Жол бойында
Бірінші жыр
Бұл не деген Сарыарқам мол дүние,
Қазақ бұған боп келген қалай ие!
Теріскейге көктемі кеп қонып жатса,
Түстігінде сарғайған шөбі күйіп.
Кеңістіктің шегі жоқ көз жетерлік,
Жортқан сайын жаныңа толады ерлік.
Кең далада көсіліп атқа шауып,
Кең далада ән салған қандай өрлік.
Деп келемін ішімнен, таңданамын,
Суретіне тоймаймын кең даланың.
Бозторғайлар құяды құлағыма,
Қыз күнінде әжемнің салған әнін.
Ортасында осындай кең даланың
Тар боламын қалайша, кем боламын?
Атам қазақ болған соң анам дала,
Сілкінбеуге бүркіт боп арланамын.
Бір қалыңдап ырысы, бір жұқарып,
Бір шабылып қылышы, бір мұқалып.
Осы дала қойнында қан соқта боп,
Бұл күніне қазағым жеткен халық.
Қараңғыны қасарып бұзып-жарып,
Қиналғанда қылышын тасқа жанып.
Қызыл туын Лениннің қолына алып
Жарық күнге қазағым жеткен халық.
Қалың тұман ішінен шыға шапқан,
Қып-қызыл шоқ шашыратқан көк болаттан,
Найзағайдай жалтылдап Аманкелді,
Сол ғой әне қол бастап келе жатқан.
Уақыт өтсе адам өтеді екен,
Оқиғалар алыстап кетеді екен,
Тыңдай алсаң жаныңмен, жүрегіңмен,
Өткен күннің үндері жетеді екен.
Тағала аттың шапқаны тастақпенен,
Бара жатқан секілді бастап мені,
Әлдекімнің жан даусы, ащы айқайды,
Шақырады дамылсыз қақсап мені.
Сыңғырлаған есітемін семсер үнін,
Сынған болат қалды әне тістеп тілін.
Бір жаралы соңғы рет күрсінді де,
Сыпырылып атынан түсті ақырын.
Бәрін бағып келемін, өстім бәрін:
Көш қоршауы тербейді қыздың әнін.
Қайда апарып соқтырып кетер екен,
Жол қуалай шұбырған бұл ойларым...
Бұлттарыма қызығам аспандаған,
Бүгін жақын секілді аспан маған,
Әбекем деп қарайды жып-жылы боп,
Қасым айтқан жолдағы тастар маған.
Көп еді ғой жырларым басталмаған,
Өлең тілеп үңілер жастар маған.
Анау ұшып баратқан көп тырналар,
Кетер ме екен бір әнді тастап маған...
Кетсеңдерші бір жырды тастап маған...
От толқынын өзімше жасқа арнаған.
Көктің сөзін жерде мен қайталайын,
Ырза болсын сыр күткен достар маған.
Қандай қызық жолдағы белестерім,
Сезіп келем бір қоңыр жел ескенін,
Жеңіл сағым жібектей бұлдыраса,
Көз алдыма келеді елес менің.
Елестеген ән екен белестегі,
Маған бұрын осылар көмескі еді.
Боз інгенді боздаған сағым жұтса,
Бота жылап қалатын емес пе еді.
Бота деп ем есіме түйе түсті,
Жануарға жүрегім ие түсті.
Ана жылы түйемен тасығанбыз,
Қарсақбайда қорытқан жез бен мысты.
Түйе деген жануар киелі екен
Шапағаты қазаққа тиеді екен.
«Бозінген» деп күй тартса біздің қазақ
Ботақансыз түйесі иеді екен.
Түйе деген жануар киелі екен,
Жүнін қазақ шекпен қып киеді екен,
Көшер болса қазағым атқа қонып.
Барлық жүгін түйеге үйеді екен.
Түйесіне ол киелі малым депті,
Осы малдан садаға жаным депті.
Палуандарын атапты атаным деп,
Жігіттерін аяулы нарым депті.
Ең биігі қазақтың нар болыпты,
Ойсылқара сиынса жар болыпты.
Түйесі өлсе қазақтың белі сынып,
Кең дүние лезде тар болыпты...
Қандай қызық жолдағы белестерім,
Сезіп келем бір қоңыр жел ескенін.
