05.05.2021
  508


Автор: Әбділда Тәжібаев

Той боларда

(Үш актылы)


ҚАТЫСУШЫЛАР


Байбол — аудандық милиция бастығы 50 де.
Айбала — Оның қызы 19 да.
Үрия — Айбаланың өгей шешесі 35 те.
Нартай — жас артист 23 те.
Қалабай — магазиндер бастығы 30 да.
Әділқан — жас дәрігер, Байболдың немере інісі.
Айнаш — студентка 20 да.
Қалима — Қалабайдың шешесі 60 та.
Айдар — Қалабайдың нағашысы, Қалиманың інісі 55 те.
Болат — жас жігіт.


Перде алдында милиция формасындағы Байбол тұр.


Байбол.
Танысайық, жолдастар!
Мен милиция өкілі Байболмын.
Бірақ та біліп қойыңдар,
Мақтағанға масығып,
Даттағанға жаситұғын мен емес.
Маған халық ұлы міндет тапсырған,
Күзетшімін тәртіпке.
(Ысқырығын бір тартып қояды.)
Тәртіп керек, жолдастар!
Мен тентекке келтекпін,
Қулармен де жаным өш.
Адам болып туған соң,
Адам жолын қуған соң,
Жарамайды ит орнына ырылдау,
Шошқа орнына қорсылдау,
Адамды сүй, мұқатпа!
Қорлама адам еңбегін,
Ұрлама адам еңбегін.
Тәртіп керек, жолдастар!
(Ілгері шығыңқырап).
Иә...
Мен тәртіпті күзеткелі не заман,
Содан бері күнмен бірге шығамын,
Күнмен бірге қозғаламын дамылсыз.
Тіпті... күн батса да мен батпаймын,
Күн жатса да мен жатпаймын.
Қайғылыны қуанту,
Қаралыны жұбату
Ең бірінші арманым.
Әрбір жастың сырынан,
Нәзік айтқан әнінен
Ләззат қана аламын.
Әнеки,
Сол жастардың бірі шығып келеді.


Қолында сумкасы бар жас жігіт жан-жағына қарай лай біреуді күткендей, сахнаның оң жағынан кіреді. Бай бол енді оған көрінбей перде бүркене сөйлеп тұр.


Аты Нартай — жас артист.
Үйленбеймін, өнер қуам деп жүріп,
Көз салмайтын ешкімге.
Сөйтіп жүріп қалай ғашық болғанын
Өзі де білмей қалыпты.
(Дауысын бәсеңдетіңкіреп.)
Менің қызым Айбала... Айбалажан
Астананың жарысында ән салды.
Ән салмады-ау, Нартай жастың,
Жүрегіне шоқ салды.
Ғашық болған жас жігіт
Қыз алдында бас иді.
Қақ жарды да кеудесін,
Суырып берді лаулап тұрған жүрегін.
(Нұрлана түсіп.)
Балғын қыздың бірінші рет
Махаббатын оятты.
Тұңғыш рет екеуі де
Сүйем деген сөзді айтты.
Мінеки, Айбалажан да көрінді.


Нартай шыққан жақтан Айбала да шығады. Құшақтаса табысып, сахнаның екінші жағына өте береді.


Бірақ жігіт жалғыз ғана Нартай ма?
Әркімнің де үміті бар жас қыздан.
Әнеки!
Тағы бірі ентелей басып келеді.
Осы жігіт бір пысығы ауданның —
Мырза атанған Қалабай.
Папка қолтықтаған Қалабай өтеді.
Көрдіңдер ме?
Аяқты қалай басады!
Бай десе бай, әрі жомарт
Ақшаны судай шашады.
«Бар байлықты төкпесем,
Айбаланы жар етпесем,
Мұрадыма жетпесем,
Ойнамаймын, күлмеймін,
Жер бетінде жүрмеймін» деп
Ант беріпті өзіне.
(Тасадан шығып күледі.)
Қызулы ғой жастық сезім
Айту жеңіл ғашық сөзін,
Мүмкін бұл да айтқан болар қызынып.
Бірақ мен бұған сенбеймін,
Күмәнім көп, күдігім көп ішімде.
(Ойланып, бөліп-бөліп.)
Қалабай неге бай?
Қалай бай? деген сұрақтар
Басымнан шықпай
Айқайлайды да тұрады.
Сақтық керек, тәртіп керек, жолдастар!


Кетеді. Перде ашылады.


БІРІНШІ АКТ


Жаздың аяқ кезі. Темір жолға жақын аудан орталығы. Поезд сарыны, тепловоздар сигналы үнемі естіліп тұрады. Байболдың ас ішетін бөлмесі. Төрдегі екі есіктің бірі ішкі бөлмеге кіргізсе, екінші есік балконға шығарады. Балконнан мөлдір аспан жиегі, ағаш жапырақтары көрінеді. Осылардың қарсы бетінде көшеге шығатын есік. Ортада стол, кілем тұтылған қабырғада Байболдың милиция формасындағы портреті. Күйсандық, радиоқабылдағыш, диван тұр. Іштен дауласа сөйлескен Үрия мен мылтық асынған Байбол шығады.


Байбол (ысқырады.) Тәртіп, қатын, тәртіп!


Үрия (оны тыңдамай). Я менімен айрылысасың, я айтқанымды істейсің, Байбол.


Байбол. Қысқарт, Үрия. Өңшең нашар сөздер сенің аузыңа ғана түседі-ау.


Үрия. Көндір қызыңды, өгей көрмесін мені.


Байбол. Алдыңнан кесе еткен жері бар ма?


Үрия. Кетпесін Алматыға, күйеуге шықсын.


Байбол. Кімге, Қалабайға ма?


Үрия. Қалабай бай болуға жарамай ма?!


Байбол. Білмедім... (Басын шайқайды..) Білмедім, Үрия.


Үрия. Сен не білесің осы?!


Байбол. Көп емес, мен таққан мылтығымды, баққан тәртібімді білемін. Тәртіп керек, Үрия, тәртіп!


Үрия. Бой жеткен қыз бұзылмасынды, әнші болам деп қаңғып кетпесіңді кім айтпақ!


Байбол. Оны сен айт, қамқор боп айт.


Үрия. Өзімнен туған қыз болса, білер ем қалай айтуды. Басына ноқта кигізіп жетектетіп жіберер ем.


Байбол. Кімге, Қалабайға ма?


Үрия. Немене, Қалабай жақындыққа жарамай ма?!


Байбол. Білмедім. (Отырады.)


Үрия. Ендеше білгенді тыңда! Өзі келген бақытты басқа теппе, көкешім. Осы ауданда Қалабайдай жан бар ма: сымбат қандай, түр қандай, көркіне кісі тойғандай. Бар магазин қолында, шешесінен бөлініп тағы бір үй соқтырды. Төселген жібек кілемге сан жетпейді деседі. Астында жұмсақ машина, уыс толы жүз сомдар! Алла-ау, осындай күйеуден кісі қаша ма екен!


Байбол (әйелінің әуенімен). Алла-ау, енді ақшасы көпті мақтай бере ме екен?


Үрия. Ол ақшасыз да жақсы адам.


Байбол. Ауызды да аяу керек емес пе? Жақсы адам, сен мақтамасаң да жақсы. Ал арам менен ласты оңай тазарта алмайсың.


Үрия. Сонда бұлар шабысатын кісілеріміз екен де.


Байбол. Мен өйдеген жоқпын. (Жақындап.) Мен саған кексіз, дықсыз сөздер ғана айтамын.


Шабысуға да жетпейік, жаласып та кетпейік... Ұғымды ма, қатын?


Үрия. Қызымыз бақытты болсын десек, оның шығар күйеуін де екеуміз таңдаймыз. Бүгін қосылып, ертең айрылысып жатқандар Айбаласыз да жетеді.


Байбол. Мінеки, мұның дұрыс кеңес.


Үрия. Дұрыс десең, қызыңа өзің айт (дауыстайды.) Айбала!


Айбала (сырттан). Қазір, aпa.


Байбол. Не дейін?


Үрия. Әкенің жолы да ауыр, сөзі де ауыр. Ақымақ болма, апаңды тыңда де... Қызың жылы суға қолын малып отырса, сені мен маған зиян ба?!


Байбол. Жылы суға қол малып мүлгігенше, мұзды сумен ұйқы ашқан артық емес пе?..


Айбала (верандадан кіреді). Aпa, жәй шақырдыңыз ба?


Үрия. Әкең шақырды.


Байбол. Шешең мені жалғыз қалдырмасын, Алматыға жүрмесін деп отыр... Оған не дейсің?


Айбала. Онда... оқудан қалмаймын ба? (Қасына келіп.) Кеше ғана келістік емес пе, папа?


Үрия. Менсіз-ақ па? Әке мен қыз келіскен. Өгей шеше әрі тұрсын ба?


Айбала. Апыр-ай, осындай сөзге аузыңыз қалай барады?


Үрия. Барады... барады!


Айбала. Ойланыңызшы, әуелі.


Үрия. Мен ойланып болғанмын. Еш жаққа да бармайсың. Ал, тыңдамай кетер болсаң әкеңді де ала кет. Мына молаға өрт қойып, мен де бетіммен кетемін. Өртеймін бәрін жау алғырдың! (Қолына түскенді лақтыра бастайды.)


Айбалa. Aпa... Aпa...


Байбол. Тәртіп, Үрия, тәртіп! (Ұстайды.)


Үрия. Жүрегім... Доктор... (Жантая кетеді. Айбала су ішкізеді.)


Байбол (телефон соғады). Больница! Әділқанбысың? Тезірек жет, жеңгең құлап қалды. (Телефонды іледі.) Дәрігердің өзі семьямыздан шыққанына да шүкір.


Үрия (еріне). Сен үшін... бір сен үшін деп келемін. Не көрдім сонда?


Байбол (жақындап). Неден құр қалдың, Үрия?


Үрия. Қалауымды кидім бе... Қалағанымды жидым ба?.. (Басын сәл көтеріп.) Үйіңе үш қонақ келсе ұялмай ас берер ыдысың да жоқ.


Айбала. Жатыңызшы, апа. (Жатқызады.)


Байбол. Одан да байымадық десейші.


Үрия. Жұрт қатарына қосылмадық деймін.


Байбол. Жұрт өзіміз қатарлы ғана тұрады.


Сырттан ақ халат киген, сумка ұстаған Әділқан кіреді.


Әділқан. Не боп қалды, аға?


Байбол. Түк те болған жоқ. Өзі жынданды да, өзі жығылды.


Үрия. Не дейсің, әй? Мен бе жынданған!


Әділқан. Сабыр, жеңеше... (Тамырын ұстайды.)


Үрия. Жүрегім қалай?


Әділқан. Тамаша. Артығы да, кемі жоқ, дәл соғып тұр.


Үрия. Не қылған дәл... Одан да емін айтсайшы.


Әділқан. Емі өзіңде, жеңеше. Оңай қызып, оңай даурықпа... Ұстамды бол.


Байбол. Әділқан дұрыс айтады.... Адам өзін тежей білу керек қой.


Үрия. Не десеңдер о деңдер, кілемді қатын, киімді қатын болуға менің де правом бар. (Атып тұрады.)


Байбол. Саған құдай ондай байды көпсініпті ғой.


Үрия. Неге көпсінеді! Сен не, еркек емеспісің?


Байбол. Әкем маған Байбол деп ат беріпті. Ал мен бай да емес, кедей де емес, коммунист боп туыппын. (Есік қағылады.) Кіріңіз!


Тыстан Қалабай кіреді. Ол есік ашып, қолында қағазға орағандары бар Айдарды ізетпен кіргізеді.


Қалабай. Танысыңыздар. Бұл кісі менің нағашым, астана ақсақалдарының бірі — Айдар аға. (Айдарға.) Ал, мына кісілер өзіңіз іздеп келген Байбол аға мен Үрия апай. Мына жігіт Байекеңнің немере інісі дәрігер — Әділқан. (Бәрі де Айдармен қол алысады.) Ал, мына тұрған еліміздің аққуы, әнге бұлбұл — Айбала!


Үрия. Қалабайжан, ықыласың түзу екен... Жоғарылатыңдар.


Әділқан. Көріскенше cay болыңыздар. (Кетеді.)


Байбол. Менің де шаруам көп адаммын ғой.


Үрия (өтірік күліп). Шаруа бітер, бірақ жақсы меймандар келе бермес. Отыр, көкесі.


Байбол. Е, солай екен-ау. (Отырады.)


Қалабай. Біз Айбаламен алма ағаштарына шығайық.


Қызды қолтықтап верандаға әкетеді. Қолындағы нәрсесін қасына қойған Айдар да отырады.


Айдар. Атымды жаңа жиенім атады. Фамилиям Сақалбаев. Мүмкін естіген де боларсыздар.


Үрия. Есітпегенде ше.


Айдар. Голощекин, Мерзоян хұстарында заң жұмысын басқарғанмын.


Байбол. Жадымда бар.


Айдар. Шаяхметов тұсында министр де болдық.


Үрия. Білеміз. Атағыңыз ол кезде жер жаратын.


Айдар. Калинин марқұммен де табақтас болғанбыз.


Үрия (ентелей). Еркек осылай болу керек қой.


Байбол. Қазір не істейсіз?


Айдар. Қазір пенсиядамын... Осы ауданның жарты басшылары менің туыстарым еді, бәрі шақырып қоймаған соң қонаққа келдім.


Үрия. Бұл да әдемі жарастық екен-ау.


Байбол. Туыстарыңыз кімдер еді?


Айдар. Райкомның екіншісі, исполкомның біріншісі, потребсоюз бен торготделде өзім өсірген балалар.


Үрия. Солардың бәрін бір жерге топтаушы да өзіңіз шығарсыз?


