05.05.2021
268
Халық
Халық қазы сыйлайды сиымдысын.
Қолтығыңнан демейді қиында ісің.
Сыбағасын жейтұғын саған қиып,
Ойламаған болады кейінгісін.
Ренжімес ұйқыңды ол күзетсе де,
Қиналмайды жаз тұрсын, күз өтсе де.
Жұмсақ орнын береді саған жайлап,
Жамбасынан қарыған сыз өтсе де.
Анау-мынау сөзіңе кешірімді,
Оңай - оспақ білмейді өшігуді.
Жоқтан-бардан себепке сылтау тауып
Жаптым саған демейді есігімді.
Сенен оған керегі жарқындығын,
Керек емес жарқылдақ алтындығың.
Жүрегіңнің жылуы жетіп жатыр,
Тек сезбесе болыпты салқындығын.
Елім барда осындай арман бар ма
Елді сүй деп айтамын қалғандарға.
Жуасымның жөн білер өзі жақсы,
Қызықпан иінінен дем алғандарға.