Жеңіл сағым алыстан бұлдырласа,
Көз алдымнан өтеді елес менің.
Екінші жыр
Ой деген бір қызық қой ойлай білсең,
Қиялыңмен жарысып ойнай білсең,
Көңіл деген көгершін қағар қанат,
Сәулесіне жарықтың бойлай білсең.
Жерім қандай, жап – жарық, о, ғажайып!
Жүрегімді жұмсақ жел өтті шайып.
Күн де өзімнің дүнием, шөбім, суым
Жаратылған бәрі де маған лайық.
Бір қызығы жерімнің жусан екен,
Жылқым жатып жусанда жусар екен...
Бір жүйрікке жел жетпес мініп алып,
Қиялымның ақ құсын қусам ба екен.
Жылқы десе қаламын бір елеңдеп,
Бойым ширап, тартады ойым сергек.
«Волгаменен» заулатып келе жатып,
Әңгімеге етемін жылқыны ермек.
Жылқыменен бірге өскен жұртым менің,
Мінсем тұлпар, қанатым - жылқым менің.
Жайлауымда шұрқырап жылқы өспесе
Жоғалыпты ұйқым мен күлкім менің.
Арқан тастап ұстаған қашағанды,
Жігіт - ақ деп мақтаймыз жас адамды
Желі бойлап жатқанда құлындарым
Ырғалар деп көргем жоқ босағамды.
Жел жетпес деп атадым жүйрігімді,
Жүйрік мінсем білмедім илігуді.
Қаршығаммен жарысып кете бардым,
Сұлу қыздан сұрауға сыйлығымды.
Жылқы сырын мен дағы ерте білдім,
Жарыстырдым жүйрікпен ертегімді.
Домбыра алсам боз жорғам ырғалақтап,
Кең даламда шайқалған күй төгілді.
Жаратпадым жақынмен қинасқанды,
Жүйрік мініп іздедім сыйластарды.
Қос шектен «Боз жорғам» төгілгенде,
Кең даламда сыймайтын би басталды.
Жүйрік мінсем жұлқынып, қайнап қаным
Арқыраған асауды ойнатқанмын.
Ақбоз атпен ақ бұлтқа қашқан қызды,
Қуып жетіп сырымды сонда айтқанмын.
Үшінші жыр
Келіп қалдым тағы да Жидебайға,
Жидебайда жүргем жоқ тіпті жайға.
Қарауылдың басынан қарап тұрған,
Сәлем бердім иіліп ұлы Абайға.
Абай көзін тастап тұр алыстарға,
Шырайында бояу бар намыстанған.
Қатқыл сөйлеп қазір де ұрысқалы тұр,
Екеуара жұлысып алысқанға.
Ыржаңдаған кәрінің керегі не,
Қалады ғой ап-арзан өледі де.
Күнде ұрысатын Абайдың өзі жақсы,
Ақыл қосқан ашуы өнеріме.
Мен қайсар боп өзімше өскен едім,
Сонда - дағы Абайдан сескенемін.
Бұл не қылған өлмейтін ғажайып жан,
Бастап отыр әлі өзі өскен елін.
Мен деппін - ау, кім едім, мен дейтұғын,
Айта саппын бiр сөзді сенбейтұғын.
Әуезовтың өзі де қымсынады,
Тірі жанның ырқына көнбейтұғын.
Қарауылдың басында ұлы ақын тұр,
Күнге бізден ол ақын тым жақын тұр.
Жиырмасыншы ғасырдың жас ұрпағы
Аяғының астына төгіпті гүл.
Гүл төккендер шулап жүр күліп-ойнап,
Жаз келгенін кең жайлау жатыр тойлап.
Жарыс күнін жастардың жариялап,
Байланыпты сырыққа қызыл байрақ.
Бастады ойын жас қыздар кекілділер,
Балапаны аққудың секілділер.
Допты тастап жіберді кәрзеңкеге,
Бір бойшаң қыз жеп-жеңіл секірді де.
Аты Айғаным, меңі бар оң бетінде,
Сәл-ақ қапты солқылдап ер жетуге.
Кешке сол қыз шырылдап бір ән айтты
Ондай әнші жоқ шығар жер бетінде...