Айдар. Әлбетте. Саяқ жүрмесін, таяқ жемесін дедім.


Үрия. Дұрыс-ақ қой. Сүйенерің, алысып-берісерің көп болғанға не жетсін. Мен қазан көтерейін. (Тұрмақ болады.)


Айдар. Қазан көтеруді кейінге қаратып, әзірге менің бұйымтайымды сұраңыздар.


Байбол Иә, сөйтейік.


Үрия (қайта отырып). Айта беріңіз... Құлағымыз сізде.


Айдар. Ойым әсем-ақ. Сөзбен қалай жеткізерімді кім білсін... Жаңағы Қалабай бала титтейінен қолымда тәрбиеленген еді, өзімді папа, әйелімді мама деп өсті. Еңбегім далаға кетпепті... Енді міне өз алдына үй болып, бір шаңыраққа би болып отыр. Сол баланың, сол баланың шешесінің атынан келдім...


Үрия. Сіздің келгеніңіз біз үшін үлкен мәртебе.


Байбол. Айта беріңіз.


Айдар. Қалабай қызыңызды ұнатады екен.


Үрия. Қызымыз да оны теріс көрмеске керек. Жігіт-ақ қой, Қалабай.


Байбол. Жарыспасаңшы.


Айдар. Оң болсын десек, үлкендер, ұнатысса-ақ құда түсуге келмекпіз.


Байбол. Ол балалардың өз еркіндегі нәрсе ғой.


Үрия. Жоқ, көкесі, біздің еркіміздегі нәрсе.


Айдар. Әлбетте, әлбетте... Сізбен туыссақ, Байеке, әбден бүтінденгелі тұрсыздар.


Үрия (қуанып). Бір аудан түгел жекжаттар ауданына айналады екен-ау.


Айдар. Мұнда сіздер, астанада біздер құрдай қатынасып жатпаймыз ба?


Үрия. Пай-пай десеңізші.


Айдар. Шықтық десеңіздер болғаны, күтіп аламыз ғой...


Үрия. Бір үйім онда, бір үйім мұнда...


Айдар. Әлбетте, әлбетте.


Үрия. Басар ем-ау жалғанды жалпағынан.


Айдар. Қыста қалада, жазда дачада күтер ек.


Үрия. Машинаңыз да бар шығар.


Айдар. Болғанда қандай! Қара бедеу —«Волга» ала жөнелгенде көз ілестірмейді.


Үрия. Машинам-ақ екен-ау!


Байбол. Біздің машиналар ондай емес.


Үрия (күліп). Қопан-қопаң, секең-секең ғой.


Байбол. Біз жұмсаққа үйренбегенбіз.


(Телефон шылдырлайды.)


Байболов слушайт... Кәзір барам. (Телефонды қайта асады.) Поездан түскен екі паспортсыз ұсталыпты.


Айдар. Апыр-ай, ә?!


Байбол. Үлкен жолдың үстіміз ғой, неше түрлілермен кездесе береміз.


Үрия. Отыр (етегінен басады.)


Байбол. Жоқ, отырмаймын, (Айдарға.) кешіріңіз... Біздің қызметтің осындайы бола береді.


Айдаp. Бимезгіл келгеніме сіз де кешіріңіз. (Тұрады.) Әңгіме соңын демалыс күні біздің апайдың үйінде аяқтайық.


Байбол. Қол тиер ме екен... Сол күні...


Айдар. Сақалды басыммен шақыра келіп отырмын. Бірге отырып дәмдес болалық.


Үрия. Барамыз, барамыз.


Айдар (күліп). Құдағи айтты, сөз тәмам. (Қораға қарай дауыстайды.) Қалабайжан!


Қалабай. Барамын, нағашы!


Айдар. Мынау біздің апайдың сәлемдемесі еді... (Түйіншекті Үрияға береді.) Сау болыңыздар. (Үриядан өзгелер кетеді.)


Үрия (түйіншекті ашып заттарды көреді). Бірінен-бірі өтеді асылдардың. (Айна алдында жібекті бойына өлшеп, ләтте жаулықты басына жауып сылаң қағады.) Жібек киіп, асыл жаулық жамылсам, алтын сырға тағынсам, қай қатыннан кем екем. Байым жуас екен деп мен де былжырай салам ба? Жоқ, өйтпеймін. (Сырға салып жатып.) Бетімнің қызылы, көзімнің күлкісі барда мен де киінемін, мен де күліп, ойнаймын. (Жәй ғана әндетеді.)


Дәуреніңнің барында ойна да күл,


Дүние екі айналып келмес саған.


(Есік қағылады.)


Кіріңіз, кіріңіз.


Қалабай қайта келеді.


Қалабай. Көзден, тілден сау болыңыз, апатай. Қандай құлпырып кеткенсіз.


Үрия. Рас па, Қалабайжан? (Қарсы барып.) Мынадай сәлемдеменің қаруын немен қайтарар екем?


Қалабай. Өйдемеңіз. Сіз ырза болсаңыз біз ырза.


Үрия. Нағашың қандай келісті кісі еді.


Қалабай. Жақсы адам. О да сізді қатты ұнатады.


Yрия. Солай ма? Құдай қаласа...


Қалабай (бөліп). Соны айтыңызшы, құдай қалай ма?.. Айбала көне ме?


Үрия. Көндіреміз.


Қалабай. Я сәт, я сәт.


Үрия. Ықыласың ауып кеткен екен, ә?


Қалабай. Атамаңыз, осы кезде Айбаладан өзге ойларым жоқ. (Серпіле сөйлеп кетеді.) Кейде мен көкте қалықтаған бүркітпін. Қырымнан қараймын да, алтайы түлкі Айбаламды танимын. Сорғалаймын көз ұшынан төменге...


Үрия (күліп.) Байқа, жаным, жазым етерсің.


Қалабай. Ұстай берем дегенде жалт береді де кетеді. (Алақанын жазып.) Төсіне батпай тырнағым, шеңгеліме қан жұқпай қапыда қалып жүремін.


Үрия. Мезгілі жетпей жүрген ғой. Сағаты соққан күні.


Қалабай. Я, сәт, сүйдеңізші.


Үрия. Сағаты соққан күні көрерсің бәрін де.


Қалабай. Аузыңа май, апатай.


Үрия. Өз тілдесуің қалай?


Қалабай. Бүгінгімен екі рет тілдестім.


Үрия. Бері ме, әрі ме?


Қалабай. Оң жақтағы қыз — құрық тимеген асау емес пе, тіктеу сөйлегенімде, тікендей жауап берген.


Үрия. Мінезге мінез көрсетпеген қыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей ме? Оған ренжімеген шығарсын.


Қалабай. Оған ренжігем жоқ.


Үрия. Бүгін қалай сөйлестіңдер?


Қалабай. Тәуір сияқты. «Сіз, біз» десіп сыпайы тарқастық.


Үрия. Басқа ештеңе демедің бе?


Қалабай. Демедім.


Үрия. Мұның да оңды шыққан. Әйел мінезі қызық қой: ол иіле берсең шалқайып, жалына берсең паңдана түседі.


Қалабай. Ұстамды болсаң ше?


Үрия. Онда әйелдің намысына тиесің, маған қалай ілтипат етпеді деп өзі сезіктенетін болады.


Қалабай. Енді үндемей бағайын ба?


Үрия. Тіпті үндемегенді аузын буған момын дейміз. (Екеуі күлісіп қалады.) Шешен сөйле, шебер қимылда.


Қалабай. Бірақ алтын тұтқа сіздің қолда ғой, апай.


Үрия. Алтын сандықтың кілті өз қолында, шырақ. Жүрегіңді сандығыңа қосып аш.


Қалабай. Сандық кілтін өз қолыңызға беремін. Қалағанда ашыңыз, қалағанша шашыңыз. Тек ақсұңқарымды қолыма әкеп қондырыңызшы.


Үрия. Қондырамын.


Қалабай. Уәде ме? (Қолын ұсынады.)


Үрия (қолын беріп). Уәде. Бүгін Байбол колхозға кетеді. Айбаламен үшеуміз отырайық.


Қалабай. Аузыңызға май, апатай.


Үрия. Бір қызық мәжіліс жасайық.


Қалабай. Онда мен қамданып келейін.


Бір тамаша отырыс болсын енді. (Кетеді.)


Үрия (қайтадан айнаның алдында). Қазан аузы жоғары. Тастадым қармақ тереңге, қапсын алтын балықтар...


Дәуреніңнің барында ойна да күл,


Дүние екі айналып келмес саған.


Айбала (кірген. Күлімсірей қарайды). Пә, дегенің! Көңілді тұрсың ғой, апа.


Үрия. Иә, қызым. (Құшақтайды.) Шалым аман, сен аман тұрғанда көңілді болмай қайтуші ем. Кәнеки, байғазы бер.


Айбала. Ғажап.


Үрия. Осының бәрін Қалабай әкелді.


Айбала. Қалабай? Қалдық-ау бір пәлеге.


Үрия. Не деген мырза, қолы ашық. Төңірегі береке де мереке.


Айбала. Қызық адам.


Үрия (жақындай түсіп). Сыпайы да емес пе?! Мінезі қандай сынық, сөзі қандай әдепті.


Айбала. Сондайы да бар ма?


Үрия. Күн тимеген, шаң жұқпаған сұңқар емес пе.


Айбала. Қатты құлап кетіпсің, апа.


Үрия. Оның құлағанын көрсең еді, қызым. Қолы босаса келетіні біздің үй. Көңілім де, көзім де Айбалада дейді.


Айбала. Ал менің көңілім өзге адамда... Нартайда.


Үрия. Қойшы әрмән, оныңды. Артис те адам болып па?


Айбала. Адам болғанда қандай?


Үрия. Әдемі ме?


Айбала. Жоқ.


Үрия. Данышпан ба?


Айбала. Жоқ.


Үрия. Алып па?


Айбала. Жоқ.


Үрия. Енді қандай?


Айбала. Мен ойлағандай


Бәрінен артық адамның


Нартай деген аты қандай көрікті


Жүрегінің тарыдай да дағы жоқ


Көзі толы нұр мен мейрім.


Көңілі де жарық көзіндей


Сүйдім десе шынын ғана айтады.


Сөздерінде жамау менен жасқау жоқ.


Үрия. Жетті, жетті! Мақтама маймылыңды! Қалабайдың көлеңкесінен садаға кетсін!


Айбала. Қалабай оның басқан ізінен садаға кетсін!


Үрия. Ә, кесектесемісің! Мұның маған өгейсің, тумағансың дегенің ғой! (Отыра кетеді.) Жүрегім...


Айбала (телефонға жармасады). Алло, больница! Әділқан аға, тезірек... Апам тағы да... (Телефонды іліп апасына жетеді.) Олай ойласам көгермей кетейін, апа. (Құшақтайды.) Жыламаңызшы. Мен сізді жылатпасқа серт еткем.


Үрия. Рас па? (Жұбанған дауыспен.) Ақылдым менің. (Сүйеді.)


Айбала. Неге осынша тез сарқыла қаласыз.


Үрия. Сарқылмағанда ше?


Алаң болар перзентім кәне,


Қатынасар жекжатым кәне?


Әкең анау милиция жегіні,


Өз үйіне сирек қонақ бишара.


Ойым жүйрік, қолым қысқа


Байлаулы жандай омалам да отырам.


(Көзін сүртеді.)


Байқа, қызым


Мені тастап кетемін деп ойлама,


Сен тыңдамай осы үйден кеткен күн.


Мен өлі шығамын.


Айбала (шошып). Қалайша... Қалайша, апа?


Үрия. Осы үйде не көп, мылтық көп. Өзімді өзім тарс еткізе саламын.


Айбала. Иә.. өйтпейсің.


Үрия. Онда сен де кетпейсің. Қалабайды да сөкпейсің.


Осы кезде неше түрлі бутылкелерді көтерген Қалабай келіп кіреді.


Қалабай. Айбалажан, жәрдемдес.


Айбала. Кәнеки... маған беріңіз.


Үрия (қуанып). Мен де көтерісейін. (Көтеріп баратып тоқтаған, Қалабайға бұрылып ұрлана сөйлейді).


Барымды салдым


Мойнына да, аяғына да оралдым,


Бетін бермен қараттым.


(Маймаңдай жөнеледі.)


Қалабай (ойнақы басын иген, одан айнаға билей қарап, шашын, бойын түзеп тұр.)


Талтаңдасаң талтаңда,


Ақшаң болсын қалтаңда.


Болмаса ақшаң қалтаңда


Жалтаңда да, жаутаңда.


Қазекем білмей айтпаған.


Апай қалай маймаңдайды жорғалап,


Қолдан жем жеп үйренген


Тұрымтай сияқты емес пе?


Көтерсең болды қызылды


(Қолын көтеріп.)


Қиядан төмен құйылып,


Қолыңа келіп қонады.


Содан кейін не істесең өз еркін.


Қызын ал, қызына қосып өзін ал.


(Күледі.)


Ал, Байбол ондай емес.


Түк көрмейтін соқырдай,


Түк есітпес саңыраудай,


Ештеңеге қызықпайды-ау оңбаған.


Мені көрсе жиырыла қалып кірпідей,


Дарытпайды бойына.


Бір адамы өкшелей түсіп соңыма


Көз алмастан бағып жүр.


Ал өзі шай жіберілген колхозға кетіпті.


Мейлі, баға берсін,


Қызы түссе қолыма


Көрер едім батырды.


Ауданды өртеп жатсам да


Отырар еді-ау амалсыз.


(Қулана көкке қол созады.)


О, тәңірі, жалбарындым өзіңе


Милиция бастығына мейірім бер.


Қайын атам ет, туыстыр!


Одан кейін сені де ырза етемін!


