Сыр жырлары
I
Осы менің Сырым не еткен бақытты!
Тіпті босқа өткізбепті уақытты.
Әбділдаға арта беріп қарттықты,
Өзі жастық құндағында жатыпты.
Сырым менің, Сырым менің - сырласым
Секілді едің бала күнгі құрдасым.
Ойнаушы едім ағысыңмен алысып,
Алып қашқан әпкешімнің сырғасын.
Сырым менің, Сырым менің - сырласым
Алған сенен сырдай терең жыр басын.
Ұшырғансың Алатауға мені өзің,
Деп биіктен Әбділдашым шырқасын.
Шырқадым ба, шырқай алмай жаттым ба,
Таппадым ба, өз үнімді таптым ба?
Қайтем оны қазір, достар, сөз етіп,
Айтар өзі әділ жұртым уақытында.
Тындырғаным:өлгенім жоқ тірімін,
Елудегі егделердің бірімін.
Азайған жоқ әлі бойдан қызуым,
Бастағам жоқ әлі шалдар ырымын.
II
Кемітеді Сырымды
Сарыарқалық былай деп:
− Жауыны жоқ, желі көп,
Тұра алмас ем бір ай деп.
Кемітеді Сырымды
Сарыарқалық былай деп:
− Масасы көп, шаңы көп,
Сырдариясы ылай деп.
Бір жылыңа бермес ем,
Мен Сырымның бір айын.
Сағынамын көрмесем
Шаңы менен ылайын.
III
Кейде түске кіреді
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін
Нағашы атам таяғын.
Жүгіремін жағалап
Сырдың жайпақ жағасын
Кәрі көзбен сығалап
Қарар маған нағашым.
Тарап сіңір қолымен
Қардай аппақ сақалын,
Қарағаны мейіріммен
Қандай қызық атаның.
Бірде қуып жүремін
Шіркейі мен шыбынын,
Айдап бірде жүремін
Нағашымның шығырын.
Өз дариям - өзенім,
Өзім өскен мекенім,
Суын кешіп кетемін,
Шаңын кешіп кетемін...
Кейде түске кіреді
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін
Нағашы атам таяғын.
IV
Ауырады табаным,
Шеңгел, сені көргенде;
Талай жұғып жас қаным
Қалған сенің шөңгеңде.
Ойға түссе өткен күн
Бір күй толқыр кеудемде.
Бұрынғы аты ол күйдің:
Болатұғын «Шерменде».
Кетемін мен кідірмей
Өткен қайғы, шерлерге:
Жата берсін білінбей
Кілті берік кеудемде...
Босайды екен көңілің
Туған жерге келгенде:
Көрініп тұр жып-жылы
Көп тырнаған шеңгел де.
V
Қосып Сырға сағынышын ақынның
Жүзіп келе, жүзіп келе жатырмын.
Жастан қалған әдеті ғой баланың.
Ылай судан жұтып - жұтып аламын.
«Болғың келсе ұзақ жасап, өмірлі,
Сүргің келсе қызық дәурен көңілді.
Көбірек түс, Сыр суына, түсе бер,
Көбірек іш Сыр ылайын, іше бер»,
Дейтін маған бала күнде нағашым,
Мақтай жүріп Сырдың көгал жағасын.
Қосып Сырға сағынышын ақынның
Жүзіп келе, жүзіп келе жатырмын.
VI
− Құс аулауға шығамысың?
− Шығамын.
− Атқаныңды жығамысың?
− Жығамын.
− Мә, мылтығым, атамысың?
− Атамын.
− Сен атып қайт,
− Мен дем алып жатамын.
− Құсың қайда, қарағым - ау?
− Атпадым.
− Таппадың ба тоғайдан құс?
− Таппадым.
− Көп еді ғой көлде де құс...
− Көп екен.
− Неге атпадың?
− Түк дәлелім жоқ екен.
− Атуға сен қимадың ба?
− Қимадым.
Туған жердің құстарын да сыйладым.
VII
Көп жылдармен өткізген соң арасын,
Туған жерге оралып бір барасың.
Жас күндегі сәби құрбыларыңды
Кәрілерден іздеп әрең табасың.
Келеді әне күліп бір шал қарсы алып,
Тұрмын қарап үнсіз ғана тамсанып.
Осы менің бала күнгі құрдасым,
Осы менің жігіт күнгі сырласым.
Түсін қара, тісін қара өзінің?
Қызыл еті қалыңдапты көзінің,
Қоңқақ мұрнын қолмен біреу көтеріп,
Созыңқырап кеткен сынды езуін.
Бір жылатпай жібермейтін соққанын,
Жас шақтағы шатақ құмар сотқарым.
Алдымда тұр шаршап қайтқан аңшыдай
Айдалаға атып-атып оқтарын.
− Сотқармысың?
− Сотқарыңмын кешегі.
− Бала едік – ау
− Бәрі соның кеше еді
− Сүрт көзіңді
− Қайда келіп қалғанбыз?
− Жас өседі, кәрі әрдайым өшеді.
Сүрт көзіңді деппін оған суланған,
Күлген болам кісідей-ақ қуланған.
Өз көңілімді қайтсем екен қиналған,
Өз көзімді қайтсем екен буланған?
VIII
Көп жылдармен өткізген соң арасын,
Туған жерге оралып бір барасың,
Алар күтіп әжелер де алдыңнан
Арқалаған баласының баласын.
Көрейін деп бала күнгі сырласын,
Келеді әне кемпірден бір құрдасым,
Есіме алдым елестетіп жастағы
Көк шыбықтай солқылдаған тұлғасын.
Десе достар - әнді Еркетай шырқасын,
Күлуші еді керіңкіреп бір қасын.
Шығушы еді сыңғырлатып шашбауын,
Сылдыр-сылдыр, сылдырлатып сырғасын.
Қандай еді, қандай еді Еркешім!
Атқан аппақ, таңдай еді Еркешім.
Туғандай еді әдейі арнап шешесі
Жандырсын деп, жігіт жанын өртесін.
Бір кездегі балапан қыз:- балдырған,
Ынтықтырған талайды естен тандырған,
Алдымда тұр әже атанып сол Еркеш,
Жастық көркін жырақтарға қалдырған.
− Еркемісің?
− Еркемін ғой кешегі.
− Жас едік - ау,
− Кеше ғана кеше еді,
− Сүрт көзіңді,
− Әйелдік қой әншейін..,
− Біз өшкенмен, ұрпағымыз өседі.
Сүрт көзіңді деппін оған суланған,
Күлген болам кісідей-ақ қуланған.
Өз көңілімді қайтсем екен қиналған,
Өз көзімді қайтсем екен буланған?
1959