05.05.2021
  296


Автор: Әбділда Тәжібаев

Еркеле, жас

Еркеле, жас, еркеле сен, еркеле,
Күнге толы, гүлге толы өлкеңе.
Шық далаға желмен бірге жарысып,
Кетші қуып қырда жортқан тағысын.
Еркеле, жас, еркеле сен, еркеле,
Шырқап берші, бір әдемі ән өлкеңе,
Шықшы тауға, ақ бұлттармен таласып,
Алысқа бір бүркіт болып қарашы.
Еркеле, жас, еркеле сен, еркеле,
Бір әсем күй шертіп берші өлкеңе.
Салшы құлаш салқын көлге, бойлашы,
Аққулармен ақ тұнықта ойнашы.
Еркеле, жас, еркеле сен, еркеле,
Күнге толы, гүлге толы өлкеңе.
Сүй еліңнің анасы мен атасын,
Ал ұмытпай ағаңның да батасын.





Пікір жазу