Айбала (кіреді). Жалғыз қалдырғанымызға кешірім етіңіз, Қалеке.


Қалабай. Менің көңілім қашан да өзіңмен бірге, Айбала, жалғыз қалыпты деп ойламағайсың.


Айбала. Солай ма, ендеше отырыңыз.


Қалабай. Міне отырдым. Тағы не бұйырасың, Айбала?


Айбала (отырып). Әрі жылатар, әрі жұбатар әңгіме айтыңыз.


Қалабай. Ол әңгімем әлдеқашаннан әзір, қарғашым.


Айбала. Бәрін біліп, бәрін әзірлеген екенсіз де.


Қалабай. Әрине, Айбалаш. (Әңгімесін бастайды.)


Отыз күн ойын,


Қырық күн той болады, Айбала.


Ат шабады,


Балуан күреседі, Айбала.


Ақын жырлап,


Ән шырқалады, Айбала. (Әндете.)


Содан кейін ел тарап күн батады,


Келіншекке күйеуі үн қатады.


«Сүйші, сәулем, сүй» дейді.


Сол келіншек сен,


Сол күйеуі мен боламын, Айбала.


Айбала. Сақта, құдай.


Қалабай. Жыла, Айбала. Айбала. Енді жұбатарын айтыңыз.


Қалабай (аз ойлағаннан кейін).


Алыс жолдан жарын аңсап оралған,


Машинасын зырғытады бір адам.


Тынар емес жетіп жарын көргенше,


Тоқтар емес жарты жолда өлгенше.


Сөйтіп келе жатқанда


Жардан ұшқан машина


Төмен қарай құлайды,


Мотормен бірге жар жүрегі тоқтайды.


Көп дүние, сан ақшаға ие боп,


Жас келіншек қалады.


Сол келіншек сен,


Сол өлген мен боламын, Айбала.


Айбала. Ха-ха-ха... Мұныңыз да шықты. Бірақ жесір қалған әйелге дүние мен ақша не керек.


Қалабай. Ақшаң болса, Айбала, сүйгеніңді сатып та аласың.


Айбала. Шын ба?


Қалабай. Ақшалының қолы ұзын, тілі де ұзын.


Айбала. Сізге бір тілек айтсам істер ме едіңіз? (Жақындап барған, жалынған пішінде қол созып тұр.)


Қалабай (о да тұрады). Айбала бұйырса отқа да түсемін. Тек қана жұмсай білсін.


Айбала (даусы дірілдеп), Сіз апама айтыңыз... Қойдым деңіз...


Қалабай. Нені?


Айбала. Мені (Қалабай үрке кейін шегінеді.) Маған сахнада жүретін әнші әйел емес, от басына иелік ететін әйел керек деңіз.


Қалабай. Кешір, Айбала, кешір. Бұл тілегіңді орындай алмайды екенмін.


Айбала. Отқа түсетініңіз қайда?


Қалабай. Отыңды жақ, түсейін. Тек жаңағы сөздерді үйрете көрмегейсің. (Төмен қарап тұр.) Бір үйге бір бұлбұл құс артық емес. Мен де сенің үнің үшін, әнің үшін құмармын. Сен сайраушым болсаң, мен тыңдаушың боламын.


Айбала. Бір әншіге бір тыңдаушы деңіз.


Қалабай. Керек десең жүзді де, мыңды да жинап тыңдатам. Тек...


Айбала. Тек менің торымда тұрып сайра деңіз.


Қалабай. Торымда емес, құшағымда. (Құшағын жаяды. Есік қағылады.)


Айбала. Кіріңіз! (Әділқан Айнашпен кіреді.)


Доктор жолдас, дәрі-дәрмегің қайда?


Әділқан. Жеңешемнің шауып кетерін білгенмін.


Айбала. Танысыңыз аты Айнаш. Алматыда оқиды. Болашақ педагог. Менің досым, Әділқанның...


Әділқан. Тоқталма, айтып жібер.


Айбала. Батыр болсаң өзің айтшы, Әділқан.


Әділқан (барлық салмақты үндерімен). Менің қалыңдығым.


Қалабай (қол соғады). Тіпті әсем айтылды.


Айбала. Торжественно шықты.


Айнаш (айна алдында шашын жөндеп тұрып). Аңшы мақтаншақ, саудагер мақтаншақ, бойдақ жігіт мақтаншақ деген рас екен ғой.


Қалабай. Дәрігерлер мақтаншаққа жатпай ма екен?


Айнаш. Дәрігерлік ғылым емес пе? Ғалымдар мақтаншақ болуға тиісті емес.


Әділқан. Айнаш менің пайдама шешімді сөздер айтты. Енді сол үшін қол соғалық. (Қол соғылады.)


Үрия (күлімдей кіреді). Мәз боп жатқан кімдер десем... Өз ұлдарым, өз қыздарым екен ғой. (Айнашты сүйеді.) Жүріс қашан, қызым.


Айнаш. Ауылдан жолға шыққан бетім осы.


Үрия. Енді дастарқанға жүріңдер, балалар.


Әділқан. Жеңеше-ау, сыңғырлап тұр ғой дауысың. Өзің тұрып кеттің бе?


Үрия. Өзім тұрып кеттім.


Әділқан. Дұрыс еткенсіз. Адам өзін-өзі емдеуі керек.


Қалабай. Онда сен жұмыссыз қалар ең.


Әділқан. Оған да ырзамын. Тек әркім өзін өзі емдер болса екен.


Қалабай. Мен сияқты ма?


Әділқан. Жоқ, менің Байбол ағам сияқты.


Қалабай (Үрияға). Ағайдың ондай өнері де бар ма еді?


Үрия. Бар деп тұрған қайнымнан сұраңдар.


Әділқан. Бар. Бар болғанда қандай. (Бөліп-бөліп.) Ұрлық етпейді, обал жасамайды. Бұдан үлкен өнер бола ма?!


Айбала. Дастарқанға жүріңіздер (Бәрі верандаға өтe береді. Үрия мен Қалабай кідіреді.)


Үрия. Тілдесе алдың ба, қарағым?


Қалабай. Тілдестім.


Үрия. Не аңғардың?


Қалабай. Аянбай қимылдаңыз, апай. Тетігі сіздің қолда ғана екен.


Айбала (сырттан). Апа.


Үрия (естірте). Үніңнен айналайын апалаған.


Бұлар да кеткен. Сәлден соң есік қағылады. Бірақ ешкім үндемеген соң Қалабайдың шешесі Қалима кемпір кіреді.


Қалима. Есік ашық, үй оңаша. Не қаласаң соны істе.


Қалабай (сырттан). Мен гүлдердің гүлі, Бұлбұлдардың бұлбұлы Айбала үшін көтеремін!


Қалима. Бәсе, бәсе. Менің Қалабайым осылай сөйлесе керек-ау. (Мойнын созып қарайды.) Дәл, өзі, тұрысын қара қасқайып.


(Жөтеледі. Жүгіре басқан Үрия кіреді.)


Үрия. Апыр-ау... Мен кімді көріп тұрмын. (Құшақтасып көріседі). Қалима апай, сенейін бе, сенбейін бе көзіме?


Қалима. Күтіп пе едің, күтпеп пе едің, шырағым?


Үрия. Екеуі де. Күтпегенім — үлкенсіндім, күткенім — жақынсындым.


Қалима. Ақылды екенсің-ау, қарғашым. Сенен жақсы лебіз шықты деген соң аялдай алмадым. Бізге келер-келместеріңді әбден пісіріп қайтқалы келдім.


Үрия. Сіз шақырғанда бармастай, қайдан шығыппыз.


Қалима. Бәрекелде.


Үрия. Сіздің үйге жеткенше асығуым сондай, мына күнді батыра алмай, алдағы таңды атыра алмай отырмын.


Қалабай (сырттан).


Боларында болып өт,


Боз жорғадай желіп өт,


Келіңдер, көтерелік!


Қалима. Даусы да әкесі, айтып тұрған сөзі, де әкесі.


Үрия. Еріңіз де осындай емес пе ме еді?


Қалима. Есіп отыратын. Қасқырдай жүректі, жолбарыстай білекті еді, марқұм.


Үрия. Пах, пах, еркек солар ғой.


Қалима. Қарамаушы еді-ау дүниенің бетіне.


Үрия. Түсімі де көп болған шығар.


Қалима. Әрине. Алғашқыда өкірікте судия болған.


Үрия. Пәле, пәле!


Қалима. Өкірікте ол судия, үйде мен судия! Қайда ол күндер.


Үрия. Дүние шаш етектен дегендей болар.


Қалима. Төгіліп жатады, жауып жатады. Кейде түйеге, арбаға тиеліп келеді-ау.


Үрия. Алсақ бізге де жауғалы тұр. Бірақ шалым қызықпайды.


Қалима. Өзің ал, өзің сіңір бойыңа. (Аузын жақындатып). Ақшаны қалтаға, бұйымды сандыққа бас. Қуырылып жатсын, қайнап жатсын.


Үрия. Тірілей терім сыпырылар.


Қалима. Пішту дегенің! Табанына кілем төсеп, жамбасына мамық сал. Әрі-беріден соң еріңнің өзі құнығады дүниеге.


Қалабай (сырттан). Тағы да Айбала үшін — алтын қыз үшін.


Қалима (солай қарап). Айналдым үніңнен. (Үрияға.) Айттым ғой, өзің ал, өзін қимылда.


Үрия. Біздің кесір қамап тастап жүрмесе.


Қалима. Пішту дегенің. Ерің мықты-ақ болар. Бірақ қатыннан мықты еркек жоқ. Өз қолын өзі қайдан кессін.


Үрия. Жасы үлкеннен, көп көргеннен кеңес сұра деген рас екен-ау. Қанша ақыл алдым бір кездескеннің өзінде.


Қалима. Көркің қандай, қылығың қандай әдемі. Дәуренің әлі алдыңда емес пе?


Үрия (жымиып). Дәурен қайда, біз қайда. Қырыққа да жетіп қалдық қой.


Қалима. Тәйірі шіркін, қырық деген де сөз бе екен. Өзіміз қырықта қызға бергісіз болғанбыз.


Үрия. Сіздің сүйегіңіз асыл болар.


Қалима. Пішту дегенің! Сенің де сүйегің жасық емес. Тек алдына түспе кәріліктің.


Үрия. Жүріңіз, жастарға дәмдес болыңыз.


Қалима. Алда ырза болсын, бармаймын. Қарақтарым ойнап-күлсін қысылмай. Қайтамын.


Үрия. Әдейі келіп құр ауыз шығамысыз.


Қалима. Құдай қосса талай дәмдес болармыз. (Орнынан тұрады.) Тек, шырақ, шалық келмей қалмасын.


Үрия. Шалымды өз қолыммен жетелеп апарамын.


Қалима. Бәрекелде. (Есікке беттейді.)


Үрия. Мен шығарып салайын.


Екеуі кетеді. Сәлден соң верандадан ашулы Айнаш, оған ілесе Айбала жүгіре басып шығады.


Айбала. Тоқташы, Айнаш, сөз тыңдашы.


Айнаш (кідіріп). Неңді тыңдаймын, бишаралығыңды ма?


Айбала. Апамды жылатпаймын деген сертім барды, соны орындаймын.


Айнаш. Нартайға да келемін демеп пе едің?


Айбала. Дегенмін. Әйтсе де Алматыға жүре алар емеспін.


Айнаш. Одан да Қалабайдан кете алар емеспін десейші.


Айбала. Кетсем апам атылатын түрі бар. (Жылайды.)


Айнаш. Ағызба сораңды! (Шапалақпен тартып жібереді.) Мен қазір Нартайға телеграмма беремін. (Отыра қап жазады.) «Алматы, Театр. Нартай, екі күнде жетпесең Айбаладан айрылдың. Айнаш». (Үрия кіреді. Екі қызға кезек қарайды.)


Үрия. Сендерге не болған?


Айнаш. Апай, Айбала оқуға жүрмейтін болды ма?


Үрия. Әншінің оқуы деген оқу бола ма екен?


Айнаш. Сонда қалай, үйде қалып, күйеуге шыға ма?


Үрия. Қыз бойжеткен соң күйеуге шықпай қайтушы еді. Салақтай бермей өзің де шық күйеуге.


Айнаш. Менде жұмысыңыз болмасын!


Үрия. Айбалада сенің де жұмысың болмасын!


Айнаш. Өсер жастың бақытын байламаңыз. Айбала — консерваторияда оқуға міндетті.


Үрия. Шық үйімнен бейбастақ.


Айнаш. Кейін ұят арқаласаңыз бізге өкпелемеңіз.


Үрия. Шық деген соң шық!


(Айнаш оқтай атылып шыға жөнеледі.)


Айбала. Қойшы, aпa.


Yрия. Сөзге ермейік, қарашығым. Сөзге ере берсек, от басынан береке қашады.


Айбала. Бір жыл оқып қайтсам қайтер еді.


Үрия. Бір күнге де жібермеймін.


Айбала. Ойланыңызшы әуелі...


Үрия. Мен ойланып болғанмын. Ал тыңдамас болсаң өзің біл. Мен де өз дегенімді орындаймын. (Жүгіріп барып суырмадан мылтық суырып алады.) Бір күн туыппын, бір күн өліппін.


Айбала. Апатай! (Мылтыққа жабысады.) Қойыңызшы, кетпеймін. (Мылтықты орнына салады.)


Сырттан дауыс. Хат қабылдаңыздар?


Айбала (есіктен барып хат әкеледі). Гурьевтен.


Үрия. Апамнан... Бірге туған әпкемнен. Оқышы, қарағым.


Айбала (оқиды). «Қадірлі нағашы апа, қадірлі жездеміз және бөлеміз Айбалаға...


