06.05.2021
  183


Автор: Әбділда Тәжібаев

Дос ерлігі туралы

I
Мен сені не үшін дос деймін,
Өзіңнен өзгеге көшпеймін?
Жетерлік сенің де кемдігің,
Ұнайды әйтсе де ерлігің.
Тоқтатып әзірше барлығын,
Істеймін жанымның жарлығын.
Айтамын ақтықты мен бүгін,
Жырлаймын досымның ерлігін.
Іздеймін ерлікті бойыңнан,
Аспаймын өзіңнің ойыңнан.
Қоспаймын түкті де жалғаннан
Айтамын тек қана болғаннан.
Соғысты жауменен талмады,
Жасқанып өлімнен қалмады, -
Дер едім: Егер сен майданға
Соғыстың басынан барғанда.
Алындың сен де рас солдатқа,
Аттандың жаудан кек алмаққа.
Бірақ сен ұзаққа кетпедің,
Кетсең де Ташкеннен өтпедің.
Оған сен емессің кінәлі,
Жігітке жетеді сын әлі.
Шығарсың жауменен беттесе
Қарттығың қиқайтып кетпесе.
Салтың бар әдеттен озбайтын,
Шартың бар әдепті бұзбайтын,
Көркің бар көнеріп тозбайтын,
Әйелдер жүрегін қозғайтын.
Қызықтан тала шет тұрамыз,
Думанға - дырдуға құмармыз.
Бастауда кей түннің ермегін
Аз емес сенің де еңбегің.
Қояйын олардың барлығын,
Істейін жанымның жарлығын.
Айтайын ақтықты мен бүгін
Жырлайын досымның ерлігін.

II
Өстік біз ұялас құстардай,
Келеміз жылдардан тыс қалмай,
Біреулер тым биік ұшқандай,
Біреулер сарқылған күш қалмай.
Талайдың ұмыттық атын да,
Талайдың жоғалттық хатын да.
Талайлар айналды пақырға,
Талаймен айналдық жақынға.
Білесің ана бір сарыны,
Көп еді жасында жалыны.
Тойса егер кешкісін қарыны
Күшті еді, керемет арыны.
Тез өсті сол сары, жетілді,
Тез озды құлагер секілді.
Ақшаны есепсіз сапырды,
Ұрлыққа жұмсады ақылды.
Атанды әйгілі мықты ол,
Дүкенді кілтімен жұтты ол.
Мыңдарды оп-оңай жықты ол,
Миллионға оп-оңай шықты ол.
Білемін, сен соған ермедің,
Сайтанға еркіңді бермедің.
Сен деді сөзіме! - Сенбедің,
Ал деді - алмадың, көнбедің.
Тұрды кеп алдыңа оңайлар:
Құлындар, қозылар, торайлар.
Менмін деп адамның арманы!
Ақша да ақылыңды арбады.
Толқыдың сан рет, толғандың.
Қуандың сан рет, қорландың.
Толғағы көтеріп ойлардың,
Торабын көп бақтың жолдардың.
Жеңдің сен қызыққан көзіңді,
Жеңдің сен қызынған сезімді.
Темірдей идің сен төзімді,
Жеңдің сен желкелеп өзіңді.
Қандырдың суменен шөліңді,
Қара нан қазыдай көрінді.
Сонда да баспадың арамға,
Көнбедің құлқынға, аранға.
Ағыздың маңдайдан теріңді,
Түн ұйқың төрт рет бөлінді.
Өсірдің осылай көгіңді,
Сар сайтан азғырған жеңілді.
Көрмеспіз мұныңды қалай біз?
Ерлікке еріксіз санаймыз.
Сүйсініп өзіне қараймыз,
Батылға, батырға балаймыз.

III
Білесің ана бір Қараны,
Көп еді жасынан алаңы:
Сүйетіп бұйымды, киімді,
Болатын әркімге - ақ сыйымды.
Сүйетін сайланар жиынды,
Жаттайтын сөздерден қиынды.
Жатпайтын бір тыншып үйінде
Аға іздеп өзіне тиімді.
Қағып ол есіктің талайын,
Кіретін келтіріп орайын.
Кигізіп үлкеннің кебісін,
Кететін ырза етіп көбісін.
Тұрғанда бокалды көтеріп,
Сәл ғана сыпайы жөтеліп,
Назарын аударып кәрінің
Табатын тілегін бәрінің...
Сын айтар жерді де білетін,
Тілі бар тікенше ілетін,
Жығылса ағасы күлетін,
Артынша ат қылып мінетін.
Тез есті сол Қара, жетілді,
Тез озды Құлагер секілді.
Кабинет жыл сайын ауысты,
Қауымның шыдамын тауысты.
Ақыры құлады қиядан,
Құлады жып-жылы ұядан.
Өнері тым ерте көнерді,
Есептен шықты да жөнелді.
Білемін, сен соған ермедің,
Еркіңді сайтанға бермедің.
Сен, деді сөзіме! - Сенбедің,
Өс! деді - Өспедің, көнбедің.
Шегіндің ол тартса ілгері,
Сүймедің сөз сөйлер мінбені.
Жиынға килігіп кірмедің,
Ойменен өтті көп күндерің...
Тұрды кеп алдыңа оңайлар:
Арайлар, сәулетті сарайлар,
Сый-құрмет тұрды кеп сызылып,
Қарадың бәріне қызығып.
Жеңдің сен - қызыққан көзіңді,
Жеңдің сен - қызынған сезімді.
Ұқтың сен - қиынға төзуді,
Білдің сен - оңайдан безуді.
Қорқытса қорықпадың, ықпадың,
Түгіңді титтей де жықпадың.
Тік тұрдың, бүгіліп, бұқпадың,
Палуан боп тағы да шықпадың.
– Сат! - деді жаныңды, сатпадың,
Алам деп сатып та шатпадың;
Өзгеден былғаныш таппадың,
Өзің де былғанып жатпадың.
Отырдың өзіңнің үйіңде,
Кәдімгі саспайтын күйіңде.
Іздедің, телмірдің, тесілдің,
Төріңде тым сирек көсілдің.
Өзіңнің терезең – жарығын
Танытты дүниенің анығын.
Алданбай бояуға, дыбысқа,
Берілдің бір ғана жұмысқа.
Ақтардың Марксты, Ленинді,
Маңдайдан моншақ тер төгілді.
Түн ұйқың төрт рет бөлінді,
Өсірдің осылай көгіңді.
Алыстап, кетті өтіп бұлдырлар,
Сылдырлар, сыңғырлар, құрғырлар.
Қалдың сен қызықпас кесір боп,
Өзімнің өзгермес досым боп...
Көрмеспіз мұныңды қалай біз?
Ерлікке еріксіз санаймыз.
Сүйсініп өзіңе қараймыз,
Батылға, батырға балаймыз.





Пікір жазу