Құрдастар
I
Гүлжан мен Нұржан маған құрдас еді.
Бірге өскен екеуі де сырлас еді.
Панасыз интернатқа бірге кірген,
Жетімек жеті жастан мұңдас еді.
Есігін аштық бірге интернаттың
Нұржанмен тар төсекте бірге жаттым.
Гүлжанмен бір партада бірге отырып,
Бірлесіп кітаптың да бетін аштым.
Апырмай, бұларды мен қалай таптым,
Қалайша тіріліп мен қанат қақтым!
Жанымды осы екеуі жылытты да,
Жаураған үмітімнің отын жақты.
Достасып үш балапан кеттік демде,
Үш туыс дейтін болды біз жөнінде.
Бірге өскен егіз гүлдей Гүлжан, Нұржан,
Жарасып жатты менің жас кеудемде.
Аязда бірге тондық, дірілдедік,
Шуақта бір жылындық, күлімдедік.
Әнді де өлеңменен бірге жаттап,
Үшеуміз бір алманы бөліп жедік.
Қайқы бас томарланған көн етік пен,
Жалаңаш етімізге кидік шекпен.
Күш беріп уақыт бізге, өсе бердік,
Ән салсақ бір көшені дірілдеткен.
Күз етті, қыс та өтті, келді көктем,
Күн жетті ұл ұлғайып, қыз бой жеткен.
Бозбала, бойжеткен қыз өстік қатар
Ән салсақ бір қаланы дірілдеткен.
Гүлжанның әлі есімде он бес жасы:
Төгілген өкшесіне қолаң шашы.
Сәулелі екі көзі - екі жұлдыз,
Иілген екі садақ - екі қасы.
Бір қызық көңілденіп күлімдесе,
Көргем жоқ ондай күлкі бүгінгеше.
Жанары жазығы жоқ нәрестедей,
Ғажайып кеудесі сәл дірілдесе.
Талдырмаш орта бойлы, үлкен көзді,
Ауыспас алай-түлей бір мінезді,
Береді ойнағанға ойлап жауап,
Сөйлейді таңдап - таңдап айтар сөзді.
Ұялса қызарады, үндемейді,
Ешкімді өз қатарлы күндемейді.
Кең пейілі құрбысына кешірімді,
Өшігіп өкпе айтпайды, кірлемейді.
Аңғарғыш қас-қабағын жан жолдастың,
Қуанар көңілін тапса, әрбір жастың.
Сенгенге сескенбейтін сезімі ашық,
Сүймейтін жеңіл сөзін қалжыңбастың.
Еткенін көрген жоқпын іші тарлық
Жақпайтын жанына оның сөз құмарлық
Достардан түгін Гүлжан аямайтын,
Бойында болса қасиет ұсынарлық..
Ол қанша ұстаса да берік өзін,
Аңғардық кейінірек бір мінезін.
Жаутаңдап жалтақ қағып іздейді екен,
Нұржаннан айыра алмай екі көзін.
Көрінбей қалса Нұржан іздегенде
Ажары солғын тартып қыздың демде,
Жуасып, жүдеу тартып қалады екен,
Күлкісі көзіндегі сөніп мүлде...
Әзілмен әшекейлеп сөздерімді
Нұржанға айттым осы сезгенімді.
Білмеймін қысылды ма, қымсынды ма,
Қызарып беті де өңі өзгерілді.
Несі бар бұл Нұржанның қыз қаларлық,
Сағынып сәл көрмесе қызғанарлық!
Дедім де құрдасыма қарай бердім,
Сүйкімді сезілетін көзін аңдып.
Байқадым, енді аңғардым достың түрін,
Мен қалай сезбегенмін бұдан бұрын.
Жүзінде нәзік сәуле толқыны бар,
Жанында жылылық бар бір жасырын.
Сүйкімді - ақ сеніп оның қарағаны,
Өзіңді өзіне дос санағаны,
Көңіліне көзіндегі нұры ауысып,
Бойыңа мол қуаныш таралады.
Сезімтал, тыңдағанда әрі сергек,
Сөйлесе елірмейді қолын сермеп,
Жас үні жарықшақсыз жұмсақ қана,
Айтуға тырысады сөзін өңдеп.
Қайратты қатарынан алысқанда,
Есесін жібермейді жарысқанда,
Аузы ауыр, қысылса да, сырға сараң,
Сасқанын сездірмейді таныстарға.
Аштым мен құрдасымның ішкі сырын,
Көзінен таныр болдым көңіл мұңын.
Ол - дағы жасырмады айтты бәрін,
Болған соң бір туғандай ең жақыным.
Екеуі мені көрсе ұялшақтап,
Бірікпей бес-алты күн жүрді алшақ,
Одан соң қол ұстасып келіп қатар
Жас досқа жалғыз қалған қосылды аңсап.
Ұқпадым жаным сонда неге ауырды,
Өзімді аздап қана сездім мұңды.
Әлде мен әсем қызды қызғандым ба,
Әйтеуір бір қобалжу аңғарылды.