Үрия. Апамның баласы жазыпты.


Айбала (оқи береді). Әскерден қайтқаныма үш ай. Содан бері ВУЗ-ға түсуге әзірленуде едім, қазір әзірлігім жақсы аяқталды. Жақында Алматыға оқуға жүремін де, жолай сіздерге соғамын. Бәріңізбен танысып, табысып кетемін. Шешем де сіздерді бір көруге ынтызар. Қысқа қарсы ол кісі де барып қайтады. Үлкен сағынышпен қош деуші Болат».


Үрия Садаға кетейін хатыңнан! (Хатты алып бауырына басады.) Аты кім дедің?


Айбала. Болат.


Үрия. Атыңнан айналдым, Болатжан. Өлгені тірілді, өшкені жанды деген осы екен ғой. Қайда жаңағылар. (Верандаға беттейді) Келіңдер, балалар, қуаныңдар!


ЕКІНШІ АКТ


Сахна бірінші картинадағыдай, түс кезі. Перде ашылғанда Айбала күйсандық тартып отыр. Кейде мұңлы, кейде асқақтау бір сарын кезектесе естіледі. Жаңа түйіле берген бұлтты жеңіл жел қоюландырмай, желпіп тұрғандай, мұңлы сазды да асқақ сарын сергітіп тұрғандай сезіледі. Жас қыздың жаны толы шырқалған ән, бірақ ол ән тереңде. Біз оның алыстан жеткен, сыңси жеткен үнін ғана есітеміз.


Ақсұңқар айдын көкте айналады,


Жарасар жалтыл-жұлтыл ойнағаны.


Алданып тауға қонбай, торға қонса


Шіркіннің соры сонда қайнағаны.


Ақсұңқар айдын көкте айналады,


Жарасар жалтыл-жұлтыл ойнағаны.


Қапыда қайран сұңқар торға түссе,


Бір жаман оп-оңай-ақ байланады.


Тарта береді. Сырттан Айнаш пен Әділқан кіреді де, тыңдасып қалады.


Айнаш. Мынау мен есітпеген ән екен.


Әділқан. Маған да жаңа сияқты.


Айнаш. Өзі шығарған болар.


Әділқан. Мүмкін... Жіберер ме еді ағытып.


Айнаш. Онда бір жөнер еді шырғатылып. (Ән үзіле созылып барып тоқтайды. Келген екеуі қол соғады.)


Айбала. Түу, зәремді ұшырдыңдар ғой. (Екеуін қоса құшақтайды.) Жай жүрмісіңдер.


Айнаш. Жайдан жай кісі жүре ме. Өсек айтқалы келдік.


Әділқан. Сүйінші сұрағалы келдік. Әке-шешеңнің қайда екенін білемісің?


Айбала. Қонаққа барамыз деп кеткен.


Айнаш. Қайда?


Айбала. Білмедім.


Айнаш. Сен білмесең біз білдік. Олар қазір Қалабайдың үйінде.


Әділқан. Құдағилар құшақтасып, төстерін соғысып жатқан көрінеді.


Айнаш. Тойыңды да тез жасамақ болыпты. Әңгіме беті осылай. Енді аз ғана күнде Айбала қыз Айбала жеңгейге айналады да, «шүу!» деп тартып отырады.


Айбала. Қайда?


Айнаш. Әкем берген, шешем қосқан құтты қонысқа!


Әділқан. Айнала кілем. Қабат-қабат төселген жібек көрпе. Төбедей ақ жастыққа шынтақтап Қалекең жатады. Күмістен әппақ самауырын» нан шай құйып Айбала отырады. «Аяшжан», дейді Қалабай. «Әу», дейді Айбаласы үзіліп.


Айбала (салып қалады). Маған айтқалы келгенің осы ғана ма!


Әділқан. Өзің көніп, ырзамын деп отырсаң не қыл дейсің.


Айбала. Көнбедім десем қайтер ең?


Әділқан (құлшынып). Онда көрсетер ем өнерді! (Есік қағылады.) Можно! (Қолында кішкене чемоданы бар жас жігіт кіреді)


Айбала. Мәссаған.


Жігіт. Орта толсын, құрбылар.


Айбала. Нартай! (Екеуі құшақтаса амандасады.)


Айнаш. Мен телеграмма берген Айнашпын.


Әділқан. Мен сенің сырттай тілектес ағаң Әділқанмын.


Нартай. Саумысыздар, достар.


Айнаш (Айбаланы көрсетіп). Мынадан өзгеміз түгел саумыз.


Нартай. Ауырдың ба, Айбала?


Әділқан. Өліп тірілді.


Айнаш. Мүрдем кете жаздады.


Нартай. Қалай, қалай?


Әділқан (ойнақы әндетеді).


Үш күннен соң осы үйде той болады,


Сойғаны құлын менен қой болады.


Айнаш (о да әндетіп).


Айбала Қалабайға жар болады,


Ізіне қыздың Нартай зар болады.


Нартай. Мүмкін емес. Айбала менің ғана Айбалам. (Құшақтайды.)


Айбала. Нартай... Наркесім. (О да құшақтайды.)


Нартай. Біз бірінші көргенде-ақ біліскенбіз, Айрылмастай болып танысқанбыз. (Өткен бір суреттерді қайта көргендей сөйлеп кетеді.) Енді Оңтүстіктен келген Айбала Байболқызы өлең айтады деді конферансье. Шыға келді Аяшым. Төбеден құйылған жалғыз жарық сары көйлекті Айбаланы жалынға ма, жалауға ма айналдырып жіберді. Алтын қыз тұрды алдымда.


Айнаш. Қалай-қалай айтады!


Нартай.


Сәлден кейін ән де кетті басталып,


Сылдыр-сылдыр, сыңғыр-сыңғыр.


Күміс қоңырау қағылғандай сиқырмен.


Айнаш. Ғажап!


Нартай.


Мөлдірей қалды көк аспан,


Сәулесін төкті жаңа күн.


Гүл дүниесі қақпасын ашты алдымда


Қып-қызыл гүлдер ішінен


Аяшты таптым сонда мен.


Айыра алмайды бізді ешкім


Рас, Аяшым?


Айбала. Рас. (Екеуі сүйіседі.)


Әділқан. Міне саған керек болса махаббат!


Айнаш. Сен ғой мұның бірін де тауып айта алмайсың.


Әділқан. Талай-талай айтқанмын. Бірі қалмапты ғой есіңде. (Нартайды жұлқып қалады.)


Жетер, жолаушы? Менің Айбаламен туыс екенімді де ұмытпа. (Сырттан машина гүрілі естіледі.)


Айбала. Әнеки, апамдар да келіп қалды.


Нартай (сасып). Маған не бұйырасыңдар?


Әділқан. Сен менімен келген жолдассың. Бізбен бірге отырып, бізбен бірге кетесің.


Айбала. Жоқ, кетпейсің, осында қаласың.


Нартай (таңданып). Кіммін деп қалам, Айбала?


Айбала Қазірден бастап атын Болат. Алматыдан емес, Гурьевтен келгенсің. Апамның апасының баласысың.


Нартай (үрке). Қалай, қалай?!


Айнаш. Қысқасы Айбаламен екеуің бөлесіңдер.


Айбала. Шешең қуатты, үй ішің аман. Бізді сағынып, әдейі іздеп келгенсің. Мінеки соңғы жіберген хатың оқып ал. (Хатты береді. Нартай көз жүгіртеді.)


Әділқан. Мықты бол жүрегіңе. Әркім өзін-өзі емдеу тиіс.


Нартай. Жоқ, болмайды.


Айнаш. Атың Болат, ұмытпа.


Әділқан. Апайдың апасының баласысың.


Айбала. Бірінші рет көрісуің. Апам бір сүйсе, сен екі сүй.


Айнаш. Атың Болат.


Нартай. Үйленгенмін бе?


Айбала. Білмеймін.


Нартай. Фамилиям кім?


Айбала. Оны да білмеймін.


Әділқан. Бері жүріңдер. Үлкендердің қалай қайтқанын верандадан бағып көрелік.


Жастар верандаға өтеді. Сырттан қабақтарындағы қырқылжыңдарын жасыра алмаған Үрия, Айдар, Байбол үшеуі кіреді.


Үрия. Төрге шығыңыз, құда, отырыңыз.


Айдар. Рақмет, отырмаймын... Бәйекеңе бірер сөз айтамын да қайтамын.


Байбол. Маған ба?.. Пожалуйста.


Айдар. Көңілімде қалған кішкене ғана өкпемді өз үйіңізде айта кеткім бар.


Үрия. Айтыңыз, айтыңыз. Сіздің әрбір сөзіңіз бізге ақыл емес пе?..


Айдар. Құда түсіп, қуанысып жатқанда қабағыңыз бір ашылмады ғой, ол қалай?


Үрия. Мұның қабағы әр кезде сондай.


Байбол. Тоқта, Үрия, маған берілген сұраққа мен жауап беремін.


Айдар. Сыйымыз жетпеді ме? Құрметіміз жақпады ма?


Байбол. Мен сол сый, құрметтің көптігінен сасқан болуым керек.


Үрия. Не дейді!


Байбол (бөгелмей). Сіздер ірі қимыл, ірі мәжілістің кісілерісіздер ғой... Ілесе алмай таңым айрыла ма деп қорқамын.


Айдар. Сізде қорқыныш емес, күдік бар сияқты-ay.


Байбол. Мүмкін. Күдік, сезік біздің қызметімізге байланысты ғой. (Бір адым жақындап.) Қызыққыштың көңілі босаң, көңілі босаңның аяғы тайғақ. Милиция сақтығы бізді солай тәрбиелеген.


Үрия. Түсінбей қалдым. Не дедің?


Айдар. Мен түсіндім. Құда шынын айтты. (О да Байболға жақындай түседі.) Сақтықта қорлық жоқ. Сіздің күдікшілдігіңіз бен сезімталдығыңыз жекжатыңызға да тиімсіз болмас. Ал қысылшаң күнде маған сүйеніңіз. (Еңкейіп.) Алып шығам суырып тереңдерден. (Жоғарыға шалқая қарап.) Биікке де көтеріп шыға аламын. Cay болыңыздар! (Кетеді.)


Үрия. Есіттің бе, не деп кетті? Тереңнен де шығарам, биіктен де асырам демеді ме?


Байбол. Деді.


Үрия. Ал сен кірпідей бүрісе бересің... Сенбейсің.


Байбол. Сенбеймін. Тамырында қаны жоқ, кеудесінде иманы жоқ адам сияқты.


Үрия. Білгірін шіркіннің. (Екінші бөлмеге киімдерін шешуге беттеп бара жатып кідіреді.) Аш қабағыңды, тоқтат жүрегіңді. Біз өте жарамды жермен құда болдық, көкесі. (Екінші бөлмеге кіріп кетеді.)


Байбол.


Жабысты келіп бір пәле,


Өзіміздің ауданнан шықса бір сәрі-ау,


Астананың өзінен келіп жабыстым,


Қызықтарға қызықтырар


Сөздің неше астарлысын соғады.


Кейде тұрып кәрі бұқа сияқты


Мүйізін кеп төсесе,


Сүзе ме деп сескенгендей боламын.


Өңшең пысық жабылып,


Бір жуасты сындырмақ...


(Сәл ойланып.)


Жоқ, сынбаймын, тізгінімді бермеймін,


Жуастың да міндеті бар сөнбейтін.


Жуастың да ұяты бар өлмейтін.


Айбала. Шүйінші, шүйінші! (Жүгіріп кіреді.)


Үрия. Айтшы, қозым... (Шығады.)


Айбала. Болатың келді, апа!


Үрия. Болатым келді ме? Кәне, кәне.


Айнаш. Міне, міне! (Нартайды денесімен жасыра о да кіреді.) Әуелі көрімдігін беріңіз. (Әділқан да келеді.)


Үрия. Қалағаныңды ал, қарағым.


Айнаш. Мінеки.


Үрия. Болатым... Қанатым. (Нартайды сүйе бастайды.)


Нартай (о да сүйіп). Жарайды, апа. Енді жездеммен көрісейін. (Байболмен құшақтасады.)


Байбол. Бәрекелде, бәрекелде. (Бауырына басады.) Жігітім-ақ екенсің.


Үрия. Кәне, отырыңдар.


Байбол. Хатыңмен қатар жеттің-ау, Болат.


Нартай. Мен бе? (Түсінбей). Хат деймісіз?


Айбала. Әнеугі жазған хатыңды айтады.


Нартай. Е... хатты айтады екенсіз ғой.


Үрия. Шешең қуатты ма?


Нартай. Құдай деп отыр. Сәлем де, сәлем де, деп жылап қалды.


Байбол. Қайтсін байғұс, сағынған ғой.


Айнаш. Апай, көріспегендеріңізге көп болып па еді?


Үрия. Биыл аттай 28 жыл бопты.


Байбол. Иә, солай шығар.


Үрия. Балапан басы, тұрымтай тұсыменнің кері келмеді ме... Әке мен шеше аштан өліп, біз екі туыс қыз бет-бетімен кетіппіз. Содан былтыр хабарластық емес пе. Екі пақыр дүниенің екі шетінен шығыппыз ғой.


Нартай. Шешей де жырдай ғып айтып отырады. Сізді жоғалтқан соң ол үш күн жылапты.


Байбол. Қайран бауыр... оңай ма?


Үрия (көңілі бұзылып). Мен қанша жыладым.


Байбол. Бөпең нешеу, Болатжан? (Нартай есітпеген болады.)


Айбала (Нартайды түртіп). Бөле, аңғармай қалдың білем, папам бөпең нешеу деді.


Нартай. Менің бе... Апам тұрғанда бізге бөпе қайда, жезде.


