Қарлығаш
Бір шофер қарындасқа
Аспан айлы, түн тынық,
Қоңыр салқын самал жел.
Көрінбейді көк жиек
Түнгі ұйқыда белес, бел.
Ай астында жатыр жол,
Жолдың шеті талай жер.
Ұзақ жолдың шетіне
Соққан желдей зуылдап,
Кімдер екен жеткендер.
Түнде жортқан колонна,
Оятты тауды қалғыған.
Дүбірлетті даланы,
Күн шықпай-ақ, атпай таң.
Қусырылды қашқан жол, -
Жатса дағы шұбалаң.
Сол колонна алдында
Жарқын шофер Қарлығаш,
Үздік озған, бастаған.
Моторы ма, өзі ме,
Кім екен шырқап ән салған?
Электр ме, көзі ме,
Жарқыраған, от жанған?
Әйтеуір жол тым жазық,
Емес енді шұбалаң.
Заула, жүйткі, автокар1,
Заулат, сұлу қалқажан.
Көздің шырын аларсың,
Айда, сәулем қарындас.
Машинаңа су ішкіз,
Моторының мауқын бас,
Жететін жерге жетейік,
Атқан таңмен аралас.
Айда, бауырым Қарлығаш,
Заулат, қалқам, сүмбіл шаш
Көздің шырын аларсың,
Айда, сәулем қарындас.
Соқсын менің жүрегім,
Моторыңмен аралас.
Сен талдырмас қанатым,
Сүйген сені мен ақын,
Тербетейік терең жыр,
Үн қосайық, екі жас.
1933