Алдау жоқ, арбау да жоқ арамызда,
Сәл кірбің қалмақ қалай санамызда!
Сырғанап үш дос тағы кеттік тартып,
Міндік те уақыт деген шанамызға.
Он жылдық сөйтіп жүріп оқу бітті,
Тарайтын интернаттан мерзім жетті.
Қоштастық періштедей балалықпен,
Іздеуге болашақтан сый-құрметті.
Мен кеттім жолын қуып ақындықтың,
Ұзамай Алматыдан бір-ақ шықтым.
Екі дос жұбын жазбай бірге аттанды,
Көтеріп жарық отын жақсы үміттің.
Екеуі бірге оқыды институтте
Кетпеді бірін тастап бірі шетке.
Екеуі мұғалім боп бір бітіріп
Қызметке бірге кетті - бір мектепке.
Бір тілші, бір тарихшы - қос мұғалім,
Той жасап қосылғанын етті мәлім.
Сауығын сол бір кештің мен басқардым,
Қызығын қызықтадым жеткенше әлім.
– Құйыңдар, о достарым, тоқталмаңдар,
Бұл тойда бар да арманда, жоқ та арманда
Алыңдар, интернаттың жетімдері,
Міндетін сәби достық атқарғандар!
Алыңдар, интернаттың жетімдері,
Білсін жұрт жетімдердің жетілгенін.
Жанымды жарқыратқан қуанышқа,
Көз жасым жанып тұрған келіп менің».
Нұржан мен Гүлжан отыр қол ұстасқан,
Қызығып көз алмаймыз екі жастан.
Естимін бірге соққан қос жүректі,
Сеземін ыстық демін араласқан.
Тарқады той ләззәтін татқан халық,
Жарығы келер күннің тұр тақалып.
Қалдырдық оңашада екі жасты
Арналған ақ некеге төсек салып.
Бүгінге де, ертеңге жауаптымыз,
Көп ырғалып жүруге уақыт тығыз.
Үлкендіктің бастаймыз салтын бүгін,
Қош дейміз де кешегі жігіт пен қыз.
Қанден иттің қалмайды күшіктігі,
Мақтамаймын қазақтың пысықтығын,
Жастық деген бұл дәурен рас болса,
Жету керек биікке ұшып бүгін.
Жолбарысша жортып қал жас дәуренде,
Жақсы атағың таралып кетсін демде.
Жалын атып, жарқыным, бықсымай жан,
Беттесуге алдыңа жұрт келгенде.
Екі досым іздемей жеңілдікті,
Әзірленді, жұмысқа бірге шықты.
Алғашқы рет беттесіп шәкірттермен
Алғашқы рет ұстаздық ашты бетті.
«Ағай» болып атанды Нұржан бүгін,
Ағалықтың иыққа салды жүгін.
Қайтіп қана сыйламақ сені шәкірт
Тұра алмасаң тік басып өзің мығым.
Қазағының ұқтырып дәстүр, салтын,
Қызықтырып мақтады ерлік даңқын.
Оқушылар елігіп тыңдап қапты,
Тамашалап әр шәкірт туған халқын.
Қазақ деген мырза екен беруге де,
Достар үшін ырза екен өлуге де.
Серттескенде сынғанша тұрады екен,
Әзір екен жалтақсыз сенуге де.
Жақсы ағада болмапты көңіл тарлық,
Халық аузымен қарғалған бақ құмарлық.
Үлкен-кіші бас шұлғып тынып қапты,
Адал айтар әділ жан берсе жарлық.
Қорлық болып саналған ұрлық-қарлық,
Кемітпеген жігітті сөз ұғарлық.
Қара жүрек опасыз деп атапты,
Жүргендерді жақсының ізін аңдып.
Деп тарихшы бастады шәкірттерге,
Баурап, билеп барлығың алды демде.
Ұя сала бастады жарық ойлар,
Мөлдір, жылы жастардың көкірегінде.
«Апай» болып атанды Гүлжанымыз
Тоқтар енді онымен қылжағымыз.
Қазақ тілін айтатын айғағындай,
Жатты алдында жайылып жырларымыз.
– Өз жыры бар, әр елдің өз сыры бар,
Өз әні бар, әр елдің өз тілі бар.
Адал жаны халқымның атанады,
Өз тілінің қасиетін ұғушылар.
Деп бастады Гүлжан да өз сабағын,
Ел мен тілдің аңғартты болашағын,
Ұстаздықтың бастады салтын бүгін,
Кешегіге қалдырып бала шағын.
Ай өтті, ай артынан жылдар өтті,
Апырмай, уақыт қалай жылдам өтті.
Он бес пен жиырманың екі арасы,
Түлкідей бір көрінген бұлғаң етті.
Гүлжан, Нұржан уақытпен санасқан жоқ,
Уақыт санау оларға жарасқан жоқ.
Қыстан жазға ауысты, жаздан күзге
Барар жолы мектептен әрі асқан жоқ.
Барар жолы мектептен әрі асқан жоқ,
Осы жолдан екеуі адасқан жоқ.
Тірліктерін арнады жас ұрпаққа,
Одан өзге түкке олар таласқан жоқ.
