Арыс құмы
Бурыл құм бұйраланған Арыс құмы,
Сандықтай текшеленген қызыл шыңы,
Арда өскен ойнақ, салып аңдары бар,
Күңіренткен құм арасын ыңы - жыңы.
Қалықтап қаршығасы өрлеп көкті
Құйылған бүркіт ертпей атқан оқты,
Құздарда жалпылдаған үкі де бар,
Ұшатын түн жамылып көзі отты.
Судырап сұлу селеу сұрғылт тартып,
Жымиып қияқ шөпке мойнын артып
Жасырып көлегейлеп құмның бетін
Түсірмей күн сәулесін сырттан шарпып.
Жырада тобылғылар қызыл қандай,
Сыланып, сылаң қағып сызылғандай,
Жел тұрса сыбдыр қағып күбірлесер,
Күңіреніп кейде көңілі бұзылғандай.
Ырғалған көрікті ыраң, ыққа мүлгіп,
Тұрғандай жасыл жусан ойға сүңгіп.
Әр жерде көкке ұмтылып ұзын қурай,
Желменен ызылдайды мұңын жыр ғып.
Қылының бұлаң қағып меруерт суы,
Таңменен көтеріліп күміс буы.
Құяры көлшік болып, құрақ өсіп,
Күй тартар түрлі құстың қосқан шуы.
Мінекей, сол ортада Арыс тұзы,
Жалтырап сәулеленіп ашық жүзі.
Емсе де, күннің лебін ерімейді, -
От жанған шілдеде де айна мұзы.
Бурыл құм бұйраланған Арыс құмы,
Сандықтай текшеленген қызыл шыңы.
Орнамақ, өнерлі еңбек, өнім өнбек,
Күңірентіп құм арасын ыңы - жыңы.
1928