Достарым
Кейде мен созған қолымды билей алмай,
Әлім келмей, жинай алмай қаламын,
Білмеймін, бұл не түсім бе,
Жоқ кәдімгі өңім бе?...
Ой шіркінді қайта-қайта бөледі...
Аласапыран мазалағыш аланым...
Ол алаң не?
Жаным неге қыңсылайды байлаудағы тазыдай?
Кімді іздеймін, нені күтем
Келешектен - алдымнан?
Өткенді ме өрімталдай
Айбатымен, ажарымен,
Жарты есінен тандырған?
Жоқ! Ол келмейді
Өрттей лаулап алас ұрған жылдарым,
Бірақ сөніп біткенім жоқ бармын әлі,
Бармын мен!
Арманым мен жарыққа бір тоймайтын,
Жүрегім мен қуанғанын, жылағанын қоймайтын
Сүю үшін өздеріңді, достарым,
Бұл өмірде қалдым мен.
***
Толып жатыр, толып жатыр тапқаным,
Толып жатыр, толып жатыр шығындар.
Толып жатыр орнын тауып айтқаным,
Толып жатыр тесіктерім тығындар.
Өткен кетті, кетті қайта келмеске,
Қызықпаймын көзім қайта көрмеске.
Құлатқанша өмір мені жаңқалап,
Тарта берем ой бұлттарын арқалап.
***
Миым қолым жүрегім, екі көзім,
Аман болса билеймін өзімді өзім.
Жасай берем жалтақсыз кең әлемде,
Жұмысым жоқ жұғымсыз әңгімеңде.
***
Қызым менің керемет те қызық - ақ,
Шашы менен ақылы да ұзын - ақ,
Екі беті апорттан да қызыл - ақ,
Қызыққандар жеп қойғандай үзіп ап.
***
Әбілда!- дедім айқайлап,
Әбділда!- деді жаңғырық.
Жанымның атты жалыны,
Даусым жатты жарды ұрып.
Әбділда!- дедім айқайлап,
Әбділда!- дедім жаңғырық.
Кеудемде тұрды от лаулап,
Жер мен көкті жандырып.
Әбділда!- дедім айқайлап,
Әбділда!- дедім жаңғырық.
Кеудемде бір күй атойлап,
Жақсылық жанға салды ұрық.