Акылды қоян
Ерте ерте ертеде, Ешкі жүні бөртеде, өте бір бай орман болыпты. Бұл орманның аңдары саудамен айналысыпты. Өте алғыр жануарлар осы орманда жиналыпты. Бұл орманның патшасы әрине арыстан болыпты. Олардың саудалары қалай жүзеге асыпты? Аралардан алынған бал аюларға сатылыпты. Оның құнына ағаш тақтайлар алынып, базардың құнымен сәулетші құндыздарға өткізіліпті. Осылайша бір шама уақыт өткен соң саудалары алға баспай, аралар ақшаны азсынып, аюлар балды сапасыз көріп, кұндыздар алған тақтайларын ұнатпайтын болыпты. Не керек орман патшасы арыстан ел жұртқа масқара болмайын деп, әбден ойланып, толғанып отырғанда ойына бір ой келіпті. «Мен өзі үлкен патшамын. Саудамен айналысып нем бар? Одан да бір жерде отырып, аңдардың тапқан табысының жартысын салық ретінде алып отырмаймын ба? Айтқаныма көнбегендерді қырып салайын. Әй құрсын! Енді рахат, тыныш өмір сүретін кез келді!» депті. Дереу өлкедегі газет, теледидарға хабар беріп, барлық газет беттерінде, теледидар бағдарламаларында осы хабарды жариялапты. Патшаның заңына бағынбағандар патшаның алдына келіп, жеке есеп беруге мәжбүр болыпты. Сөйтіп, тер төгіп тапқан ақшаларының жартысы патшаға тиесілі болыпты. Бұған аңдар не істерін білмепті. Бір күні сәбіз саудагері қоянның ақылына бір ой келіпті. Салық төлеуге де ең соңынан ол барыпты. Тіпті арыстан қатты ашуланғаннан кейін қимылдапты. Арыстан ақырып, «Неге кеш келдің?» дегенде Қоян: Мырзам, жолда келе жатып орманға жаңадан келген бір арыстанды көрдім. Бұдан былай салықты соған төлейді екенбіз. Одан жанымды әрең аман сақтап қалдым, депті. Не деп тұрғаныңды білесің ба, ей Қоян? Бұл орманда екі патша бола ма? Дереу мені оны көрген жеріңе алып бар. Көресіні көрсетейін мен оған, - депті арыстан. Мырзам, тағы бір мәселе бар, әлгі арыстан құдды сіз сияқты күшті, қуатты, ірі денелі. Оның үстіне патшаларыңа айта бар, «Маған қарсы шықпасын!» деді. Бұл сөздер арыстанның ашуын келтіріп, қоянды алдына салып отырып, айтқан жеріне келіпті. Сөйтсе, ол жерде бір құдық бар екен. Қоян «Әлгі арыстанның сарайының есігі – осы» депті. Ашудан көзі аларған арыстан құдықтың басына келіп, «Мықты болсаң, шық!» деп ақырыпты. Құдық өте терең болғандықтан арыстанның дауысы өзіне жаңғырып келеді. Тағы да құдықтың ішіне үңіліп: Арыстан болсаң шық, кімнің күшті екенін білейік, - деді. Дәл сол дауыс өзіне қайтіп келеді. Судың үстіндегі өз бейнесін көрген арыстан құдықтың ішіне атылып секіреді де су түбіне кетеді. Осылайша залым патша өз жазасын көріпті. Ал қалған аңдар ақылды қоянға алғыстарын білдіріп, сый-сияпаттар беріпті.