Ақ кар менен ағын су сан ауысты,
Жасыл жапырақ сарғайып талай түсті.
Ұядағы көктемгі балапан да,
Күз келгенде қиқулап құс боп ұшты.
Өмірдің де ауысқыш қыс пен жазы,
Өзгеріссіз тұрмайды көңіл сазы.
Жайма-шуақ күндерде соқса боран,
Оны бөгер адамның бар ма ылажы...
Біздің де жазымызда соқты дауыл,
Тас-талқанға килікті тыныш дәуір.
Я өлуге, я жауды өлтіруге,
Совет халқы кірісті соғысқа ауыр.
Белін буды қазақ та, мылтық алды,
Кеудесінде кек деген от тұтанды.
Жамбыл деген шалдары ту көтеріп,
Ұрпағына «Аттан!» деп қиқу салды.
Қайда менің кешегі сырластарым,
Соларды айтып бастайын сыр дастанын.
Бір-ақ күнде түп-түгел қаруланып,
Қан майданға аттанды құрдастарым.
Жөнелді әне шұбырған эшелондар,
Майысады эшелон жүрген жолдар.
Бәрі соның өзімнің құрдастарым,
– Құрдастардың, я тәңірім, жолын оңғар.
Қайғы-қасірет бұл соғыс ала келді,
Отаныма өрт, әлем сала келді.
Жас құрсағы томпайған Гүлжаным да
Нұржанынан жаутаңдап қала берді.
Эшелондар асты екен қанша белес,
Өшкен оттың орнында жанады елес.
Жас құрсағы томпайған Гүлжантайы,
Алдында тұр, Нұржанның, қалар емес,
II
Жалыны деревняның басылған жоқ,
Жаңа қар өрттің орнын жасырған жоқ.
Еменнің тірілері тұр қасқайып,
Жауына жақындаған бас ұрған жоқ.
Түнімен жаудың соққан зеңбірегі,
Өртегендей көрінген жерді тегіс.
Таңға жақын тып-тыныш бола қалды,
Сілкіндірмей, шулатпай қара орманды.
Беті үсіген қарайып, мұрны үсіген,
Тоңғақтығы кем емес бір кісіден,
Осы ортада Нұржан жүр автоматты,
Құрбылардың өзіндей үлгісімен.
Танысқанға қуанған құрбысымен,
Ұстайды өзін құрбының үлгісімен.
Әдеті ғой қазақтың үйреншікті,
Бірді таңдап алатын мың кісіден.
Тауыпты ол Төлеген Тоқтаровты,
Бір-біріне сырларын ақтарыпты.
Екеуінің қаруы бірге атылып,
Бір мезгілде тыншыса тоқталыпты.
Тыңдапты ол Төлеген Тоқтаровты,
Тоқтаровқа талай сыр ақтарыпты,
Келіншегім қалды деп үйде жүкті,
Аздап қана жас досқа мақтаныпты.
Кеткен көшіп кешелер, селодан жұрт.
Полк шегініп бекінген кейін жылжып.
Түндегі атқан немістің зеңбірегі
Тоқтағалы бұл өңір жатыр жым-жырт.
Бар болғаны үркердей бір топ батыр,
Әр жігіті жолбарыс жүзге татыр.
Полк әмірімен түнде кеп, үш бөлініп,
Жаудың жолын бөгеуге күтіп жатыр.
Нұржан мен Тоқтаров бір тоқталып,
Жау жолында жатты олар бірге оқталып.
Көздеріне елестеп туған өлке,
Естерінен шықпайды туған халық.
Жас дәурен жарқыраған, ыстық өмір,
Алысты жақындатқан ұшқыр көңіл.
Томпайған жас құрсағы Гүлжантайы,
Нұржанның күлімсіреп алдында тұр.
Дейді ол - асығайын, хат жазайын,
Өткізсін өте сақ боп ақырғы айын.
Күтінсін, суық тиіп ауырмасын,
Жүрмесін құлап қалып жазатайым...
Дегенше гүрілдеген жетті сарын,
Кім білген келе жатқан жаудың санын
Көп танкі күн шыққанша өте берді,
Борандай бұрқыратып жолдың қарын.
Шұбырып шықты ілесе өңшең жаяу,
Екпінді жүрістері, емес баяу.
Қалың қол қару асқан, қаптай басқан,
Қозғалған қалың сеңдей келді таяу.
– Нұреке, бізге міне келді кезек,
Болмайды оқ тізгінін енді тежеп.
Алды мен, орта шенін өзің байла,
Ұшқынын отты кектің аямай сеп!
Әмірін орындайық полковниктің,
Енді біз көрінейік жаудан мықты,
Сақ ұстан, өлмеуге де күш салайық,
Тым ерте жоғалтпайық туған жұртты.
Полковник қуанады тірі барсақ,
Кім айтпақ біздің жайды мұнда қалсақ!
Орманның перісіндей ойнайық бір,
Тырайып өле қалмай оқтан жаңсақ.
