұзылмайды, сынбайды,
Аман болсаң, Динажан,
Сенімен бірге жырлайды
Серігің болсын домбырам,
Қалған саған күй мұра
Ұрпағым сенен тыңдайды!
Перне сайын тілім бар,
Екі шекте үнім бар,
Ашуым бар, мұңым бар,
Кейінгіге сырым бар.
Сақтай білсең, жан балам,
Сенімен бірге жасасып,
Жайнайтұғын түрім бар.
Қыс арылып жаз келіп,
Жайнайтұғын күн болар
Азап кетіп, бақ келіп,
Қайнайтұғын күн болар.
Өмір орнап, өлімді
Айдайтұғын күн болар.
Ән менен күй ағылып,
Сайрайтұғын күн болар.
Домбыраның құлағын
Шын бұрайтын күн болар,
Сонда сенен, Динажан,
Ұрпағым келіп алдыңа: -
Атамыздың күйін тарт! –
Деп сұрайтын күн болар.
Жүрегім мен домбырам
Қалды саған арнаулы.
Таптым жаңа несін
Көп күйшіден таңдаулы.
Күнің, қалқам, алдыңда
Туғалы тұр болжаулы.
Ұрпақтарым кенелсін
Риза болсын қартына,
Жеткізе көр сол күнге
Домбырамды, толғауды!»
Қалдырып домбырасын Дина жасқа,
Тапсырып көп ішінде аманатқа.
Қоштасып қоршап тұрған кәрі, жаспен
Қайтадан Құрманғазы отырды атқа.
Ер күйші сол кеткеннен кете барды,
Талай қыр, талай белден өте барды.
Құрмандай тыңдаушысын күйге бөлеп,
Мұрагер - жас балапан Дина қалды.
Құрманды содан кейін көрмегендер,
Күйіне көптен аңсап шөлдегендер.
Іздеп кеп жас Динадан тарар болды
Арқа, Сыр, Алатауда тұтасқан ел.
1938