Бектенбайға
Жас едің, айналдың - ау қартымызға,
Жатыр ғой жылдар талай артымызда.
Бір кезде қызу думан жұрт едік біз,
Қалмапты – ау бүгін содан жартымыз да.
Аспай – ақ аттымыз да, даңқымыз да,
Сонда да ұнап едік халқымызға.
Бүгінге бүлінбестен жеттік аман,
Бұрынғы бүкпесі жоқ қалпымызда.
Жүрдік біз кеш оралып, ерте кетіп,
Көрген жоқ ешкім бізді еркелетіп.
Өмірден өрге тартқан айналайын,
Өсірген өрттен қорықпас еркек етіп.
Біреулер кердеңдейді өлмейтіндей,
Өмірлік жанған оты сөнбейтіндей.
Тойған соң секіреді, лепіреді.
Сыр суы сирағынан келмейтіндей.
Сөйлейді батырымсып көнбейтіндей,
Өзгеге сөз кезегін бермейтіндей.
Болар деп обал, ұят қымсынбайды,
Қисығын құдай өзі жөндейтіндей.
Бектенбай, айналдың - ау қартымызға,
Қалыпты - ау жылдар талай артымызда.
Жетейік ертеңге де қол ұстасып
Бұрынғы сүттей таза қалпымызда.