08.05.2021
  170


Автор: Әбділда Тәжібаев

Бетпе-бет

Міне, сәулем, өзің келдің.
Жан бауырым, Күлжамал,
Екі бетің қызарған ба?
Ұялудың ізі бар.
Келші бермен, қалқатайым,
Көздің нұры, жүрегім.
Ой туғызды сыры терең,
Жазған, маған тілегін,
Жаңа өмірге талпынғаның,
Жаным маған емес жат.
Әйтсе дағы сенен, сәулем,
Бөлек тұру қиын-ақ.
Бірге тұрып, бірге өскен соң,
Көңілді ой бөледі.
Қуанышқа кенелсем де
Көзімнен жас келеді.
Жас шықса да екі көзден
Жан бауырым, Күлжамал,
Бұл мұңайып емес жылау
Суланарлық орамал.
Бұл әншейін бірге туған,
Жақындықтың белгісі,
Әйтпегенде бақыт тойын,
Келмес кімнің көргісі.
Көрем, жаным, қызығыңды,
Басқарамын тойыңды.
Бар жолдасты шақырамын,
Көрсетемін ойынды.
Комсомолка құрбыларың,
Келсін, қалқам бауырым.
Көрсетейік жаңа жылда
Жаңа тойдың тәуірін.
Жаңа жылда жасқа толған,
Жан бауырым, Күлжамал
Жаңа өмірге аттанғаның,
Ақындарға жыр болар.
«Жаңа жылда жарға шықты,
Комсомолка дәрігер,
Күш күтеді Күлжамалдан,
Саулық сүйген қалың ел» -
Деп шырқаса пионерлер
Өміріңе тіл берсе,
Той қызығы ақындарға
Лирикалы сыр берсе,
Одан артық айтшы, күнім,
Ағаң үшін не керек.
Тойға, сәулем, әзірленем
Өткіземін тезірек.





Пікір жазу