08.05.2021
  241


Автор: Әбділда Тәжібаев

Көрісу

Аманбысың, қарындас,
Аманбысың Күлжамал
Әлі менде сақтаулы,
Өзің берген орамал.
Көптен бері кездеспей,
Жат болмасам мен саған.
Қолыңды бер, қарындас,
Көрісейік, қалқажан.
Әлі менде сақтаулы,
Алған сенен орамал.
Орамалда ертегі,
Ескі сырдың ізі бар.
Ерінбейін, сәулешім,
Сол сырды айтып көрейін.
Думаныңа, тойыңа,
Жырлап, жаным, берейін.
Қыс ызғарлы боран ед,
Есіңде ме, қарындас.
Соғушы еді үскірік,
Боранымен аралас.
Сол жылы бір үйіңе,
Жолым түсіп қонып ем.
Қайғыменен қан жұтқан
Шешеңді де көріп ем.
Шешең сорлы сыр айтып,
Төгіп еді тілден зар.
Деп еді жалғыз қызыма
Құда түсті кәрі шал.
«Содан бері қызымда
Ауыр қасірет, қайғы бар.
Содан бері жылауда,
Мұңды қызым Күлжамал».
Білем, әлі есімде,
Сол қыз сен ғой, Күлжамал.
Содан бері сақтаулы,
Сенен алған орамал.
Түсің солғын, көзің жас,
Жас жүрегің өрт еді.
Жаның жүдеу жаралы,
Бойың ауыр дерт еді.
Есіткен соң жайыңды,
Mен де сендей күйіп ем.
Күңіреніп ем, қалқажан,
Көз жасыңды сүйіп ем.
Кетерімде қош дедім,
Қалдың «қош» деп, Күлжамал.
Содан бері сақтаулы
Өзің берген орамал.
Келер жылы күз еді,
Күйдірмейтін көкте күн.
Орман жүдеу жалаңаш.
Көз ұшында көк түтін.
Жайған кілем секілді,
Жерге түскен жапырақ.
Бұтақтарда дәрмен жоқ,
Суық өткен қалтырап.
Сол кезде бір орманға,
Жолым түсіп кірдім мен.
Отын шапқан орманнан,
Қарындасты көрдім мен.
Сол қарындас, Күлжамал,
Есіңде ме, сен едің.
Қара орманда кездесіп,
Сыр алысқан мен едім.
Жылап жүріп, қалқашым,
Жалғыз отын шаптың - ау!
Қара орманда қайғыңды,
Қалқам, маған шақтың - ау!
Санаменен сарғайып,
Сәулем, жүдеу тарттың - ау.
Бойды басқан отындай,
Ойға дертті арттың - ау!
Құда түскен қу шалға.
Әкем оңбас дедің - ау,
Тірі болсам қақбас шал,
Жарым болмас, дедің - ау!
Қош бол! дедік қол создық,
Отын алып кеттің - ау,
Мен де жылап, жасымды,
Орамалға төктім - ау,
Сонда сенің мұңыңды,
Үйреніп ед қоңыр жел.
Сонда сенің, зарыңа
Күйіп еді қалың ел.
Сонда сендей мұңданып
Зарлаушы еді домбыра,
Қара орманды күңірентіп,
Аңыраушы еді домбыра.
Сәулем, сені бір кезде,
Су басында көрдім - ау,
«Тағдыр» дедім қайғыны,
Амалсыздан көндім - ау.
Қос қолыңда шелегің,
Жайлап баяу келдің - ау,
Жылап аққан өзенді,
Жылай тұрып көрдің - ау.
Мөлдір өзен шетіне,
Су алуға төндің - ау,
Мылқау мөлдір өзенді,
Көз жасыңа көмдің - ау!
Су басында ыңырсып,
Өлең айтып бердің - ау!
Қалың қара шашыңды,
Жасқа жуып өрдің - ау!
Жас сүйегің майысып,
Қос шелекпен кеттің-ау,
Мен де жылап жасымды
Орамалға төктім - ау.
Сонда сенің мұңыңды,
Үйреніп ед қоңыр жел,
Сонда сенің зарыңа
Күйіп еді қалың ел.
Сонда сендей мұңданып,
Зарлаушы еді домбыра.
Суға шағып арманын,
Аңыраушы еді домбыра.
* * *
Бүгін тағы кездестім,
Қарындасым Күлжамал!
Жасыл гүлдей жайқалып,
Жаңартыпсың орамал.
Түсің жарқын, көзің от,
Өзгеріпсің, Күлжамал
Түссін енді музейге
Мендегі ескі орамал.
Енді бүгін зарланып,
Аңырамайды домбыра.
Жас сүртетін орамал,
Қалған еді адыра.
Бүгін, сәулем, көзіңнен,
Күннің нұрын көремін.
Енді саған өлместей
Өлең жазып беремін.
Қайғы менен қан жұтқан –
Қазақ қызы, Күлжамал
Бүгін ұшқыш аспанда,
Тартқан жаңа орамал.
Бұдан артық ақынға
Айтшы, сәулем, не қымбат?
Қалсын енді адыра –
Кір кимешек, ескі салт!
Кел ұшайық, қалқажан,
Көрсін бізді бар әлем.
Көрсін бізді жер жаһан
Бостандықтың көгінен!

1935





Пікір жазу