09.05.2021
  192


Автор: Әбділда Тәжібаев

Алматыда түсімде

І
Жүр екенмін Алматымда түсімде,
Жанды жапырақ, жарқын гүлдер ішінде.
Жүрмін кезіп көшелерін өңімдей,
Сағыныппын, көргім келед ерінбей.
Ақ теректер сапқа әдейі тұрғандай,
Емендер де мүлгіп қапты ырғалмай.
Шуын есітем су жүгірген арықтың,
Сылдырына, сыр - мұңына қанықпын.
Бұлт мұнардан сел шайғандай аршылып,
Ақ сүңгідей көк аспанға шаншылып.
Алатау тұр Жамбылындай жалғанның,
Бейнесіндей биіктегі арманның.
Келем - келем, жүріп келем ерінбей,
Бәрі таныс, түсім емес, өңімдей.
Ән салады оқып кайтқан балалар,
Қарсы алады қалқаштарын аналар.
Жайлауындай көшпелі елдің кешегі,
Жайылады кейде сиыр көшеде.
Ақ тауықты кәнден қуып барады,
Қызыл әтеш әрең, демін алады...


Күн де батты, келем әлі тынбастан,
Бөгелместен, бір кідіріп тұрмастан.
Бойлап көше шамдар маздап жағылды,
Қақпалар да ұзақ түнге жабылды.
Біздің достар бастады өлең, жырларын,
Ұрпақтарға арнап шабыт сырларын.
Күн шыққанша олар тыным алмайды,
Ырғақтарды, ұйқастарды шарлайды.
Қақсам екен қайсысының есігін?
Ренжімес сұраған соң кешірім,
Деп ойымда көңілдене келемін,
Еске түсіп ескірген кей өлеңім.
О, ғажайып!
Не сұмдыққа ұрындым!
Келген еді енді ғана бұрылғым.
Шап берді кеп екі қара кенеттен,
Байқай қалдым қанжар жүзін дір еткен!
Солады деп мұндайды кім ойлапты?
Дәл кеудемде қанжарларын бойлатты.
Түстім құлап, топырақ қауып жатырмын,
Әкетті олар шыбын жанын ақынның...

ІІІ
Таныс қабыр талай жақын көмілген,
Соңғы рет күн нұр себеді көгімнен.
Тар табытта бетім ашық жатырмын,
Естіп қалам өксігенін жақынның.
Ыңырана кеп азалы күп басылды,
Шешендердің сөзіне жол ашылды.
Білем: кәзір тұрмастай қып көмеді,
Достар сөзін естіп қалғым келеді.
Бірақ, олар сөйлер емес қайғыдан,
Қандай ауыр қимасынан айрылған.
Тұр достарым өкініште егіле,
Кеуделері көз жасына көміле.
«Бастар бірі шешендердің бар шығар.
Қызып алса қызыл тілді қамшылар...»
Дегенімше - ақ... бастап бірі жөнелді
Жалтылдатты сөзбен ғажап өнерді...
Кімдер бұлар мені осынша мақтаған?
Көп қатемнен бір қатемді таппаған.
Таныс үндер, тыныстарын сеземін,
Өртенеді от түскендей өзегім.
Тоқта, тоқта! Енді міні таныдым,
Ұқсатамын ентігіп дем алуын.
Осы екеуі жанымды алған, құлатқан,
Осы екеуі оркестрді жылатқан!
Өлтіргендер сөз сөйлеп тұр басымда,
Дәрменсізбін көрден шыға қашуға.
«О, ағайын!» дей беріп ем дауыстап,
Кетіп қаппын Алматымнан алыстап.

1955





Пікір жазу