08.05.2021
  335


Автор: Әбділда Тәжібаев

Ту

Тұрғанда ту тілдесіп биіктермен,
Көзін алмай қарайды сүйікті елден.
Алыстың да хабарын алады ол,
Жүйрік желден барлығын жиып келген.
Желден хабар алады ол, күннен жарық,
Қуанғанда қалады бір шайқалып,
Отқа күйіп, суыққа тоңбайды ту,
Тозбайды ту азбаса туған халық.
***
Тыңдаңдар, өзендерім, толқындарым,
Енді айтпаймын еңіретер қорқу зарын.
Тыңдап ақын қуаныш толғауларын
Тыныш ұйықтаңдар, тауларым, ормандарым
Көк аспаным бұлттанбай тұрсын ашық,
Жолдарым жөңки берсін жоннан асып,
Боз торғайым шайқай бер жұмыртқаңды,
Илеуінде қайнасын құмырсқам да,
Балапаным, көжегім, күшігім де,
Оянбасын бірі де шошып түнде.
***
Көңіл қанша күйзеліп, тарықса да,
Думан менен дырдудан жалықса да,
Жарқ ететін жақсы арман күткен шақта,
Күңгірт күдік тағы кеп жабысса да.
Өшпей үміт қалады саңлауланып,
Көлеңкені бір сәуле шығар жарып.
Әлсіреген жүрегің қатты соғып,
Сол сәулеге қарайсың құмарланып.





Пікір жазу