Төзімдер туралы
Сыйламай болмайды
Әйелдің сезімін,
Мақтамай оңбаймыз
Әйелдің төзімін.
Еркектер білгірміз,
Сөйлеуге ұстамыз,
Ақылға ұзынбыз,
Төзімге қысқамыз.
Ал әйел бастың да –
Қанның да ыстығын –
Бұғаулап ұстайды
Сабырымен күштінің.
Көздердің не түрлі
Сиқырын қайтарып,
Сөздердің не түрлі
Қиқымын тойтарып.
Тежейді құлқынын
Құмарлық дегеннің.
Кетпейді ырқымен
Жеңілтек өлеңнің.
***
Достар!
Мен бұлбұл да емеспін,
Дүлдүл де емеспін,
Аспанмен тілдескен
Алатау да емеспін.
Біреуімін кәдімгі көп дөңестің.
Алдында жүремін
Әдемі елестің,
Ішінде боламын
Жұрт қостар кеңестің,
Сыртында боламын
ЬІрылдасқан егестің.
***
Келмейтін қайта оралып
Көрінген түстей балалық,
Көңілде қапты-ау сәулесі,
Қызуы тарап жоғалып.
Балалық сәулем, сөнбеші,
Суық жел соқса көнбеші.
Қараңғы тартып кетпесін,
Ақынның кәрі кеудесін.
***
Күллі әлемнің сан жетпейтін күндері,
Құшағыма сия қалса бір менің,
Бәрін соның құшақтауға көнер ем,
Бар жылуын достарыма берер ем.
Өйткені біз тудық емес пе арналып,
Жасау үшін жарастықтың заңдарын?
***
Достар келді, достар бүгін жиналды,
Достарға біз әзірледік сыйларды.
Мен жырыммен ой тынысын қайтарып
Ақ шашыммен ақ тілеулер айтамын:
– Өміріміздің көркін ызғар шалмасын,
Көңілімізде күй қанаты талмасын.
Ленин туы еңкеймесін биіктен,
Бір де сәби жыламасын күйіктен.
Адам көркін ешкім қорлай алмасын,
Адам еркін ешкім зорлай алмасын.
Ән-күйіміз аспанды да шарласын,
Жатсын жермен қанаттары жалғасып.
Ұлы Отанның топырағы жанбасын,
Өссін күлкі, өссін гүлдер қауласын.
Достарымның бастан бағы таймасын,
Жүздерінен шаттық шұғыла аумасын.
***
Ойым менің тыпыршиды тыншымай,
Аңғарады әлем сырын тыңшыдай.
Мен жылдарды өткем сонау санаймын,
Мен жолдарға қалған сонау қараймын.
Ауыр еді-ау жеңістердің жолдары,
Болдырған жоқ бірақ адам қолдары.
Сол қолдарда құдіреті бар алыптың,
Сақтап қалған шұғылаларын жарықтық,
Сұмдық еді-ау соғыс...
Сонда да өмірді
Демедік біз қансырады, жеңілді.
Өрт - апаттан қорғап оны қалдық біз,
Сұлулыққа жалғастырып алдық біз.
Өткенді мен еске алмаймын мұңданып,
Өткен жолдың оттары әлі тұр жанып.
Мен бүгінгі алтын танды сүйемін,
Мен бүгінгі тірлікке бас иемін.