05.05.2021
  248


Автор: Әбділда Тәжібаев

Жер және мен

«Елім» менен ұйқастырған «жерімді»,
Талай ақын таусылғанша төгілді.
Ұйқас тозды, бірақ жерім тозбады,
Әр ақынның жан-жүрегін қозғады.
Мен де айтамын туған жерім, жерім деп,
Айта берем тоқтатқанша өлім кеп.
Айта берем, айта берем тынғанша,
Айта берем қақ жарылып сынғанша.
Тамған қаны, жауған тері бабамның,
Аққан жасы, төккен сүті анамның
Шөп боп өссе сан бояулы даламда
Сүймей оны, айтыңдаршы, қалам ба!
Жерден тудым, жердің беті мекенім
Білем жақсы қысқа өмірдің өтерін.
Білем жақсы - өмір қызық екенін,
Білем жақсы сол қызықтан кетемін.
Жерден тудым, жердің беті тұрағым,
Жақтым мен де өмірдің бір шырағын.
Сөнбесе екен тек сол жаққан шырағым,
Бір сол ғана тағдырымнан сұрарым.
Жерден тудым, жердің беті мекенім,
Жер шақырса қайта өзіне кетемін.
Берем қайтып жүрегімді, жанымды,
Берем қайтып жылуымды, қанымды.
Тек, тірілер, жерді сүйе біліңдер,
Былғамаңдар жерді, таза жүріңдер.
Тоздырмаңдар, біздер қазған арықты,
Өшірмеңдер, біздер жаққан жарықты.
Қайрымды бол көктемдегі гүлдерге,
Баса көрме біреуін де жүргенде.
Мүмкін бірі мен шығармын солардың,
Сенен ғана мейрім күткен болармын.
***
Жүретін кейде биік, кейде төмен
Жағымпаз жылтырақтың біреуі емен.
Деместен ащы, тұщы айтады аузым
Жарлығын жүрегімнің сөйле деген.
Емеспін ерекше жан, ақылы - күн,
Жақсы оймен жақсы үміттің жақынымын.
Жырлайтын көргені мен сезінгенін
Қазақтың қара шобыр ақынымын.
Сөзімнің сиқыры жоқ құбылмалы,
Жанымның ирегі жоқ бұрылмалы,
Кәдімгі қарапайым коммуниспін
Жасайтын жұмыскерше жыр ырғағын.
***
Өз айдыным болмаса да теңіздей,
Өз көлімде желкеніммен жел іздей
Келем жүзіп, көк шатырдың астында,
Құрғақтағы құр алақан дегізбей.
Көліме де күн сәулесі түседі,
Мөлдірімнен мөлдір көзім ішеді.
Айдай қалқып аққу құсым айдында
Әндетеді ақыны мен үшеуі.
Алыспай-ақ толқындармен айбынды
Жүзіп жүріп өзіме шақ айдынды.
Жырлай берем қоңыр ғана даусыммен
Шаттығым мен кейде айтылар қайғымды.





Пікір жазу