06.05.2021
  196


Автор: Әбділда Тәжібаев

Жасыңда болмасаң ақылды

Жасыңда болмасаң ақылды,
Сүймесең достарды, жақынды,
Егделік жасына жеткенде
Қайтара алмайсың қапыңды.
Жасыңда болмасаң жүректі,
Шыңдарға салмасаң білекті,
Егделік жасына жеткенде
Таппассың таянар тіректі.
Жасыңда жарықты сүймесең
Сүймейсің қарттыққа жаңарып,
Көңілсіз күңгіртте жатарсың
Көр тышқан секілді қамалып.
***
Ақылшы көп - сасқанға,
Қуғыншы көп - қашқанға.
Есің болса жасқанба
Есіріктер тосқанға!
Бір желік іс бастауға
Тобым көп деп мастанба.
Сәл әлсіреп сасқанда
Досың жаман қастан да.
Ойлан, бала, асықпа,
Әуестенбе жасыққа
Қиынды да іздеп көр,
Баса бермей машыққа.





Пікір жазу