Алдын мен, орта шенін өзің байла,
Жауды өлтір, өзің бірақ өлмеуді ойла.
Жаңылма траншейді бойлағанда,
Алаңға шықпауды да қатты абайла.
– Ал, кеттік! - деп Төлеген сөз қысқартты,
Нұржан да автоматын басып бақты,
Ілезде орман іші кетті шулап,
Тастақ жол қар жамылған қанға батты.
Жарыса сақылдаған он автомат,
Құдайдың қамшысындай кетті сабап.
Жолдағы қалың қолға тудырды үрей,
Алғандай жан-жағынан түгел қамап.
Жөнелді үсті-үстіне гранаттар,
Жеткендей сезді достар бір мұратқа.
Он минут жау есінен қалды танып,
Жарқылдап жарылғанда жанған оттар.
– Орманның перісіндей ойнайық бір,
Дегенін ер Төлеген орындап жүр.
Жүгіріп бір орыннан бір орынға,
Екі дос кең орманға салды дүбір.
Жалт етіп бір көрініс жоқ болады,
Жалт еткен жерден сонда оқ борады,
Нұржанын тосып кейде алу үшін,
Окопты бойлай барып тоқталады.
Достары жолдың арғы бетіндегі,
Олар да оқтың нағыз өтінде еді.
Бәсеңдеп бірте-бірте атыстары,
Сезілді семсерлердің кетілгені.
Жау есін жинаған соң оқ боратты,
Қаһарын пулеметтер төкті қатты.
Жолдың екі жағасын отқа көміп,
Жаяулар да еңбектеп келе жатты.
– Нұреке, алаңдама енді кейін,
Бұл жерде тұра алмаймыз көпке дейін.
Оқ бітті, өзіміз де қалдық сиреп,
Орманмен енді екеуміз шегінейік.
Деді де автоматтан төкті тағы,
Бұқтырды қуғандарды оқ бұршағы.
Екеуі жаудың алдын кезек бөгеп,
Қалыңға тақай берді жақындағы.
Төлеген шайқалып қап қулап түсті,
Бір соққы дәл қарсыдан соқты күшті.
Қараса батыр досы қан боп жатыр,
Нұржанның жаны ышқынып зәресі ұшты.
Екеуін бір-ақ турап атқандардың,
Қасына жетіп барды жатқан жанның.
– Жау оғы іштен тиді, біттім, досым,
Қош бол... кет... Төлегеннің тілері осы...
Деді де ер Төлеген жоғалтты есін,
Өлімнің кім біледі ерте - кешін.
Арқалап Нұржан дереу жөнелді алып,
Солдаттың суымаған жас денесін.
Бір солдат арқалаған бір солдатты,
Орманды шиыр сала аралапты
Артына айналып бір қарамапты,
Тек қана қан бояған ізі қапты.
Топшыдан өзін де жау жаралапты,
Бірақ ол шығынға оны санамапты,
Ертерек есім барда жетейін деп...
Туралап теріскейге бір-ақ тартты...
Келеді өжет Нұржан құламастан,
Көзіне жас алмастан, жыламастан.
Несіне бекерге өксіп әуре болсын,
Зарына жан жоқ болса құлақ асқан.
Тек кейде күбірлейді Төлегені,
Мәлімсіз бірақ оның не дегені.
Жалынып «қалдыр» дейтін шығар өзін,
Жоқ оның қазір басқа ұғар сөзі.
– Жоқ, баурым, сені жалғыз қалдырмаймын,
Қолымнан жауға сені алдырмаймын.
Екеуміз өлсек, досым, бірге өлеміз,
Қойнына туған жердің бірге енеміз...
Бір солдат арқалаған бір солдатты,
Теңселіп, тер сорғалап келе жатты.
Жаралы жаны ашулы жолбарыстай,
Ақ қарда қып-қызыл қан ізі жатты.
Кім білсін бұл жолаушы жүрді қанша,
Шіркін-ай, аз тоқталса, сусындаса...
Әл кіріп әжептәуір болар ма еді,
Аз ғана көзін ілсе, демін алса...
– Тоқтасам қайта ілгері баса алмаймын,
Әл кетіп екі қолдан осалдаймын.
Жантайсам тұра алмаймын қайта орнымнан,
Жұмылсам көзімді де аша алмаймын...
Тілерім - тек жүрегім тоқталмасын,
Соқпасын басымнан кеп сұм қорғасын.
Бойыма күшпен қайрат қосады өзі,
Кеудемді кернеп тұрған кек пен ашу.
Тоқтаров тоқта деме, алаңдатпа,
Тоқтатпа жүрегіңді сақта, сақта.
Полковник бізді, әнеки, күтіп отыр,
Күтіп тұр дивизия бізді сапта.
Тоқтаров, тоқтауымды етпе талап,
Қалғаны жетер жолда қару-жарақ.
Болғаны құламасам қанға бөгіп,
Жеткізем Алтайға да сені арқалап.
Арқалап Алтайға да жеткіземін,
Еділден, Ертістен де өткіземін.
Күтіп тұр алдымызда дивизия,
Жақынбыз.міне солай бет түзедім.
