08.05.2021
205
Мұқтар Жанғалиннің өліміне
Біз текке тумадық құрдас боп ғасырға,
Өжет боп өстік біз, айналмай масылға.
Уақыттың артқанын аянбай көтердік,
Зәрредей іркілмей ілгері басуға.
Уақыттың салмағын Мұқтар да көтерді,
Өзіндік бейнетке жеккен жоқ бөтенді.
Ең соңғы, ақырғы демін ол алғанша,
Ойлайды жалғыз-ақ міндетін өтеуді.
Ең соңғы, ақырғы демін ол алғанша,
Өмірінің шырағы таусыла жанғанша.
Жарыққа қарады ол ғашықтар көзімен,
Жүрегі талғанша, тоқталып қалғанша.
О, достар, біз кеше мықты едік сынбастай,
Қазір біз әлсізбіз иықтан мұң басқан.
Таусылып барамыз еріген ақ қардай
Айрылып ай сайын қимайтын бір достан.
Жан досым, Мұқтарым айрылдым сенен де,
Қайтемін өзіңсіз өмірге көнем де.
Жетім боп қалды ғой егіздей Әбділдаң
Енді кім «әу!» демек, Мұқтаржан дегенге?