Ортасында қайнаған қалың елдің
Ертеңінде сол қызды тағы көрдім.
Ескерткішін Еңліктің жастар салған,
Келген жұртқа алыстан айтып берді.
– Құрбан болған Еңлікке қыршын жаста
Қар басына ескерткіш салдық тастан.
Махаббаттың ерлігін қасиеттеп
Осы болды арнаған біздің дастан.
Төртінші жыр
Мен Көкшені, ағайын, араладым,
Көрдім талай көлдердің жағаларын.
Шығамын деп тіркескен тауларына
Тастақ жолда атымды тағаладым.
Адам қызық тоймайтын әсерлерге,
Қуану да, жылау да әсер берген.
Кейде қорқып қарайсың биіктерге,
Кейде күліп қарайсың бәсеңдерге.
Көрдім талай бұлақтың сағаларын,
Қонып кетіп жүріпті бабаларым.
Тау мен көлді аралап жаңғырып жүр,
Ән шырқаған дауысы ағалардың.
Қара жердің қыртысы қандай семіз,
Аппақ күннің астында жасыл теңіз.
Комбайндар күтіп түр өз кезегін,
Жарыса бір түспекші сарғайса егін.
Элеватор аспанға созып мойнын,
Кең дүниеге қарайды ашып қойнын.
Күнге қызыл жалауын көтереді,
Хабарлауға қызығын қырман тойдың.
Ал, ағайын, келіңдер қырман тойға,
Алтын дала бетінде күліп-ойна.
Келеді әне сол тойға Ақан серің,
Көрдіңдер ме бусанған Құлагерін.
Ат қосады, алады бәйгесін ол,
Бәйге алмаса Ақанның қайғысы мол,
Аттың басын тарта шап, ей, балақай,
Озып кетпей Ақаннан тәртіпті бол!
Жел бағатын, әркімнің арам асын,
Топқа кіріп үйренген жағаласып,
Батыраш пен қотыраштар аңдаусызда,
Тағы кетіп жүрмесін араласып.
Күзетіңдер Ақанның ән мен сәнін,
Жарқырата жағыңдар түнде шамын.
Құлагері бәйгеден озып келіп,
Қызығын бір көрсінші тамашаның.
Қыздар қайда, жігіттер, қыздар қайда,
Қондырыңдар серіні қызыл шайға.
Бибігүл мен Розалар алтын шапан
Жаппаушы ма ед Ақанға осындайда
Бесінші жыр
«Ар жағында Ертістің көрдім сені,
Қайық қылып сырғаңды өткіз мені»
Деген екен әндеткен ерке жігіт,
Сұлу қызға жан сырын жеткізгелі.
Сол бір уақыт кеш пе еді, ерте ме еді,
Қызға жігіт қалайша еркеледі!
Қыздың алтын сырғасын қайық еткен,
Осы жігіт не қылған еркем еді.
Алтын сырға дегені алтын қайық
Алтын қайық жігітке қандай лайық.
Жарқын жүзі Ертістің толқып кетіп,
Қос боздаққа құшағын қалды жайып.
Мына жігіт не қылған қасиетті
Құдіретіне бар тірлік бас иетін.
Қолтығынан Ертістің іліп алып,
Сарыарқаға жөнелді бұрып бетті.
Ертіс кетіп барады жас жігітпен,
Қалың қазақ қарап тұр жонда күткен.
Жүзіп өрге жөнелді сұлу бикеш,
Құлақтағы сырғасын қайық еткен.
«Сылдыр-сылдыр қамысқа сырғам түсті,
Сырласпаған жат елге апам түсті.
Апам үшін қабырғам қайысады,
Қолымдағы қос жүзік майысады».
– Қарындасым, қабырғаң қайыспасын,
Қолыңдағы қос жүзік майыспасын,
Өзің де мін қайыққа, жүз ілгері,
Сарыарқаның көрерсің жігіттерін.
Ертіс өрлеп барады қырдан қырға,
Қалды сонау төменде ескі жылға.
Алтын қайық үстінде келеді қыз
Құлағында сылдырлап алтын сырға.
Ертіс түсіп алған соң жаңа арнаға,
Інжу-маржан шашты кеп жағаларға.
Жас шыбықтар жарысып бірге кетті,
Ертіске еріп Арқаны аралауға.