Бауырым, жүрегіңді тоқтатпашы,
Ағаңды жылатпашы, жоқтатпашы...
Апырмай арқам неге салқын тартты,
Көзімнің неге осынша ақты жасы!..
Бауырым, деміңді алшы, тоқтамасын...
Не болмақ байғұс жүрек соқпағасын.
Жас достар бізді іздеген келеді әне,
Бір ғана қарап қалшы көзіңді ашып.
Аққан қан, төгілген тер шыдатпады,
Өксіді шошынған жан жылап тағы.
Жігітті оқ пен қайғы қатар соқса,
Сындырып оңай-ақ қой құлатпағы.
Құлады солдат, күші сарқылды да,
Сезбеді ыстықты да, салқынды да.
Гүлжаны бір елестеп кетті алыстап,
Нұржаны жатты қарда алқынды да.
III
Жылағанды көп көрдім, көп шошындым,
Кешіп жүрмін өзенін қайғы-мұңның.
Күнде оқимын өксіген қара қағаз,
Күнде естимін хабарын соғыс сұмның.
Жаным шошып қайғыдан қашамын мен,
Ұзақ жолдан қуаныш тосамын мен.
Жоқтау айтқан үйлерге жуи алмай,
Тыныш үйдің есігін ашамын мен.
Құтылмадым қашсам да қорқыныштан,
Суық хабар соғып тұр барлық тұстан.
Шаншулаған жанымыз жадап-жүдеп,
Әлсіз жарық күтеміз тіпті алыстан.
Бір жаз өтті, тағы да бір қыс өтті,
Күркіретіп аспанын көктем жетті.
Өзен тасып, көлдердің суы шалқып,
Жасыл құрақ жалауын желбіретті.
Аз ғана ашаң жүзін әжім басқан,
Тотыққан жел мен күннен түсі қашқан.
Желкеге қара шашын түйіп тастап,
Өмірге белшесінен араласқан.
Гүлжан жүр жарап алған жас жігіттей,
Күні жоқ күдер үзген жақсы үміттен.
Мектептің бар жұмысын басқарады,
Бір мезгіл демін алмай, кезек күтпей.
Намыс, жігер, жақсы үміт жан қанаты,
Жігерсіздің сәл нәрсе қанағаты.
Құмарлығың өмірге жетпей жатса,
Босқа ыбырсу болмақшы оның аты.
Қараңдаршы Гүлжанға шығыңдар да,
Сабақ берді. Одан соң тыным бар ма
Балалармен тағы да қалды бірге,
Тракторшы болуға шұғылданған...
Арбаны да айдады трактордай
Қимылдады, құлшынды, құр отырмай,
Мектеп маңы еңбекпен жатты қайнап,
Жаялықтай қалған жоқ жер жыртылмай.
Картобы да егілді, жүгерісі,
Жылдағыдай мектептің түгел ісі.
Он еркектің орынын басады екен,
Бір әйелдің Гүлжандай жігерлісі.
Ұмытпайды үйдегі бөбегін де,
Кешікпейді бөбегі емерінде.
Жуып-шайса үйінен кетерінде
Отын ала қайтады келерінде.
Сірескен түн, аспалы жанады шам.
Үнсіздік. Соғыстан жоқ титтей нышан,
Сәл ұйықтаған Гүлжаным қайта оянып,
Отырады оңаша атқанша таң.
Ән жатыр ұланы бесігінде,
Нұржан өзі жазыпты есімін де.
Төлеген деп мұның да қойыпты атын,
Тағы да бір жас солдат өсіруге.
Әр келіншек аңсаса өз солдатын,
Сүйеді екен суретін жандай жақын.
Я болмаса қайталап оқиды екен,
Солдатының соңғы бір жазған хатын.
Міне сол хат жазылған тіпті асығыс,
Сыздым депті кезімде алған тыныс.
Пайдаланып босанған титтей кезді,
Айта берген аузына түскен сөзді:
«...жасап келем солдаттың қатарында,
Сен де барсың ойымда жатарымда.
Нәрестемді ойлаймын ішіңдегі,
Жауға бір оқ жаңадай атарымда.
Жауға бір оқ жанадан атарымда,
Жолдастардың тұрамын қатарында.
Ұмытпаймын сөзіңді «жаным» деген,
Өзің берген сөздерің батаның да.
Жасап тірі жүргенде Отанымда,
Бірге басып достардың қатарында.
Оққа қарсы ұмтылмай от боп жанып,
Окопта мен құнжиып жатамын ба!
Күнде кешіп жалынды, шоқ басамын,
Күнде кешке күнменен қоштасамын.
Тыңдап жүрем түсімде сәл ұйықтасам,
Шертіп тартқан көршінің «Қос басарын».
Тағдырыма ырзамын, қарғамаймын,
Өзге тағдыр осыдан талғамаймын.
Алып өлсем болыпты жауымнан кек,
Жас кеттім деп шағынып зарламаймын.
Кім өтпеген дүниеден бәрі де өткен,
Қыршын жас пен Шашты Әзіз кәрі де еткен.