Байбол. Дұрыс айтады. Кемпір тұрғанда бұларға бөпе тие ме?..


Үрия. Ақылыңнан айналдым.


Байбол Келін қай жердің қызы?


Нартай. Сол жердікі. Әбу Сәрсенбаев дейтін ақынның туыстары.


Әділқан. Жарадың. Жарамды жерден алыпсың келінді.


Айбала. Жеңгейдің аты кім, бөле?


Әділқан. Өзіңмен аттас Айбала.


Айнаш. Қызық болғанда түрлері де ұқсайтын шығар.


Нартай. Рас, түрлері де ұқсайды. (Айбалаға.) Бойы да дәл өзіңдей, көзі де дәл көзіңдей. Жалғыз міні: жуастау.


Байбол. Әйел баланың жуасы оңды. Басымен алысқанның не керегі бар.


Айнаш. Біздің Айбала ән салады, сіздің Айбала ше?


Нартай. Рас па, апа?


Үрия. Рас.


Айнаш. Жақында Алматыдан бірінші бәйге әкелді.


Нартай. Біздің Айбала да әнші. Бірақ әлі топқа түскен жоқ, ұяңдау.


Байбол. Ұяң деме, ұятты де. Әйел баланың көңілі жүйрік, тілі қысқа болғаны артық.


Әділқан. Міне, міне, әйел деп соны айт.


Үрия. Балалар, енді осында қона жатыңдар. Мен сендердің қамдарыңды жасап қайтайын. (Кетеді.)


Байбол. Ал, мен жолға әзірленейін. (Ішкі бөлмеге кіреді.)


Нартай (отыра кетеді). Ух, қалды-ау шыбыным.


Айнаш. Айбала жәрдемдеспегенде көретін ең.


Әділқан. Енді Қалабаймен кездесу қалды.


Нартай. Онымыз кім?


Айнаш. Бүгін құда түскен күйеу ше. (Сырттан Қалабай кіреді.)


Әділқан. Кімді айтса сол келеді.


Қалабай. Бәсе, құлағым шуылдап еді-ау. Мақтаған шығарсыңдар.


Айбала. Мақтадық. Сыртыңыздан мына бөлеммен таныстырдық.


Қалабай. Ұмытпасам аты Болат шығар. Жаңа ғана апайдан есіттім. Кәнеки туыс болып көрісейік. (Нартаймен құшақтасады.)


Әділқан. Туыстар танысып болғанша біз жарық дүниеге шыға тұрайық.


Айбала (веранданың есігін нұсқап). Барлық жарық, барлық күн екеуің үшін. (Үшеуі шығады.)


Нартай. Біз шықпаймыз ба?


Қалабай. Сәл ғана (қолынан ұстап.) Болатжан, бәрін де естіп жатқан шығарсың.


Нартай. Есіттім, Қалеке.


Қалабай. Бөле қыз қалай? Өзіңді қалай қарсы алды?


Нартай. Егіздер сияқты табыстық.


Қалабай. Қабағынан кейістік көрмедің бе?


Нартай. Әнтек қана сынық екен ажары Мен келген соң жадырап кетті.


Қалабай. Бұл да маған құдайдың қарасқаны.


Нартай. Менен жасырмаңыз... Айбаланың көңілінде алаң бар ма?


Қалабай. Қалай десем екен...


Нартай. Менің біліп тұрғаным жақсы емес пе?


Қалабай. Әрине, әрине. Айтуға да қорланам... (Бетін сүртеді.) Шешесінен есіттім... Алматыда Нартай деген біреуге сөз берген көрінеді.


Нартай. Онысы бір шалтай-балтай болар.


Қалабай. Дәл өзі. Артес пе, бірдеңе дейді.


Нартай. Бөлемді құдай сақтаған екен. Ол қуды Гурьевте біз де көргенбіз.


Қалабай. Сендерге де барып па еді, қандай екен өзі?


Нартай. Алаң-құлаң, жалаң-жұлаң бірдеңе.


Қалабай. Я жеп жарымаған, я киіп жарымаған жалаң аяқ болса керек.


Нартай. Өзі артист болған соң қайдан жарысын.


Қалабай. Сол жарымаған ит, бір көргенде-ақ Айбаланы сайтандай айналдырыпты.


Нартай. Артист деген — расында сайтан ғой. Айбалаштың алдында махаббат ролін ойнаған болар, жаттап алған сөздерін сайраған болар.


Қалабай. Сөйтіпті сұм неме! Өзімен былай тіл қатысып көріп пе едің?


Нартай. Бір түнді ресторанда бірге өткізгенбіз.


Қалабай. Әрине сенің есебіңнен ғой.


Нартай. Әрине.


Қалабай. Ертеңіне өкінген шығарсың?


Нартай. Жоқ. Сенемісің, әлі күнге дейін өкінбеймін.


Қалабай. Қызық екен.


Нартай. Көп отырдық, көп іштік, көп сырластық. Неше түрлі сезімнің кілтін аштық. Өзі кедей болса да, жаны тіпті бай екен. Ақтарыла, ағынан жарыла сөйлегенде еріксіз ұйытады. Махаббат әңгімелерін де өте қызық шертеді.


Қалабай. Үйсіз-күйсіздің махаббаты құрысын!


Нартай. Оныңыз да рас. Қалтаңда ақшаң болмаған соң, махаббат сенің не теңің.


Талтаңдасаң талтаңда,


Ақшаң болса қалтаңда.


Қалабай (іле айтып кетеді)


Болмаса ақшаң қалтаңда,


Жалтаңда да, жаутаңда.


Болатжан, бөлеңе осы білгендеріңді түгел айт,


Нартай. Айтамын, құямын құлағына. Бездіремін жалаң аяқ Нартайдан.


Қалабай. Молодец. (Құшақтайды.)


Нартай. Тағы бір сөз, Қалеке. Айбаламен өзіңіз тілдесіп ырзалығын алған боларсыз?


Қалабай. Сен маған тиемісің деп пе? (Күледі.)


Нартай. Әрине сіз олай сұрамайсыз, Сыпайы тіл, нәзік сезім қосылса, төгілмей ме неше түрлі сөз шіркін. Жұмсаған боларсыз сондай жылы сөздерді.


Қалабай. Сөзден гөрі іс қымбат қой, досым. Құда түсірілді, құйрық бауыр желінді. Одан артық саған не керек?


Нартай. Маған түк те керек емес... Тек ертең... жұрт жиналып, той бастағанда шатақ шықпаса болғаны.


Қалабай. Қандай шатақ?


Нартай. Жаман айтпай жақсы жоқ дегенім ғой.


Қалабай. Мүмкін емес.


Нартай. Қатуланған Айбала орнынан ұшып тұрып: (Даусын көтере.) Ей, ағалар, ей жеңгелер!..


Қалабай (Нартайдың аузын басады). Жайырақ!


Нартай (даусын бәсеңдетіп). «Мен Қалабайға шығуға қарсымын!» десе кәйтеміз?


Қалабай. Онысын кім тыңдасын той үстінде. Ерке қыздың шолжаңы дей саламыз да.


Нартай. Біреу болмаса біреу құлақ асуы мүмкін ғой.


Қалабай. Мүмкін бе?


Нартай. Әрине.


Қалабай. Болатжан, қарындас сенікі, қалыңдық менікі. Шамалы піспеген жерін өзің пісір, бауырым.


Нартай. Ашығырақ айтқанда...


Қалабай. Айбаламен қазір сөйлес те, ырзамын деген сөзін әпер маған.


Нартай. Бұл бір қиын іс екен.


Қалабай. Өтінемін.


Нартай. Үйленер күйеу өзі сөйлессін десе не еттім?


Қалабай. Онда менімен кездестіресің.


Нартай. Қиын-қиын. Сыйласа жақсы-ау бөле деп.


Қалабай. Мен үшін... мен үшін, бауырым.


Нартай. Не көрсем де шыдадым, нар тәуекел.


Қалабай. Байлықты да аяма. Базарлық деп бер, байғазы деп бер бөлеңе.


Нартай. Түгім болса бұйырмасын!


Қалабай. Табамыз. (Қалтасынан бір жентек ақша суырып алады.) Қыздың көзі қызылда... Әпере бер қызыққанын дүкеннен. Мына бір бес жүз сом сол үшін.


Нартай. Көп қой бұл.


Қалабай. Айбала үшін түк те емес. Ал, мына екі жүзге өзің костюм алып ки.


Нартай. Осы киімім де жарайды. Алмаймын, Қалеке.


Қалабай. Екі туыс киінейік бірдей боп. (Ақшаны зорлап қалтасына салады.)


Нартай. Бұл не деген көп ақша!


Қалабай (әндете). Жұмсап қал жаман жездең арқасында.


Нартай. Енді бара тұрыңыз. Мен Айбаламен сөйлесейін.


Қалабай. Әр сөзіңді шегедей қағып айт. (Верандаға кетеді.)


Нартай. Айбала! (Айбала кіреді). Бері кел, бойжеткен қыз, жауап бер! (Қарсы алдына отырғызады.) Ырзамысың, жоқ па?


Айбала (көзін жұмып). Күйдірсең де, жандырсаң да ырзамын.


Нартай. Қалабайға қалыңдық қып берсем ше?


Айбала. Сен бұйырсаң оған да ырзамын.


Нартай. Ендеше әзір бол, үш күннен соң ұзатамын. (Ішкі үйден Байбол шыққалы көрінген, тұрып қалады.)


Айбала. Мейлің. Оған дейін өзіңменен біргемін. (Қолын созады). Бір бүтінбіз екеуміз... Бізді бөлер құдірет жоқ бұл әлемде.


Нартай (Айбаланың созған қолын сүйіп.) Мен келе алмай қалсам қайтер ең?


Айбала. Келе алмай? (Күледі.) Күннің тықпай, айдың тумай қалуы мүмкін бе?


Нартай. Әрине мүмкін емес. (Сүйеді.) Екеуміз табысқалы мен де өзімді сенен бөлек сезінген емен. Көбінесе сахнадан көріп жүремін. Әппақ торғын жамылған ақша бұлт секілденесің... Ғажап арияң басталғанда тыңдаушылар дем ала алмай тыңдады...


Айбала (Нартайдың аузын қолымен бүркемек болады.) Жетті... Жетті, Наркесім. Тым биік екен бұл арман. Ән қанаты көтере алмай сынып кетсе қайтеміз...


Нартай. Сынбайды. Бірге ұшамыз биіктегі арманға.


Құшақтасуға айналғанда, іштен жақын жөтелген Байбол қозғалысы естіледі. Сасқан Айбала есік пердесін бүркеніп тұрып қалады. Плащын қарына ілген Байбол ішкі бөлмеден шығып, Нартайдың қасына келеді.


Байбол. Сенен езге ешкім жоқ па бұл үйде?


Нартай. Кім керек еді, жезде? Шақырайын. (Орнынан тұрады.)


Байбол (салқын). Отыр. Маған сен керексің, жолдас.


Нартай (жалтақтай қарайды). Даусыңыз қандай ызғарлы боп кеткен, жезде. (Отырады.)


Байбол. Ұнамай ма дауысым? Қарашы менің көзіме! Сен кімсің?


Нартай. Болат емеспін бе?


Байбол Оны сен айт. Болат болмай бөтен болсаң аяман. Алдаушыға қаталмын. Апарам да қамаймын.


Нартай. Апырм-ай, мұныңыз қиын болды-ау.


Байбол. Я жауап бер, кімсің? Әкесін ақымақ етемін, қызын қорлап кетемін деп келдің бе? Ондай айла біздің үйде өтпейді. Мен намысты әкемін.


Нартай. Ондай ойдан тазамын.


Байбол. Тапқан екенсің ашық ауызды.


Нартай. Сеніңіз, ақсақал.


Байбол. Паспортыңды бер.


Нартай. Мен жат кісі емеспін...


Байбол. Қысқарт тәлкекті. Тәртіп керек, жолдас!


Нартай. Мен Айбала үшін атылар мылтықпын, Айбала үшін шабылар семсермін.


Байбол. Тәртіп керек деймін, жолдас. Әкел паспортты! (Қолын созады.)


Нартай (сасып). Қасыңыз емес, досыңызбын. Екі көзіңіздің сыңарымын, екі шырағыңыздың бірімін. Мені Болат деп жүре тұрыңызшы...


Байбол. Тәтті сөз документ бола алмайды. Маған паспортың керек, жолдас! Біздің ауданда паспортсыздарға орын жоқ. (Мылтығын суырып алады.) Милицияға марш!


Айбала (жүгіре шығады.) Кешір, папа. Қамасаң екеумізді қосып қама!


Байбол. Солай ма?.. Бұл кімің еді, балам?


Айбала. Панам, қамқорым.


Байбол. Қамқорың әкең болар...


Айбала. Бұрын солай сенуші ем...


Байбол. Қазір ше?


Айбала. Жоқ, папа. Сіз Қалабайға ырзалық беріп келген әкесіз.


Байбол. Сен өзің ырзамын депсің ғой, қызым. Қарашы маған, өтірік пе?


Айбала. Менің сүйерім бір-ақ жан. Ол мына Нартай.


Байбол. А... Нартай сенбісің?..


Нартай. Мінеки паспортым.


Байбол. Жо... жоқ.. Керек емес... (Екеуінің де маңдайынан сүйеді.) Мен қашан да екеуіңмен біргемін. (Есік алдында кідіріп.) Тек Үрияны ренжітіп алмайық. (Кетеді.)


Нартай. Әкей қатты састырды-ау.


Айбала. Соңы әдемі шыққанын неге айтпайсың!


Сүйіп алады да верандаға жүгіріп кетеді. Оның ізін ала сырттан Қалабай аса көңілді пішінде кіреді.


