Тынықсын, тимеңдер адамға
Шаршаған адамның ажарын
Көре алман қиналмай ішімнен.
Тартқанмын өзім де азабын,
Түсінем, бәрін де түсінем.
Жарық пен желден де шаршаймыз,
Сену де, сүю де еңбек қой.
Сыйластық жеңіл деп кім айтар?
Ол-дағы қиыннан келмек қой.
Үрку де, қорқу да зор бейнет,
Шаршаймыз кейде біз шаттықтан.
Шаршаймыз кейде біз жаттықтан,
Шаршаймыз кейде біз сақтықтан.
Демалу керек қой әркімге,
Тынықсын, тимеңдер адамға.
Ертең де күш керек қоғамға,
Ертең де күш керек заманға.
***
Ақ шаңдақ ақсаңдап барады,
Оқ тиген жаралы қояндай.
Бір жүріп, бір демін алады,
Жатыр жел жүгіртер оянбай.
Ақша бұлт мүлгіп тұр төбеде
Аспанға жағылған бояудай.
Ұсайды ол жағылған желкенге,
Жатыр жел желпінтер оянбай.
Орман тұр жапырағын бүркеніп,
Сәждеге маңдайын қоярдай.
Амалсыз тағдырға тұр көніп,
Жатыр жел сілкінтер оянбай.
Тұршы, жел, ұйқыңнан, қозғалшы,
Шулатшы орманды сілкумен,
Жосылта тағы бір айдашы
Шаңдарды, бұлттарды іркілген!