05.05.2021
  215


Автор: Әбділда Тәжібаев

Қыс ата

Ойының, балам, омбы қар
Демейсің қолым домбығар.
Ақ мамықты ақтара
Қалайсың тынбай ақ қала.
Отырып таудың құзында,
Құлағын тосып ызыңға.
Қыс сақалын тарайды,
Қызыға саған қарайды.
Қарайды да күледі,
Үлпілдек қарды үреді.
Қояды бір дем ысқырып,
Қаласың сонда түшкіріп.
Көрдің бе қарттың мінезін,
Ермегі қазір бір өзің,
Ойынға қандай көңілді,
Серігің болды сенімді.
Үйіріп аппақ құйынын,
Секіртіп ұшқыр тиынын.
Кейде еменді сілкеді,
Төбеңнен қырау бүркеді.
Тебемін десең сырғанақ,
Үскіріп қалып бір қабат,
Жаяды жалтыр көк мұзын,
Сырғанайсың күн ұзын.
Қолыңнан ұстап қыс ата,
Күн бата үйге ұзата
Бетіңнен сүйіп қалады,
Күрсініп дем алады.
Қыс ата неткен пейілді,
Күнімен соқты-ау ойынды.
Алғасын біраз тынысын,
Бастайды түнгі жұмысын.





Пікір жазу