Қалабай. Қуанып шықты ғой, Айбала, шүйінші неге сұрамайсың, Болатжан!


Нартай. Үлгіргендей болдым ба?


Қалабай. Жақсылап-ақ айттың білем.


Нартай. Тырысып бақтым.


Қалабай. Сен не дедің, ол не деді, Болатжан?


Нартай.


Айтылған сөзде есеп жоқ,


Айтылған бір де өсек жоқ,


Мақтадым тілім жеткенше.


Қалабай. Бәсе, бәсе...


Нартай.


Қолға сирек түсетін өрен дедім,


Қуан, көкке тиеді төбең дедім.


Қалабай. Ол не деді сонда?


Нартай. Басы-қасында өзің бол, өзің басқар тойымды деп жалынды.


Қалабай. Мен де жалынамын: өзің биле, өзің басқар барлығын.


Нартай, Аздап асығыстау ем.


Қалабай. Үш күннің әрісі не, берісі не... Жетсе екен сәрсенбісі тезірек.


Нартай. Асығамысың, Қалеке?


Қалабай. Асығамын. Айтып жіберші, бауырым, қандай той болса дер едің?


Нартай.


Той етсек айта қалғандай,


Жақсы мен жайсаң жиылған.


Бокалдар тұрса мөлдіреп,


Шүпілдеп арақ құйылған.


Қалабай. Айта түс, бауырым, айта түс.


Нартай.


Ішіп те жатса, жеп жатса,


Үстелеп қонақ кеп жатса.


Қалабай атты мырзамыз


Көгере берсін деп жатса.


Қалабай. Содан соң Аяшжанды өзің бастап ұзатсаң.


Нартай. Өзім ертіп апарып құтты орнына қондырсам.


Қалабай. Жетсем екен сол кешке.


Нартай. Қайран сол кеш...


Қалабай. Сендер тарқағансыңдар. Бір үйде Айбала екеуміз ғанамыз. Сызылып келген сәулешім ақ білегін мойныма әкеп асады, жібек ернін ерніме әкеп тосады.


Нартай. Жоқ, олай емес.


Қалабай. Әрине солай! (Еліге түсіп.) Мен сонда омырауын ағытамын, әппақ төсін жарқ еткізіп ашамын...


Нартай. Мә, саған әппақ төс! (Салып жібереді. Қалабай қалтақтап барып орындыққа отырып қалады.) Қыз төркінін басынамын деймісің! (Қайта төнеді.)


Қалабай. Кешір, Болатжан...


Нартай. Қалтама ақша салған соң сатып алдым деймісің.


Қалабай. Жо... жоқ... Кешір дедім ғой.


Нартай. Байқап сөйле, жездекей...


Қалабай. Намысың қалай отты еді, ашуын қалай қатты еді. Ту... талқаным шыға жаздады-ау...


Нартай. Бөле де бір, туған қарындас та бір екен ғой. Жүгенсіз сөзіңе шыдамай кетіппін... Өзің де кешір.


Қалабай. Сендей соққырым болғанға да қарсы емеспін. Әкел қолыңды.


Нартай (қолын береді). Шекістік те бекістік пе?


Қалабай. Бекістік. (Верандадан Айбала, Айнаш, Әділқандар кіреді.)


Әділқан. Енді кезек музыкаға берілсін.


Қалабай. Ондайың да бар ма еді?


Әділқан. Әрине. Біз музыканы витамин орнына да ұсынамыз. (Радиолда вальс ойналады.)


Айбала. Би басталды. Талапкерің бері шық. (Қолын көтереді.)


Қалабай. Мен шығайын. (Билей жөнеледі.)


Әділқан. Келші, Айнашым. (Бұлар да биге қосылады.)


Нартай. Маған не бұйырасыңдар.


Әділқан. Сен билеушілерге сын айтып отыр.


Нартай. Ендеше құлақтарың менде болсын.


Қалабай. Баста! (Би қыза түседі.)


Нартай (сынын бастайды). Айнаш биі ұнайды. Жақсы ырғаққа жарасымды-ақ қимылы.


Вальстің қызу толқынын


Сабырмен қабыл етеді.


Әділқандай асаудың


Тізгінін берік ұстапты,


Өз еркінен шығаратын түрі жоқ.


Әділқан. Соқ өтірікті. Қаласам қанкөбелек айналдырамын.


Нартай. Иә, көкірек байғұс текірек қағады, Бірақ келер емес қолынан.


Әділқан. Сонда қалай, қызды игеру қиын болғаны ма?


Қалабай. Әрине қиын. Мен тіпті ие бола алар емеспін.


Айнаш. Сөйлеңдер, сөйлеңдер, жігіттер!


Айбала. Қызыл тілде буын жоқ.(Би қыза береді.)


Әділқан (Нартайға). О, білгір сыншы! Айнаш биін айттың ғой, Айбала туралы да ұмытпа.


Қалабай. Әділ айт.


Нартай.


Әділ айтсам, ұнамайды билерің,


Келісім таппай өзара,


Музыкамен табысуға бола ма?


Айбаланың жанында,


Басқа бір жатқан ырғақ бар.


Жарға соққан толқындай


Қайта серпіле береді.


Қалабай. Онысы менен қашқаны шығар.


Нартай. Мүмкін ұялып сасқаны шығар.


Қалабай. Айбала, бөлеңе күлкі болмайық. (Өзіне тартып.) Құшағымнан қашқақтай бермегейсің.


Айбала. Билеу — құшақтасу ма екен. Өнер қасиетін былғамаңыз.


Қалабай. Мұның ұрсу ғой, Айбала. Сонда қасиетсіз нәрсе жар құшағы болғаны ма?


Айбала (тоқтап). Не дедіңіз? Мұныңыз әдепсіз жауап, Қалеке. Жіберіңіз! (Бұлқына босап верандаға кетеді.)


Қалабай. Бұл не, жолдастар?


Айнаш. Мен болғанда бетіңізді тырнап алар едім.


Қалабай. Не үшін?


Айнаш. Он жақтағы қызға «жар құшағы» дегеніңіз үшін!


Қалабай. Апырм-ау, адалы сол емес пе?


Әділқан (шапшаң араласады). Ақан сері айтыпты ғой.


«Гауһардың қолыңдағы қадірін біл,


Пиғылды тастау керек қалыңдаған» — деп, Айнаш дұрыс айтты.


Қалабай. Тойға үш күн қалғанда осындай асаулық жасар деп кім ойлаған.


Нартай. Сабыр қажет болар, Қалеке.


Қалабай. Той боларын сенен естігенде қуанбап па еді?


Нартай. Беті ашылмаған көбенді шошытып алсаңыз керек. Барыңыз, кешірім сұраңыз. (Қалабай Айбаланың соңынан кетеді.)


Айнаш. Бұл қай спектакль? Жағасынан неге сүйреп шығармаймыз?!


Әділқан (Айнаштың тонымен). Мұрнын неге бұзбаймыз?!


Айнаш. Иә, мұрнын неге бұзбаймыз?!


Әділқан (үлкен жұдырығын көрсетіп). Мен мынаны босатсам көрер едің қызықты. Қалекең үйін таба алмас еді. Бірақ медицина қоспайды. Қан шығару адамның саулығына зиян.


Нартай. Жұдырақ жұмсау гуманизмге де жатпаса керек.


Айнаш. Қойыңдаршы қылжақты. Бітіру керек спектакльді.


Нартай. Біз оған ақшадан махаббат күшті екенін дәлелдеуге тиістіміз.


Қалабай (Айбаланы ерте кіреді). Мен жазықты екенмін. Кешірім алып келістім.


Әділқан. Ендеше тату-тәтті тарқасайық.


Қалабай. Қайтушыға мен серік.


Нартай. Көріскенше аман болайық.


Әділқан мен Қалабай кетеді. Екі қыз бен Нартай үлкен бір салмақтан босанғандай, жаңа ғана тыныстап дем алғандай үнсіз отырысып қалады.


Айбала. Неге үндемей қалдық?


Нартай. Мен ертеңнің жайын ойлап отырмын.


Айбала. Сен ше, Айнаш?


Айнаш. Мен бүгінгі көргендерімді ойлап отырмын.


Айбала. Қалай, ұнай ма көргендерің?


Айнаш. Доғару керек ойынды. Мен бомбаша жарылудың сәл-ақ алдындамын.


Нартай. Сабыр, Айнаш, сабыр.


Айнаш. Мен енді кездескенде Қалабайдың көзін шұқып аламын.


Нартай. Сабыр, сабыр.


Айнаш. Айтамын бәрін жасырмай. Сенің Нартай екеніңді де айтамын. (Айбалаға). Ал... сен бар ғой, әнші сұлу, жолға әзірлен. Үн-түнсіз поезға отырамыз да кетеміз.


Айбала. Папам қайтпай кетпейміз.


Айнаш.О кісі қашан қайтады?


Айбала. Екі күннен соң.


Айнаш. Той күні де... Сен не дейсің бұған, Нартай?


Нартай. Күтеміз. Қалабай хикаясын да аяқтап қайтамыз.


Айнаш. Ол апайды қоса масқаралау боп жүрмей ме?


Нартай. Мүмкін... Әбден мүмкін.


Айбала (шоршып тұрады). Жоқ, мүмкін емес! Мен оған ырза емеспін! Апам... апам... түсінемісің, Нартай.


Нартай. Түсінемін. Қай ақыннан оқып ем? (Орнынан тұрып ойланып қалған. Екі қыз Нартайдың әнтек қана көтерілген қолына үнсіз қарап тұр. Нартай тақпақтап кетеді.)


Апам, көкем, нағашым, жиенім деп,


Шылықты шіміркенбей сүйедің көп.


Ең жақының болса егер өз туысың,


Несіне айттың өмірді сүйемін деп, деген екен.


Айша. Қандай тамаша өлең! Нартай. Біз жаңа адам екенімізді ұмытпауымыз керек, жолдастар.


Шымылдық


ҮШІНШІ АКТ


Күн сәрсенбі. Байбол үйінің қораға шыққан кең верандасы. Жеміс ағаштары мен веранда аралығындағы алаңда ұзын стол тұр. Оның айналасында орындықтар қойылған. Сахна ашылғанда үй ішінен әйелдер күлкісі естіледі. Ұзамай сахнаға құдағилар — Үрия мен Қалима шығады.


Үрия. Жасауымыз осы болды. Барымды аяған жоқпын, құдағи.


Қалима. Жасау деген көңіл ғой. Әйтпесе дүние зәру ме...


Үрия. Өгей ит-ай демесеңдер болғаны.


Қалима. Астапыралда, астапыралда...


Үрия. Көлденең көз сыншыл болады емес пе?


Қалима. Жасау екеуміздің арамыз ғой, оның оқасы жоқ. Тек қонақасына мықты бол. Керекті кісілерге бас тимей қалмасын. Той біздің әрі қуанышымыз, әрі үлкендердің аузын тығындайтын әрекетіміз болу керек. Райкомға бір бас.


Үрия (екінші саусағын басады.) Райисполкомғa екінші бас. Бұл екеуі шаппай берерлеріміз ғой.


Қалима. Пркоролға үшінші бас.


Үрия. Райком ұстаған соң пркорол бас дәмете ме?


Қалима. Дәметпесе де тартамыз. Екі күннің бірінде ісіміз соған түседі емес пе?.. Жақында ғана бір арыз тағы түсіпті.


Үрия (шошып). Не деп?


Қалима (жәй ғана). Екі вагон қант есепке кірмей кетті деп.


Үрия. Не дейді құдай! Мынасы сұмдық екен.


Қалима. Сол арыз пркоролдың өзінде көрінеді.


Үрия. Ендеше оған бір бас бөлек тартылсын.


Қалима. Төртінші бас соттікі ғой.


Үрия. Оған жамбас та жетер. Сполкомға бас тартылған соң сот өкпелемес.


Қалима. Сполком өзіміз ғой. Соттан қорқайық әуелі. Алла оның уысына түсірмегей...


Үрия. Онда да арыз бар ма екен?


Қалима. Бар көрінеді. (Ұрлана.) Тауар дүкеннен емес, саудегерлер қолымен қымбатқа сатылады деп жазса керек.


Үрия. Сақта, құдай. Не деп барасыз, құдағи.


Қалима. Алла оның уысына түсірмегей.


Үрия. Бұған төртінші бас кетсін.


Қалима (ойланып). Енді кім қалды екен?


Үрия. Жұрттың бәрі бас жеу үшін тумаса, бітірген шығармыз.


Қалима. Жо... жоқ... Әлі біткен жоқ.


Үрия (бесінші саусағын әзірлеп). Айтыңыз, құдағи.


Қалима. Бесінші бас заготскотка екен ғой.


Үрия. Оған да бас тартамыз ба?


Қалима. Тартқанда қандай! Осы қырып жатқан малың түгел содан шығып жатқан жоқ па?


Үрия. Солай екен-ау. Тағы атаңыз, құдағи.


Қалима. Мен атап болдым.


Үрия. Сауда бастығы бар емес пе?


Қалима. Ол күнде біздің үйде ғой... Оны қоя тұр... Асың мол болар?


Үрия. Құлын мен қозының еті тау төбе.


Қалима. Қымыз бен қымыран да көл-көсір шығар... Қалабайжан тапсырып жатқан.


Үрия. Арақ пен шарапты жәшіктеп келтіріп жатырмыз.


Қалима (отырып қолын дұғаға көтереді).


Қызығың баянды,


Тойың құтты болсын,


Қолдар аруақ мықты болсын,


Немере молайсын,


Абырой зорайсын!


Үрия. Екі жас тату болсын!


Қалима. Әумин. (Бата қылысады.) Енді ыстық ұрттап көңімізді жібітейік.


Үрия. Жүріңіз, құдағи.


