07.05.2021
  1397


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Қоян мен тасбақа

Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызылда, құйрық жүні ұзында бір қоян болыпты. Бір күні келе жатып, тасбақаны көріпті. Тасбақаға:-Оо, достым, қайда бара жатсың? – десе,- бүгін күн қандай тамаша? Серуендеуге шықтым. Өзіңмен кездесу бір ғанибет, кездесуімізді атап өтпедік пе? – депті тасбақа. Сөйтіп дереу нан жабатын таба тауып, ұннан қамыр жасап, нан пісірмекші болыпты. Екеуі пісіріп жатқанда қоянның ойына бір арам ой келіпті. «Бұл нанды қалай өзім жесем екен?»,- деп әрі ойланып, бері ойланып тасбақаға былай депті:- Тасбақа досым, былай істейміз бе? Мына табаны төбеден төменге қарай  зырғытып жіберейік. Кім бірінші жетсе, сол жесін нанды! – депті. Тасбақа оған келіскісі келмепті. Себебі қоянға еріп жете алмайтынын біліпті. Бірақ қоян дегенінен қайтпай тұрып алыпты. Осылайша тасбақа көнуге мәжбүр болыпты. Сол кезде оның ойына бір айла келіп, қоян басқа жаққа қарап тұрғанда, табаның ішінен нан жабыспасын деп сулап қойыпты. Қоян табаны төбеден зырғытып, өзі төменге қарай зулай жөнелгенде нанның табадан түсіп, ағашқа барып жабысып қалғанын көрмей қалыпты. Ал тасбақа болса, асықпай төменге түсіп, ағашқа жабысқан нанды алып жей бастапты. Әрең дегенде табаға жеткен қоян, ішін ашып қараса, нан жоқ? Не істерін білмей, төбеге қарай жүгіре жөнеліпті. Жүгіріп келе жатып, ұзақтан тасбақаның нанды жеп отырғанын көріпті. Амал қанша? Келісім бойынша нанды бірінші алған жеуі тиіс. Қарны ашқан ол жалбарына бастапты. Айналайын тасбақа, бір үзім наныңнан берші? – десе,  бір үзім, екі үзім дегенді білмеймін. Өзі шикі піссе де, дәмді екен, - деп барлығын жеп тауысып қойыпты. Қарнын сипап тұрып:-Ал қоян досым, бүгінгі тамақ өте дәмді болды. Үлкен рахмет! - деп үйіне  қарай жол тартыпты. Ал қоянның сілекейі шұбырып, қарны ашып, ағаштың бетінде қалған нан ұсақтарын кеміре бастайды. Міне, сол күннен бастап ағаш қабықтарын кеміруді қояндар ұнататын болыпты.





Пікір жазу