06.05.2021
  217


Автор: Әбділда Тәжібаев

Қазықұрт

«Басында Қазықұрттың кеме қалған, Болмаса ол әулие неге қалған».
(Халық өлеңінен).

Тау болсаң болсайшы
Қазықұрт секілді.
Білмейтін астамсып,
Асқақтық етуді.
Әнеки, отыр ол жайланып,
Абайдың өзінше ойланып –
Аспанмен арбасқан,
Шыңдарын қар басқан,
Алатаудың шетінде.
Өзінің шатқалы, құздары,
Өзінің тастары, мұздары
Өзіне жетеді.
Аспанын қызғанып
Шашпайды ызғарын.
Кең төсек, көк майса етегі.
Көктемгі тізілген тырналар артынан
Ақ бұлттар, аққулар қалқыған
Үстімен жарқылдап, жалтылдап өтеді.
Әнеки, отыр ол жайланып,
Абайдың өзінше ойланып,
Бәрі де өткеннің есінде...
Ана бір топанның басқаны,
Ана бір таулардың асқаны,
Пайғамбар Нухтың да сасқаны есінде.
Сол Нухтың күйретпей кемесін,
Тоқтатып толқынмен егесін,
Тосқаны құп-құрғақ төбесін есінде...
Қазықұрт қазақтың мекені,
Өзінің тірлігі өзіне жетеді,
Ақ жаны жат тілек етпейді.
Бір сілкіп төңірегін, бір қағып,
Бір сөніп, күркіреп бір жанып
Везувий секілді отын да текпейді.
Тілейді ол тыныштық қазаққа –
Түлкібас, Түркстан, Созаққа,
Мал бағып, мақтасын еккенге.
Европа, Африка, Азия таулары,
Мәз болма, мастанба көнерген атаққа.
Тағы да момақан Қазықұрт құтқарар
Кездессе адамзат топанға, апатқа.





Пікір жазу