Бұлар қолтықтасып үйге қайта енеді. Аздан соң көңілді Қалабай мен Әділқан, кітаптар қолтықтаған Нартай үшеуі кіреді.


Қалабай. Уақыт тығыз, кешке той. Ал, біз әзірлікке енді кіріскелі жүрміз.


Әділқан. Ет жеп, арақ ішуді жұрт ұмытпаған болар.


Қалабай. Сөз болғаныңа, тұп-тура ауыл қазағынша өткізбекпіз бе?


Әділқан. Қосатын жаңалығыңды өзің айт. Біз жәрдемдесуге әзірміз.


Қалабай. Оркестр шақырдым. Әрбір келген сыйлы қонақты музыкамен қабылдаймыз.


Әділқан. Бұл шын жаңалық екен.


Қалабай. Келген қонақты қарсы алу, өзгелерге таныстыру міндетін Болат атқарады. Ол айтып болған соң музыка тартылады. Солай ма, Болат?


Нартай. Солай. Мен тіптен өлеңмен айтуға әзірмін.


Әділқан. Өлеңмен? Кәдімгі ақындарша ма?


Нартай. Кәдімгі ақындарша, мақтап тұрып айтамын.


Әділқан. Байқа, бауырым. Ұйқас таппай өлеңге күшеніп жүрсең... қызық сонда болар.


Нартай. Ұйқас табылады, қам жеме. (Кітаптарды көрсетіп.) Мінеки Жамбыл, міне Асқар. Ал, мынасы Тайыр мен Әбділдә. Бәрінің культті мақтаған жырларын жиып әкелдім, шетінен пайдалана берем ін.


Қалабай. Мынау бір табылған ақыл болды-ау. Әрі музыка, әрі поэзия! Мұндай тойды біздің ғасыр бұрын көрмеген болар. Ал, бастадық.


Әділқан. Бастағаны қалай?


Қалабай. Репетиция жасаймыз Сен Айнашпен тойға келген үлкен боласың. Болат өлеңмен қарсы алады. Түсіндің бе?


Әділқан. Түсіндім. Кім болып келейін?


Нартай (қолындағы тізімге қарайды). Ауданның идеялық бастығы боп кел. (Әділқан ішке кетеді.)


Қалабай. Ағыз, Болат, аяма!


Айнашты қолтықтаған, қалпақ, макинтош киген Әділқан сыйлы қонақ ролінде келеді Айбала да қосыла кіреді.


Әділқан (өзге дауыспен). Қадірлі жолдастар, той қайырлы болсын!


Айнаш (ода өзгерген дауыспен). Жүрегімізбен құттықтаймыз!


Нартай (бір көзі кітапта).


Нәрсіздерге нәр берген


Әлсіздерге әл берген,


Нансыздарға нан берген,


Бала берген, сән берген,


Айтатұғын ән берген,


Аяқ берген, қол берген,


Жүретұғын жол берген,


Басшы жолдас жасасын!...


Қалабай (елігіп). Музыка!.. Қап мына музыканттардың кешігуін-ай.


Нартай. Қалай шықты?


Қалабай. Ғажап, ғажап, Болатжан.


Әділқан. Әбден келістірдің.


Қалабай. Әділқан, өзің де жақсы келтірдің. Мен сені райком басшылығының өзі екен деп қалдым.


Нартай. Шляпаң, макинтошың, аса салмақты жүрісің бейнеге айналды да кетті.


Айнаш. Дап-дайын артист.


Әділқан. Басшылыққа бәйбіше болуға сен де пісіп тұр екенсің.


Қалабай. Мен телефонмен музыканттарды асықтырып келейін. (Үйге кіріп кетеді.)


Айнаш (сағатына қарап). Поезд келер уақытқа көп қалған жоқ. Бітіру керек, жолдастар.


Нартай. Мен чемодандарды әзірлеп қойдым.


Айбала. Папам келмей, қоштаспай жүрмеймін. Асыққандарың кете беріңдер. (Шығып кетеді.)


Әділқан. Енді қайттік?


Нартай. Тағы да соза тұрайық. Басылмасын репетиция қызуы.


Қалабай (қайта келеді). Музыканттар жаңа жиналып жатыр екен.


Нартай. Кәне, Әділқан, енді екінші кісі болып кел.


Әділқан. Жүр, Айнаш.


Айнаш. Бармаймын. Мен ойнап болдым.


Әділқан. Онда Айбаламен келейін.


Нартай. Енді совет жұмысын басқаратын дөкейсің.


Әділқан кетіп, көзілдірікті кісі боп шығады. Айбала кекселеу әйел кейпін тапқан. Қолында көтерген табағы бар.


Әділқан. Жастарымызға ағалық сәлем, той тойға ұлассын!


Айбала (ол да өзге дауыспен).


Бір көгеріп, бір гүлденсін екі жас.


Егіз жандар өмір сүрсін қайғысыз.


Оңдарынан күн шықсын, солдарынан ай тусын,


Алдарынан үміт тұрсын жарқырап!


Қалабай. Әумин!


Нартай. Айтқаның келсін! Қандай жақсы тілектер айтылды.


Қалабай. Мен де ішімнен қайталап тұрдым әр сөзін.


Айбала. Маған шашу шаштырмадыңдар ғой.


Нартай. Мен таныстыруды ұмытып кетіппін.


Нартай орнына барады. Әділқан мен Айбала қайта шығады. Айбала табақтан шашу шашады.


Қалабай. Болат, енді сенің кезегің.


Нартай. Қазір, қазір. (Екінші кітапқа қарай тұрып.)


Халқымды тынбай бастаған,


Қиындық көрсе саспаған,


Оң қолымен көк тіреп


Бұлтты ысырып тастаған,


Сол қолымен жер тіреп,


Тауды ысырып тастаған.


Еріміз мәңгі жасасын!


Қалабай (тағы да елігіп). Музыка!


Әділқан. Қылды-ау мына музыканттар кешігіп!


Қалабай (Нартайды құшақтап). Бір жырыңнан біреуі асып барады. Дән ырзамын, бауырым.


Айнаш. Репетиция үзілмесін.


Қолында қара таяқ, басында әсем қалпақ, жеңіл пальтосын қарына ілген көңілді Айдар кіреді.


Айдар. Орта толсын, бақытты менің жастарым. (Басын иіп қалады.) Отыра беруге үйге сыймадым, жата беруге жамбасым шыдамады. Содан соң кешті күтпей осылай тарттым.


Қалабай. Жақсы келдіңіз, нағашы. Біздің әзірлігімізді көріңіз.


Әділқан. Келген қонақты өлеңмен, музыкамен күткелі жатырмыз. Тыңдаймысыз?


Айдар. Көрейік.


Нартай. Әділқан, енді прокурор болып келесің.


Қалабай. Жақсы лебіз, жылы шыраймен кіргейсің.


Әділқан. Ағай, сіз таяғыңыз бен пальтоңызды бере тұрыңызшы.


Айдар. Алыңыз, алыңыз. (Береді.)


Әділқан. Жүріңіз, прокурордың нақ сүйері. (Айбаланы жетелеп әкетеді.)


Қалабай. Тек тағы да, Болатжан.


Айдар (Қалабайға әзіл айтқан боп). Елпектеме, балақай, үйленер жігіттің салмақты болғаны жақсы.


Әділқан (Айбаланы қолтықтап кіреді.) Бүгін қосылар жас жарларды Совет заңының атынан құттықтаймыз.


Айбала, Жасасын жастық, жасасын махаббат!


Нартай (енді басқа бір кітапқа қарай тұрып тақпақтайды.)


Арыстандай айбатты,


Жолбарыстай қайратты,


Қылыштай кесір қайралған.


Әділдік қана ойлаған,


Өшіккен жауын қоймаған,


Нажағай болып ойнаған.


Данамыз және панамыз,


Айбынды батыр жасасын!


Қалабай. Қалай, нағашы?


Айдар. Жаман емес сияқты. Қызық үшін мұндай ермектер де керек. Бірақ репетиция осыменен тоқтасын.


Қалабай. Неге, нағашы, тойға әзір тұрғанымыз дұрыс емес пе?


Айдар (күлген боп). Әр нәрсенің орташасы жақсы, балақай. Сенің тойың поэзиясыз, музыкасыз-ақ тәуір өтуге тиісті.


Қалабай. Мен қарсымын, нағашы. Болаттай төгіліп тұрған ақынның тамаша өлеңін қалай тоқтатамыз?


Айдар (қулана). Онда «төгіліп» тұрған ақын ендігі өлеңін қосылатын жас жарларға арнасын.


Әділқан (күшейте қостап). Махаббатты, ғашықтықты жырласын.


Қалабай. Міне сізге тақырыптардың тақырыбы.


Айдар (Нартайға). Қалай ақын? (Өтірік керкілдеп.) Ондай өлең мына кітаптарыңыздан табылар ма екен?


Нартай. Құда, сіз мені сынауға айналдыңыз білем.


Айдар. Шын ақынның жыры ширыққанда, намыстанғанда шығады емес пе?


Нартай. Онда мен де ширығып көрейін (Әуелі тақпақтай бастайды.) Кеш.


Тып-тынық кеш, жарық кеш.


Тойға келген жақсы достар.


Көркем жігіт, сұлу қыздар.


Бәрі түгел бақытты,


Екі жасқа көз тігіп,


Ақ тілекпен қарайды.


Ақын сонда көтереді шарапты.


Қалабай. Мына сөзінің өзі өлеңдей шықты-ау.


Әділқан (әндете). Шерт ақын, алтын ішек домбыраңды!


Нартай. Әділқан, Айнаш, екеуіңе де арнаймын.


Қалабай. Жо... жоқ. Қазіргің таза бізге арналсын.


Нартай (оң қолын әнтек қана көтерген, сәл әндете айтады.)


Жел үрлесін теңізді дөңбекшітсін,


Желкендерді төңкерсін толқын жұтсын.


Жар төсегі ашылсын толқын болып,


Жар құшағы сүйгенін күтсін, күтсін.


Қалабай. Тағы да, бауырым, тағы да,


Нартай.


Жел үрдесін ұшқынды от маздатсын,


Түнгі дала өртін ол лапылдатсын.


Жар төсегі о да өрттей жалын шашсын.


Құшағында сүйгені жанып жатсын.


Қалабай (қол соғады.) Қалай, нағашы, шықты ма?


Айдар. Шықты. (О да қол соғады.) Қызығамын жастық оттарыңа.


Айнаш. Енді мені тыңдаңыздар. (Сағатына қарап.) Кетегін кетсін, кетпейтін қалсын. Мен жүретін поезд ұзамай келеді. Қош болыңыздар демекшімін.


Қалабай. Тойға қарамаймысың?


Айнаш. Мен тойлап болдым.


Қалабай. Ендеше жолаушының оң сапарына арнап шарап көтерелік! (Ішке кетеді.)


Айнаш. Әуре болмаңыз, күйеу. Мен шарапсыз да аттана аламын. (Айбаланы оңашалап.) Жүремісің, жоқ па?


Айбала. Папамды күтемін.


Айнаш. Онда маған өкпелеме. Барлық сырды ашамын.


Айбала (үрке). Не демексің?


Айнаш. Бәрін... Түгел қалдырмай айтамын. (Өзгелерге бұрылады.) Жолдастар!


Айбала. Айнаш... Айнаш деймін.


Қалабай. Әділқан шампан, бокалдар әкеліп құя бастайды.


Айнаш (Айбаланы оңашалай беріп). Жүремісің, жоқ па?


Айбала. Папам келген минутте, үйден шығамыз.


Айнаш (дауыстап). Мен жүрер алдымда бір қызық растықты айтамын.


Айбала. Сен жынданған шығарсың. (Өтірік күлген болады.)


Қалабай (Айнашқа бокал ұсынып). Айнашым айтар растық үшін.


Айнаш. Күннің бары рас па?


Қалабай. Рас.


Айбала (ойнақы).


Күн айналып көгімді,


Уақыт өтіп барады.


Нартай (қосыла кетіп). Асыққан Айнаш жүреді.


Әділқан (іле қосылып), Әділқан еңіреп қалады.


Айнаш. Ойынға айналдырмаңдар. Өзім айтамын!


Қалабай. Өзің айт, Айнаш.


Айнаш. Махаббат бары рас па? Айнымайтын, тәлкекке түспейтін, таза махаббатты айтамын,


Қалабай. Рас.


Айбала (ойнақы киіп кетеді).


Махаббат тірлік жүрегі,


Махаббат жастың талабы.


Нартай. Айнашжан қазір жүреді,


Әділқан. Әділқан аңырап қалады.


Айнаш. Сендер мені күлкіге айналдырмақпысыңдар? Жоқ, достарым, мені бөгей алмайсыңдар. (Осы кезде Байбол кіреді.)


Байбол. Барлығына бір сәлем!


Айбала. Папа.. Папам (жүгіріп барып құшақтайды.)


Айнаш. Келгеніңіз қандай жақсы болды, әкей. Мен сізбен қоштаспай кетем бе деп қорқып едім.


Байбол. Бекер қорыққансың, қызым. Мен айтқан кезімнен кешікпейтін адаммын.


Айдар. Солай екен... Дәл келдіңіз, Бәйеке.


Қалабай. Айнашжан, сөзіңді аяқта.


Айнаш. Мен жүремін дегенде, Әділқанның қандай болғанын көрдіңіздер ме?


Қалабай. Мен байқамаппын.


Нартай. Мен байқадым, бірақ үндемедім.


Қалабай. Не байқадың?


Нартай. Қаны қашып бетінің, сұрғылт тартты. Қос көзінен шүпілдеген жас көрдім.


Айбала (әкесіне ғана). Папа, қазір біз де жүреміз...


