09.05.2021
  164


Автор: Әбділда Тәжібаев

Дәужан ойлары

− Біздің Жәмен пысық қой,
Біздің Жәмен шебер - ау,
Жамағаны жаңадай,
Мұнысы да өнер - ау!
Жуған кірі шатырдай.
Аппақ бола қалады,
Жым-жырт қана отырмай,
Жайлап ән де салады... –
Деп бір ойлап қояды
Кейде Дәужан ішінен.
Жамалына ұнайды
Өзі де еткен ісімен.
Жері қандай баптаулы,
Біте қалды еккені,
Атып қолмен атпаны
Судан кенде етпеді.
Ақ тауықтар көбейді
Үй маңында жайылған,
Әтеш қандай көмейлі
Әнін әсем қайырған!
Қызыл сиыр кемедей,
Сүтті қандай береді!
Жануардың желіні
Жерді сызып келеді.
Жатар бір күн тартылып
Қозының да көгені.
Бірақ басқа Дәужанның
Көрсем екен дегені.
Көрсей дейді үйімде
Тербелгенін бесіктің. –
Нәрестенің үнін де
Келеді ерте есіткім.
Жасар едім жақсы той,
Шақырар ем Ленинді,
Нәрестемнің атын қой,
Көр дер едім жерімді.
Әттең, қолы тимейді - ау
Біздің тойға келуге,
Құрдасының үйінде
Алар еді-ау демін де...

1960





Пікір жазу