Бөтелкедегі жын туралы
Келді міне меймандар
Күтіңдер де сыйлаңдар
Өтсін бір түн көңілді,
Дастарқанды жимаңдар...
Бөлме қандай жап-жарық.
Стол қандай жасаулы.
Қаздар да тұр тоңазып,
Білсең бопты асауды.
− Бастау керек, халайық,
Бөтелкеден құюдан.
Тартып - тартып алайық,
Достар үшін жиылған.
Ұмытты жұрт сол кезде
Бөтелкеде жын барын.
Ұшты тығын ілезде
Жарқ еткізді жын жалын.
Жұтты жалын меймандар,
Жымыңдасты құйғандар.
− Ішсін достар, сыйлаңдар,
Ішпегенін қинаңдар...
Соқты тынбай сағат та,
Ақты тынбай арақ та,
Көп босады шынылар,
Шыдай алмай сорапқа.
Босанған соң тығыннан,
Әр шыныдан бір жыннан –
Соқтырдым да құйынды
Дастарқанды үйірді.
Алғаннан соң ерікті
Жындар әбден желікті.
Қонақтарды түрткілеп,
Демде бәрін еліртті.
− Түртпей отыр сен мені? –
Дөп көтере кеудені.
Қожақтады бір мейман
Көршісіне тыржиған.
Ашу қысты көршіні,
Шып-шып беті тершіді.
Жын келді де сол кезде
Бүйірінен шымшыды.
− Соғайын ба тұмсықтан
− Салайын ба қақбастан!
Айтылды да сөз қысқа,
Жабылды ауыз боқтасқан.
Қызыққаның қарап қал,
Жағаласты қонақтар.
Жырлар еді дастан қып
Менен өзге таланттар.
Жаза алмадым мен олай
Достарымның «майданын»,
Деушілерге неге олай
Өзімнің бар ойларым:
Үстерінде сауыт жоқ,
Қолдарында найза жоқ,
Әдіс те жоқ, айла жоқ,
Мұндай майдан қайда жоқ?
Бола қалды оқиға
Көз тоқтатар, күрделі –
Деп сипаттап жатуға
Суреттер ғой күндегі...
Беттер біраз көгерді,
Мылжаланды мұрын да.
Екі жақтан жөнелді
Екі алтын тіс шығынға.
− Жоқ анасы түзік деп,
− Жоқ мынасы бұзық деп,
Қалғандар да қағысты,
Құлаштасып қалысты.
Еркек сайын бір жыннан,
Үй шайқалды ың-жыңнан.
Жатыр бірі қылжиған.
Отыр бірі құнжиған.
Сімерленіп таң атты,
Талай бастан қап ақты.
Үй қожасы күн шыға
Қонақтарын таратты.
− Көп ішіппіз арақты,
− Аз жеппіз ғой тамақты,
Білдірмейік пендеге,
Естісе жұрт ұят - ты, -
Деп қонақтар тарасты,
Тарарда ауыз жаласты.
Тастар болды тас бүркеп,
Түндегі итше таласты.
Жындар қайда дейсіз ғой?
Өткеннен соң түнгі «той?»
Терезені ашыпты,
Шығыпты да қашыпты.
Желпілдетіп шаштарын,
Тауға қарай қашқанын,
Біреу анық көріпті,
Көріп хабар беріпті.
Қуғыншылар аттанып,
Алатауды ақтарып,
Бар жынды ұстап алыпты,
Бөтелкеге салыпты.
Шыға алмастай қамаудан,
Тығындапты жаңадан.
Ал, достарым, байқаңдар,
Босанбасын сайтандар!
1958