Байбол (о да қызына ғана). Жолдарың болсын, жандарым... (Шашынан сүйеді.)


Айнаш. Соңы айтпақ ем сіздерге, ұялтпақ ем жаны күйрек жігітті.


Әділқан. Маған күліп болдыңдар ма, ағайын?


Айбала. Болдық.


Әділқан. Ендеше қозғалайық.


Нартай. Иә, қозғалайық.


Айбала. Айнашты ұзатып салайық. (Бәрі есікке беттейді.)


Қалабай. Айнаш, мен осы жерде қоштасамын. Поезд басына шықпады деп өкпелеме.


Айнаш. Өкпелемеймін. (Қалабаймен, Айдармен қолдасып қоштасады. Нартай, Әділқан, Айнаш, Айбалалар кетеді. Сахнада Айдар, Байбол, Қалабай қалады.)


Айдар (Қалабайға). Енді, балақай, қос тарланға құй. Мен барлық ықыласыммен Бәйекеннің қуанышы үшін ішемін.


Қалабай (Байболға). Сіз қостаймысыз, ақсақал?


Байбол. Қостағанда қандай! Мен өмірімде бүгінгідей қуанып көрмеген шығармын.


Айдар. Әлбетте, әлбетте. Жалғыз қызын құтты орнына қондырса одан артық қуаныш бола ма? Байболға бұрылып. (Дұрыс емес пе?)


Байбол. Әбден дұрыс. Бір балаң екеуге айналса, өз теңін тапса адаспай, одан артық бақыттылық бар ма?


Қалабай. Әр сөзіңізден мың садаға кетейін. (Екі қартқа екі бокал шампан ұсынады.)


Айдар. Сізбенен туыс тілін тапқанға бақыттымын. (Ішіп тастайды.)


Қалабай. Мен де.


Байбол. Қазақ тілі ортақ тіл ғой қашаннан.


Айдар. Бірақ сол тілде түсініспеуге... тіпті кейісіп көрісуге де болады емес пе?


Байбол. Әрине. Оны әсіресе біздің қызметтегілер көбірек аңғарады.


Айдар. Солай шығар.


Байбол. Сізге ұнаған — маған ұнамайды, Сіз қалағанды — мен қаламаймын. Бірақ әркім өз жұмысын қостайды Мінеки сонда дәлелдесіп қараңыз. Жыл бойында түсінісе алар ма екенсіз.


Айдар. Рас. Біреуге ақ көрінген, біреуге қара.


Байбол. Әрине. Мәселен... мына мен... сіздердің қыруар малды босқа қырып жатқандарыңызға түсінбеймін.


Айдар. Оныңыз қызық екен. Ac иесі өзіңіз емессіз бе?


Байбол. Мен бе? (Үрия мен Қалима көңілді кіреді.)


Айдар. Әлбетте.


Байбол. Рас қызық екен. Осынша байығанымды қалай сезбей келгенмін. Неше бас тартылады, Үрия?


Үрия. Алты бас.


Қалима. Құлынның еті тағы бар.


Сырттан жеңіл чемодан көтерген, көзілдірікті жас жігіт және оны ертіп әкелген Әділқан кіреді.


Әділқан. Танысыңыздар, алыстан келген туысқан. (Үрияны нұсқап.) Жеңгемнің апасының баласы Болат жолдас.


Қалабай (көзі жыпылықтап). Болаттың інісі болар.


Болат. Жоқ өзімін. Әуелі бауырыммен көрісуге рұқсат етіңіздер. Апа... Апатай. (Үрияға қолын соза жақындайды.)


Үрия. Аулақ! Аулақ! (Қалабайға тығылады.)


Болат. Мұныңыз қалай, апатай. Туысын кісі осылай қабылдай ма екен? (Тағы да жақындайды.)


Қалабай (ақырып). Аулақ, деді ғой сізге. Не деген арсыз едіңіз! (Кейін итереді.)


Болат. Жолдас, қолыңызға ие болыңыз.


Үрия. Ал сен, алдамшы үйді босат.


Болат. Әуелі сөзге келейік те.


Үрия. Сөзіңнің де, өзіңнің де керегің жоқ. (Енді Әділқанға тығылады.)


Болат. Бұл қай мінезі, есіткендерің бар ма мұндайды? (Байболға.) Жездем сіз емеспісіз, ақсақал?


Байбол. Шын Болат сен болсаң, жезделікке мен әзір. Тек, жігітім, сендіре біл.


Үрия. Жоқ, тыңдамаймыз сөзіңді. Шық үйден.


Қалабай. Әйтпесе сүйреп шығарамыз! (Жақындайды.)


Болат. Бұл не, жезде? (Білегін сыбанады.) Мен енді өлісуге де бармын! (Ортаға шыға береді.) Мықты болсаң келе қойшы, кәупегім.


Байбол. Тоқтаңдар! Болат болсаң паспортыңды әкел, жігітім.


Болат. Шынымен тексеремісіз, жезде?


Байбол. Шынымен. Біздің ауданда паспортсыз жүруге болмайды.


Болат (дереу портфелін ашып, паспортын, тағы бір суреттер ұсынады). Міне, паспортам. Ал мына суреттегі жас шақтағы Үрия апам мен менің шешем. Танимысыз, жезде?


Байбол (паспорттан соң суретке қарап). Танымағанда ше? (Үңіле қарап.) Екеуінің де сәби шағы екен-ау. (Үрия жақындап қарайды.)


Болат (тағы бір суретті ұсынады). Ал мынау шешем екеуміздің суретіміз.


Үрия. Жүрегім!.. (Болатты құшақтайды.)


Болат (о да құшақтайды). Шешеме даусың да ұсапты.


Қалима (үрейлі). Мен білсем бір сұмдық басталғалы келеді.


Қалабай. Қайда аналар?.. Шақырыңдар өздерін!


Болат. Кімді? Айбала мен Нартайды ма?


Айда р. Әлбетте!


Болат. Енді оларға даусыңыз да жетпейді. Поезд кеткелі қашан.


Қалабай. Шын ба, Әділқан? Кеткендері рас па?! (Жағасынан сілкеді.)


Әділқан. Рас. (Қалабайдан босанып.) Болатты күтіп алған соң, сол вагонмен өздері кетті.


Үрия. Қайда кетті... Қайда?


Әділқан. Алматыға.


Болат. Жолдары болсын, сапарға шыққан достардың! Әумин деңіздер, апа. Бөлем мен Нартай тең екен, бір қайыңның егіз бұтағындай жарасып қапты айнымай. Аз мерзімде танысып та, достасып та үлгірдім. Қолыңды көтер, апа. (Өзі күштеп көтереді.)


Үрия (жәй ғана). Әумин.


Қалима. Ей, сұм қатын, не дедің? Әумин дедің бе? (Ұмтылады.) Жұлып алайын ба ерніңді!


Әділқан. Байқаңыз, шеше, өз саулығыңызға зиян етпеңіз.


Үрия. Болатым тілеген тілекті менде тілеймін.


Қалима. Бетіңді бүріп алайын ба!


Қалабай (басын ұстайды). Апырау, не боп кетті бұл дүние! (Отыра қалады.)


Қалима. Қараң қалсын бұл дүниені (Шығар жерде бұрылып.) Ей, Үрия, шаңырағың ортаға түссін, сұм қатын!


Үрия. Жағыңа жылан жұмыртқаласын, кәрі қаншық!


Қалабай. Өзін қаншық, Үрия! (Құтырына орындықты көтереді.) Енді мен қолдарыңда өлемін!


Байбол (ысқырық тартады. Қалабай орындықты көтерген бойы тұрып қалады). Тәртіп керек, жолдас!


Қалабай. Сен тәртіпшіл болсаң ана қашқандарды ұста! Нартай жулик, ақшамды алдап әкетті.


Байбол. Бекер алданғансыз.


Қалабай. Сенбеймін деймісің!


Байбол. Сенемін. (Қалтасынан ақшаны көрсетеді.) Мынау ғой?


Қалабай. Осы! Қайтар ақшамды! (Тұра ұмтылады.)


Байбол (бермейді). Тәртіп, жолдас, тәртіп. Сіз мұны енді прокурордан аласыз.


Айдар (Қалабайды кейін серпеді). Тыныштал, балақай. Үйленер жігіттің ұстамды болғаны жақсы.


Қалабай. Не деп тұрсың, нағашы?


Айдар. Тілім қышығанда өстетінім бар. Біліп қой. Астыңдағы атың сүрінсе, аш бауырдан тартып жібер қамшымен. Екіншілей мүлгімейтін, сүрінбейтін болады. (Одан Байболға бұрылады.) Ал сізге айтарым, Бәйеке, бұл біздің кездесуіміздің соңы емес, біріншісі ғана.


Байбол. Менің жазығым қанша? Қойыңыздар дедім, қоймадыңдар, ұят дедім, ұялмадыңдар ғой.


Айдар. Күн сіздің ауданнан шығып, сіздің ауданда батпайды.


Байбол. Мен қашан айттым олай деп.


Айдар. Прокурордың кішісі сізде, үлкені бізде екенін де ұмытпаңыз. Аяспауға айналсақ, екеуміз түсеміз сайысқа. (Төне жақындап.) Менің найзам ұзындау соқса өкінбегейсіз.


Байбол (ысқырып қалады). Мінбелемеңіз. Тәртіп керек, жолдас пенсионер. Біреудің үйіне найзамен кіру жөн бе екен. Біз мұндай қылықтар үшін жауапқа да тартамыз.


(Айдар еріксіз кейін шегінеді.)


Қызықсың-ау ағайын,


Қызыл сөзге шешенсің,


Жуас елге көсемсін.


Сыртың қандай жылтырақ,


Ішің қандай қап-қара.


Қорқақ үшін құдайсың,


Қорқытқанның құлысың.


Сені де адам дейміз-ау!


Енді ол халыққа бұрылып авансценаға беттейді. Перде ақырын жабыла береді.


Таныстық қой, жолдастар,


Мен милиция өкілі — Байболмын!


(Перде жабылады. Байбол жалғыз тұр.)


Жаным әуес жақсыға,


Адалдардың айнымайтын досымын,


Күн батса да мен батпаймын,


Күн жатса да мен жатпаймын,


Күзеткенім өздеріңнің тірлігің,


Жамандықпен кездеспейік, достарым!


Шымылдық


TYCIHІKTEP


Ә. Тәжібаевтың әдемі пьесасының бірі «Майра». Мұның басқа спектакльдерінен ерекшеленетін себебі өнер адамы жайлы болуында. Майра бір өзі қазақ жерінің театрына айналған ғажайып әнші, талантты композиторы. Сондықтан оны көрерменнің көңілінен шығатын дүние жасау оңайға түспейтіні белгілі. Алайда, үлкен талант иесі сахнадан түспейтін салиқалы туынды бергені бәрімізге мәлім. «Майра» пьесасы сахнаға шыққалы көп жылдар өтсе де, әлі көрермендер құрметіне бөленуде.


Бұл шығарма сахнаға алғаш 1957 жылы шықты. Режиссері А. Тоқпанов, суретшісі В. Голубович. Пьесаны «Жүректілер» (1964 ж) атты жинақтан алып енгізіп отырмыз.


Драматургтың «Жалғыз ағаш — орман емес» атты пьесасы 1952 жылы алғаш рет «Гүлден дала» деген атпен сахнада ойналып, артынан автордың көп жерін қайта өңдеп, түзетуінен кейін 1958 жылы қайталап қойылды. Режиссері Ә. Мәмбетов, суретшісі В. Голубович.


«Көңілдестер» пьесасы да 1963 жылы 3 октябрь күні театр сахнасында алғаш рет қойылды. Режиссері А. М. Мадиевский, суретшісі Б. Рассихин. Бұл екі пьеса да «Жүректілер» атты кітаптан алынды.


Ә. Тәжібаевтың «Жомарттың кілемі» атты халықтық, аңызға құрылған қызықты пьесасын режиссер Ә. Ысмайылов театр сахнасына 1945 жылы шығарды. Бұл пьесаны да «Жүректілер» атты кітаптан алдық.


«Көтерілген күмбез»— өнер мен өнер адамының қасиеті туралы драмалық поэма. 1945 жылы — жазылып, «Жүректілер» атты жинаққа басылған. Содан өзгеріссіз алып қосылды.


«Жартас» — пьесасы 1967 жылы Қазақтың мемлекеттік жас өспірімдер театрында қойылған. «Жартас» пьесасын 1967 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген өлеңдер жинағынан алып, сол қалпында өзгеріссіз қостық.


«Қыз бен солдат» пьесасы 1969 жылы «Жалын» журналында жарияланды. 1970 жылы Қазақтың мемлекеттік жас өспірімдер театрында қойылды. Бұл спектакльді сахнаға қойған режиссер В. Пұсырманов.


Осы театр «Қыз бен солдатты» 1971 жылы Москва көрермендерінің алдында қойды. Бұл спектакль жөнінде сол уақытта «Правда», «Комсомолская правда», «Советская культура» сияқты орталық баспасөз беттерінде тәyip пікірлер жазылып, қазіргі қазақ театрының табысы ретінде аталды.


Ә. Тәжібаевтың «Дубай Шубаевич» — пьесасы сатиралық шығарма. Сахнаға 1954 ж. қойылған. Режиссері Я. С. Штейн мен Қ. Бадыров. Бұл пьесаны «Жүректілер» атты кітаптан алып қостық.


«Той боларда» уытты күлкісімен, шымшыма қалжыңымен көрермендер көңілінен шыққан комедия. Ол 1963 ж. сахнаға қойылды. Режиссері Ә. Мәмбетов, суретшісі Э. Чарномский. Бұл да бес томдыққа «Жүректілер» жинағынан алынып енгізілді.


С. Дәуітов





Пікір жазу