Балапандар бір кетті ағынменен,
Жағаларға жарық боп жағылды өлең.
Айна беті өзеннің жалтылдайды
Тал түстегі толқыған сағымменен.
Жаңа ертісті жарық күн сүйіп күндіз,
Сығалайды аспаннан түнде жұлдыз,
Құлағында сылдырлап алтын сырға,
Алтын қайық үстінде сыңсиды қыз.
Алтыншы жыр
Құдай мені жаратқан дамылсыз қып,
Қуады да жүреді сабырсыздық.
Келеді де тұрады білгім келіп,
Ашылса деп ертеңгі мәлімсіздік.
Көргенше мен асықпын ертеңімді,
Жол жалауы жалтылдап көтерілді.
Сарыарқада келемін тағы заулап,
Қарсы алуға қарсымнан жетер күнді.
О, күндерім, күндерім, келер күндер!
Келер күнде тұр екен күтіп кімдер?
Кәне алдымнан шығыңдар, жас достарым,
Жайып құшақ атаға жүгіріңдер.
Жолдар қандай тамаша, кең жолдарым,
Шегіндей тартылған домбыраның.
Машиналар гуілдеп айтады екен,
Желмен бірге қосылып жолдың әнін.
Жеткізбейді алыптар сым көтерген
Жетпесем де жетем деп зырғып келем.
Барады олар аралап кең дүниемді,
Жалынменен түндерді нұқып төмен.
О, күндерім, күндерім, кел күндерім!
Атылады ертеңге көңілім менің.
Көгерте түс көктемнің шуақтары
Менің ағаларымның туған жерін.
Туған жерін сүйемін ағалардың
Ормандарын, тауларын аралармын,
Аралап бір шығармын құмарымнан,
Шықпай қалсам тағы да оралармын...
Ерейменнің басына бүркіт қонды,
Бүркіт неге қанатын іркіп қонды...
Қиядан ол саңқылдап, сақ қаранып,
Таста отырып жалтаңдап үркіп болды.
Үрікпе, қыран, қанатың сілкінбесін,
Бізге тіпті ыстықсың бұл күнде, сен.
Тұғырына ағамның қондырамын,
Маған сеніп келуге іркілмесең.
Жетінші жыр
Үкілі Ыбырай тұрыпты «Жаман тауда»
Жаралған ол шынында жанар таудан.
Мынау оның ошағы от жандырған,
Мынау - оның жері екен ат шалдырған.
Мына сайда аң қуған, ит жүгірткен,
Мына қырда дем алған, шатыр тіккен.
Осында тас қашаған, темір иген,
Қайыңнан, қарағайдан түйін түйген.
Осында ол домбырасын өзі шапқан,
Шегін өзі таққан, өзі қаққан.
Өзі таққан шекті зар қақсатқан,
Әннің елге сөйлейтін тілін тапқан.
Көзінен от тұтанып жалт еткенде,
Адамды алады екен тартып демде,
Алдына жан шықпапты жомарттықтан,
Өнерін аямапты сүйген жұрттан.
Пендеге жаны ауырса білдірмепті,
Шабыт қысса кірпігін ілдірмепті.
Ықпапты я ыстықтан, я суықтан,
Айтпапты жауына да өсек сырттан.
Жалтылдап қос көзінің от сәулесі,
Соқтықса сұлулардың шыққан есі.
Сондайда құтырыпты, ақырыпты,
Бүркітін бұлтта жүрген шақырыпты.
Сол кезде ән туыпты, жер туыпты,
Әнге жұрт жынданардай ынтығыпты.
Домбыра тау мен тасты балқытыпты
Гәккулер көлдің бетін шалқытыпты.
Я жырмен бол, әйтпесе құдаймен бол,
Басқа жол жоқ, бұйырар әмірім сол, -
Десе Ыбырай жауапқа тоқталмапты,
Ойлағанын айтыпты ол да қатты.
– Өзің айттың бердім деп бостандықты
Mен ғой сосын бәйгеге ат қосқан мықты.
Озсам шауып жақтырмай түйсінесің,
Жалтақтасам, жағынсам сүйсінесің.
Онда қайтып ала ғой бергеніңді,
Мен де саған қояйын сенгенімді.