Мен де өтермін дүниеден мезгіл жетсе,
Көз сала алмай көгерген әрірекке...
Тек өтпесем болғаны түк тындырмай,
Масқара ғой бос сынсам жауымды ұрмай.
Көз алдында елестеп күндегідей,
Жатсам бопты жадында ұмытылмай...»
Отыр Гүлжан қолында хат - қағаздар,
Ой дегенің жел үрген шоқша маздар,
Келер күндер кескіні қандай екен,
Өтер екен қанша қыс, қанша жаздар!
Не бар ауыр сарғайып сағынғаннан,
Не күтесің алдағыш сағымдардан,
Барыңменен базар боп жатқан жақсы,
Белгісізге бас ұрып жалынғаннан.
Ой - бір шұңқыр түбі жоқ бойлатпайтын,
Сұмдығы жоқ шіркіннің ойлатпайтын.
Кейде үмітің жап-жарық тұрған жанып,
Алады екен зәреңді сөне қалып...
О, ғажайып не деген таңғажайып!
Жадау көңіл ілезде кетті байып,
Көзін ашқан Төлеген күліп қана
Шешесіне қарайды қолын жайып...
Жарқырайды екі күн - екі көзде,
Қанша жылу таралып кетті ілезде.
Сәл жымиып күлгені нәрестенің,
Сәуле жағып жіберді көңілімізге.
Жамылғысын бетінен жұлып бала,
Қарап еді әлемге күліп қана.
Ағаштардың тамырына қан жүгіріп,
Шешек атты бусанған жібіп дала.
Нәрестелер жарқырап күнмен бірге,
Сөнбес жарық жағады туған жерге,
Нәрестемен қосылып ән туады,
Жыр туады жарастық бұл өмірге.
Айналайын, ұрпағым - бөпешімнен,
Айналайын қызымнан бөпе есірген.
Бөпем өзің жапанды жаңғыртарсың,
Өссең бірге аман боп көкешіңмен.
Барлық қайрат-жігерін жиып алып,
Барлық уайым, қайғысын түйіп алып,
Ақ сүтімен бөпесін тойындырып,
Қанғанынша өзі де сүйіп алып.
Тұрды қайта шашыраған күнмен бірге,
Жап-жарық боп мектепке тұра жүрді.
Гүлжантайдың сөзінен сеп алатын,
Мұңлы аналар сыртынан қарап тұрды.
Бірін сүйіп, құшақтап енді бірін,
Рахатқа кенелтті шәкірттерін.
Туған елін мадақтап, туған тілін,
Оқып берді дәлелге Абай жырын.
Босаған соң сабақтан шықты ақырын,
Жүрді жаяу кемінде бес шақырым,
Сауыншылар алдында күндегідей,
Суреттеді соғыстың сұрапылын...
«Әттең ғана» деп кейде тістенеді,
Жүкті болып қалмасам өстер ме едім.
Нұржанменен майданға бірге кетіп,
Мен де еркектей бір ерлік істер едім.
Көтеремін бір өзім бір пулемет,
Маған қазір түк те емес ауыр еңбек,
Ұлым есіп болғанша қара табан,
Жүремін де жеңілді етіп ермек.
Содан кейін кетемін сұранам да,
Жүре алмаймын жан сақтап бұралаңда.
Өрт майданның өзіне кірем барып,
Жағаласпай жауыммен тұра алам ба!»
Қаны қашқан жүзінің қуқылданған,
Екі көзі ызадан от боп жанған.
Ашу буған дауысы дірілдейді,
Қос жұдырығын тастай қып түйіп алған.
Сәл кідіріп булығып демін алды,
Көрмеп едім мұндайда мен Гүлжанды,
Басып көзін бұрылып жүре берді,
Тыңдағандар үн-түнсіз тұрып қалды.
Әр келіншек аңсаса өз солдатын,
Сүйеді екен суретін жандай жақын.
Я болмаса қайталап оқиды екен,
Солдатының тағы бір жазған хатын.
Міне сол хат жазылған тіпті асығыс
Сыздым депті мезгілде алған тыныс.
Пайдаланып босанған титтей кезді,
Айта берген аузына түскен сөзді:
«Қалқашым, мен тірімін, қатардамын,
Өмірімнің тағы көрдім атар таңын.
Ажалмен айқастым да өлмей қалдым,
Бар екен әлі менің татар дәмім.
Жан досым Төлегенге оқ дарыпты,
Жүрегі қанға батқан тоқталыпты.
Арқалап ала қашып кетсем – дағы
Қалыппын құтқара алмай Тоқтаровты.
Арқалап Төлегенді жалғыз қалып,
Қансырап жатқанымда жолда талып,
Солдаттар госпитальға өткізіпті,
Айырып өлген достан мені апарып.
«Көміпті қазақтың сол жас ұланын,
Ғажап бір жігіті еді жаны жалын.
Жүз жауға жалғыз өзі тиюші еді,
Қалқандай тосып оққа омырауын.
Айқайлап жүгіргенде ұран тастап,
Достарды әкететін еріксіз бастап.
Кейде ол дивизия шегінгенде
Аз қолмен тоқтататын жауды жасқап.
Айрылдық сол аяулы жолбарыстан,
Алтайдың қыраны еді талмай ұшқан.
Секілді аққан жұлдыз өтті, кетті,
Қараймыз бейнесіне енді алыстан.
Қош, қалқам, жігітіңді жеңіспен күт,
Алдында әсем сәуле жанады үміт.
Кішкене Төкешімнің бетінен сүй,
Күдіктің қайғы әкелген бәрін ұмыт».
IV
Жазып алып жарасын иіндегі,
Нұржан тағы сауыққан күйінде еді.
Госпитальмен қоштасып түсті жолға,
Арқалаған түйінін, киімдерін.
Жазып алып жарасын иіндегі,
Түсті жолға арқалап түйіндерін.
Жолдың екі жағынан көреді анық,
Жау қаруы мола боп үйілгенін.
«Айқай, дүние, ай дүние, неткен қызық,
Арманына тірлікте жеткен қызық.
Бірде жарқын бұл дүние, бірде салқын,
Талайлардың арманын кеткен бұзып.
Кеше ғана шегіндік, мұз жастандық,
Демімізді қорлықтан әзер алдық.
Денемізбен апаттың жолын байлап,
Астананы қырғынға бермей қалдық.
Енді бүгін батысқа тартып келем,
Ертеңіме зор үміт артып келем.
Дивизиям барады жауымды айдап,
Қуанғаннан қоямын айтып та өлең.
Жүгірейін тақымым бір жазылсын,
Жүгіре алмас бүкшеңнің күні құрсын.
Жаны тола солдаттың гулеген күй,
Көлденеңдер ұқпаған қайдан білсін.
Арқам Мәскеу, баратын алдым Берлин,
Жүгіретін күніме жаңа келдім.
Жеңімпаз боп тұрайын ортасында,
Желкесіне су кеткен немістердің».
Деп жүгірді құрдасым, көп жүгірді,
Достарының тобына қайта кірді.
Дивизия қақпасын айқара ашып,
Полковникке шаттығын айта кірді.
– Мен сауықтым, әзірмін, балтадаймын,
Тасқа салсаң, тартынбай жаңқалаймын.
Керек десең өзіңді арқалаймын.
Қиынға сал, полковник, қолқалаймын.
Қиынға сал, полковник, қолқалаймын,
Ажалды да мен өзім балталаймын.
Тоқтаровтың болғанша қанын алып,
Кегім менің бойымнан тарқамайды...
Содан кейін көрген жоқ Нұржан дамыл,
Жұрттан бұрын тұрады шықса дабыл.
Жұрттан бұрын жүгіріп жетеді ол
Соға қалса табанда бір сұрапыл.
Қанша жұмыс жасады ол «тілге» кетіп,
Қанша фриц әкелді ол түнделетіп,
Тоқты соққан қасқырдай отырады
Кек маздаған кездері жалт-жұлт етіп.
Шығып алып окоптан сан жүгірді,
Құйынынан бомбаның сан жығылды.
Жығылса да жатпады, қайта тұрды,
«Алға!» - лаған ұранын айта тұрды.
Кірді қанша айқасқа кескілескен,
Пышақтасқан, тістескен, тепкілескен.
Айрылмады жұлғанша құлақтардан,
Айрылмады өлтірмей алса өңештен.
Талай рет өзі әрең өлмей қапты,
Талай жұдырық шекеден соқты қатты.
Талай жауды жайратып үлгірді де.
Үлгірмеген жерде өзі жайрап жатты.
Сонда да ол тіріліп көзін ашты,
Көзін ашып тағы да жалын шашты.
Қан мен терден сүртініп тазармай-ақ,
Қалың өртке қайтадан араласты...
Даусы ғана қарлыққан шаннан жұтқан,
Ашан тартқан жүзі де қарауытқан.
Тыншыр кезде жатады моп-момақан
Белгісі жоқ ерекше қалған жұрттан.
Сәл босаса жабысып қаламына,
Ыңылдап бір әуенге салады да,
«Айналайын» деп бастап жазады хат,
Жолдап сәлем жарының жауабына:
«Айналайын, қалайсың, сау жүрмісің!
Құлынымды бір сүйші менің үшін.
Құлынымды бір сүйсең менің үшін
Деп сүйгейсің көкесі келуі үшін.
Кеш ғана қанымыз аққан жерде,
Жол жағалай қабырымыз жатқан жерде.
Кеше ғана жау біздің аналарды,
Балаларды ермекке атқан жерде.
Біз келеміз немісті айдап малдай,
Бүгін жаудың бықсиды оты жанбай.
Күншығыстан келеміз күнбатысқа,
От көтерген әлемге зор құдайдай.
Қолымызда от қамшы - жалын қамшы
От қамшымен келеміз жауды жаншып.
Біз жандырған соғыста «жолбарыстар»
Дал-дал болып, жолдарда жатыр қаңсып.
Біз босатқан орманда сайрады құс,
Бал аралар бастады жаңа жұмыс.