Аяқ-қолды шідерлеп отырайын,
Сен жүре бер қожамсып қоқырайып.
Таңда десең таңдайын қалауымды
Жыға көрме жыр деген жалауымды.
Одан кейін отқа сал, қуыра бер,
Күйіп кетсем күлімді суыра бер.
Деген екен ағамыз бет бақтырмай,
Соңы неге соғар деп ойлап тұрмай,
Сол бетімен өтіпті, иілмепті,
Екі сөйлеу ақынға қиын депті.
Сегізінші жыр
Оныншы этаж, жас досым, биікте екен,
Келіншегі де ажарлы сүйікті екен.
Ақ дастарқан, ақ ниет мол жайылды,
Шалдар қалай ұмытар мұндай үйді.
Бас ұстап бір осы үйде құлдырадым,
Таласатын болған жоқ құрбыларым.
Бір құлағын жас досқа кесіп беріп,
Келініме ұстаттым бір құлағын.
Әнгіменің шертеміз не түрлерін,
Әнге басып кетеді кейде келін.
Кейде күліп аламыз тосып құлақ,
Тыңдап желдің сырттағы өкіргенін.
Күні қайда боранның көше берген,
Қара жолын даланың кесе берген.
Тас үйлерге маңдайын соғып алып,
Енді міне еңіреп жүр көшелерде.
Бүгін қалай одан мен жасқанамын,
Тыңдай түсіп отырмын жастар әнін.
Қарай алмай әйнектен жылайды жел,
Көшесінде адасып тас қаланың.
Тағы да іштік Сарыарқа жері үшін деп,
Тас қаланы орнатқан ел үшін деп,
Тағы да бір көтердік шампанды біз,
Қирап қалған көшеде жел үшін деп...
Ұйықтап қаппын сол үйде. Түс көріппін
Неше алуан түсімде іс көріппін.
Дауыл бола қалыпты улап-шулап,
Қыңсығаны сырттағы үскіріктің...
Мен қашыппын далада құлан болып,
Боран менің қуыпты қыран болып.
Суырылған құм жарысып желмен бірге
Оралыпты мойнына жылан болып.
Неге жалғыз далаға шығып едім,
Ақыр заман осы ма шыныменен.
Құрығынан дауылдың құтыла алмай,
Қалайша мен далада шіріп өлем?!
Деп жатқанда қысылып терлеп-тепшіп,
Бірнеше рет алыппын өксіп - өксіп.
Көзімді аштым, ояндым, аунап түстім,
Кім ойлаған көрем деп мұндай түсті.
Тоғызыншы жыр
Осы екен ғой Қорғалжын жұрт айтатын,
Көрген жанның көңілі құмартатын.
Айрылысқан аққудың әңгімесі,
Тыңдағанда өксітіп, мұңайтатын.
Осы екен ғой Қорғалжын жұрт айтатын,
Ынтызарын ақынның құрта айтатын.
Осы екен ғой сұлу көл, сиқырлы көл,
Жылап келген жандарды жұбататын.
Қатып қаппын көз алмай ақ айдынға,
Толқынамын айдынға қараймын да.
Көлдің барлық бояуын көріп тұрмын,
Бар дыбысын есітемін маңайдың да.
Жалтақ-жалтақ қаранып қағып елең
Киік келіп су ішті лағыменен.
Желдей жүйрік киікке қосылды да,
Кете барды жапанда ағып өлең.
Аққу ұшты қиқулап әніменен.
Ете қалды менің да жаным елең.
Қосылды да құстарға, көлді айналып,
Кете барды қанатын қағып өлең.
Кұс боп мен де кетіппін көлге түсіп,
Жүзіп келе жатырмын суын ішіп,
Жүзіп келе жатырмын, жүзіп келем,
Мөлдір көлден моншақ жыр тізіп келем.
Кандай қызық жүргенім жер бетінде,
Қандай қызық жүзгенім көл бетінде,
Менің үркек жүрегім тынши көрсін,
Тербетіңдер, көлдерім, тербетіңдер.
Осы екен ғой Қорғалжын жұрт айтатын,
Ынтызарын ақынның құрта айтатын.
Осы екен ғой сағынып жүрген көлім,
Жүдеп келген жанымды тыңайтатын.