Бұтақтағы тиіндер түсті жерге,
Болмаған соң қорқытар бөгде дыбыс.
Жараланған емендер көтерді бас,
Күнге тосып кеудесін, жайды құлаш,
Балғын - жасыл жапырағын жайған күнге,
Ақ қайыңы орыстың қандай жуас.
Мен де келем жаяулап, мен де келем,
Кейде көңілім сені ойлап етеді елең.
Атыс тоқтап, жау қашып тыншығанда,
Жұбатамын өзімді айтып өлең.
Су да кешіп, кезінде от та кешіп,
Үйренген соң ажалмен көп беттесіп.
Әлім, өмір күресте ит жығыс боп,
Жүреді екен екеуі кезектесіп.
Мен де келем өліммен кезектесіп,
Жеңсем өсіп, жеңілсем қалам өшіп.
– Аман қайту соғыстан жараспайды,
– Бірдеңеңді беріп кет маған кесіп.
Тым болмаса беріп қайт аяғыңды,
Үйренерсің таяққа таянуды.
Қалаймысың әлде сен, шіркін қазақ,
Қызыл қанға тұрмастай боялуды.
Деп қалмайды сонымнан ажал менің,
Күнде ескертіп алдымнан тосар жерін.
Көнбей оған, қасарып келем мен де,
Келер күнге қалдырып әңгімені».
Даусы ғана қарлыққан шаңнан жұтқан,
Ашаң тартқан жүзі де қарауытқан.
Хат жазып боп жатады моп-момақан,
Белгісі жоқ ерекше өзге жұрттан.
Тек ерекше ойланып, толғанғаны,
Тез болса деп тілейді ойға алғаны.
Көкірегінде күйігі жатыр жанып,
Кешірмейді жауының ойрандарын!
Жан жарасы жазылмай байланғалы,
Семсеріндей сезімі қайралғалы,
Көкірегінде күйігі жатыр жанып,
Кешірмейді жауының ойрандарын!
«Күнде Ілгері басқаным бір қуаныш,
Қуып жауды қанша біз кеттік алыс.
«Алға!» достар, басындар, жүгіріңдер
Қамшылайды жанымды отты намыс!»
Дейтін Нұржан бір күні кілт кідірді,
Темір жаңқа тізеден бір-ақ ұрды.
Сәл шайқалып қалды да жығылмастан,
Көк жиекке ынтыға қарап тұрды.
Көк жиекке қарады, көзін жұмды,
Түсті құлап, дауыл ой судай тынды.
Ерні сұп-сұр кезеріп, жатты сұлап,
Арманның да жалауы бір жығылды.
Өтпей Нұржан тоқтады Днепрден
Қош айтысты қан кешкен отты күнмен.
Бір аяғын майданда қалдырды да,
Емделуге алысқа кетті мүлдем.
Ата болып атанған Нұржан бүгін,
Аталықтың арқаға салды жүгін
Ақсай басып жұмысқа келеді ол
Жүректің де сездірмей осалдығын.
Сықырлайды сәл ғана резеңке аяқ,
(Ұстамайды сонда да менше таяқ)
Тыжырынып қалады әнтек қана,
Қолтығынан сүйесе біреу аяп.
Лифт күтпей, көрінбей жарымжандай,
Көтеріліп барады ол cay адамдай.
Лекциясын тұп-тура бастап кетті,
Мезгілінен бір минут кейін қалмай.
Қазағының баяндап дәстүр, салтын,
Соғыстағы көтерді ерлік даңқын.
Жырдай айтып ерлігін Тоқтаровтың,
Студенттер алдында тұрды жарқын...
– Жігіт болсаң ерлердің қанын ақта,
Жатып жеме, тым оңай мақтау таппа.
Өзіңе-өзің сенуге жүрексінбе,
Намысың мен арыңды арзандатпа, -
Деп тамамдап алаулы әңгімесін,
Алып көзден әдемі пешенесін.
Келген жолмен профессор қайта оралып,
Өткізеді көңілді үйде кешін.
Оқиды ол, жазады, дамыл көрмей,
Өсек пенен өтірікке көңіл бермей,
Шаршағанда ойнатып немересін,
Өткізеді мезгілін бос жібермей.
Депутат боп, ол рас, сайланған жоқ,
Жалтағына ешкімнің айналған жоқ.
Қанжары боп ешкімнің қайралған жоқ,
Жағайын деп ешкімге ойланған жоқ.
«Күнде таңым жарқырап атарында,
Тұрса бопты Гүлжаным қатарымда.
Аман жүрсе Гүлжаным қатарымда,
Жасай берем қызыққа батамын да!..»
Деп ойлайды, басқа оның арманы жоқ,
Сезімі мен сөзінің жалғаны жоқ.
Бұл өмірге ол барының берді бәрін.
Артығырақ өзгеден алғаны жоқ.
Артығырақ алғаны резеңке аяқ,
(Ұстамайды сонда да менше таяқ).
Тыжырынып қалады әнтек қана,
Қолтығынан сүйесе біреу аяп.