04.05.2021
  659


Автор: Ақгүл Тұрсынбай

Тастанды баланың монологы

Қазіргі таңдағы күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі – анасынан тірідей ажыраған тастанды балалардың өмірі. Интернет бетінде кең таралған «тастанды баланың анасын сағынғаны соншалық, анасының суретін тас жолға бормен салып, сол бейнесін құшақтап ұйықтап жатқан» суретті көргенде көзіме еріксіз жас алдым. Бейкүнә сәби... Қатігез тағдыр...Әлгі баланың ішкі уәжін сезініп, жырмен жеткізуге тырыстым.

Тастанды баланың монологы

Менің мынау өміріме өкпем көп,
Тарпаң тағдыр маған нұрын төккен жоқ.
Өз-өзімді тани алмай әуремін,
Неге күрең күндерімде көктем жоқ?

Жанын қияр бауыр еті – бала үшін,
Құлап қалса, таңып берер жарасын.
Жәутеңдеген балапанын жұбатар
Қайда кеткен анашым?

Неге мені анам іздеп келмейді?
Неге ешкім «құлыншағым» демейді?
Мейірімді аңсап жүрген баланың
жанайқайын кім ескеріп, елейді?

Жазығым не?
Мен – бейкүнә шарана.
Ойламадың ертеңімді жан ана.
Ақ сүт сұрап іңгәлаған қызыңды
қоқыстай ғып тастап кеттің далаға.

Бәлкім, ана, бәз біреуге алдандың,
Жалған сөзге сиқырланып, арбалдың.
Жағдайын бір біліп кетсең қайтеді,
Жетімсіреп жылап жүрген қарғаңның?

Өз қаныңмын, емес едім өгейің,
Өксігіме өртенуде көмейім.
Қиялымнан құрап алған бейнеңді
тым болмаса, түсімде бір көрейін.

Тағдырымның тарғыл-тарғыл жолағы,
Бұрқыраған алай-түлей бораны
тоңдыруда.
Апатайым, әкетші,
Үскірікке қызғалдағың солады.

Ана, саған қояр ешбір кінәм жоқ,
Жазыласың жүрегімде жыр-ән боп.
Бір көрінші, апарамын Меккенің
қақ төріне самғап ұшып, қыран боп.

p.s. Тас жол үсті.
Бормен салған сүгірет.
Бала байғұс тәтті ұйқыда үлбіреп,
Қиялынан құрап алған анасын
құшып жатыр.
Не деген бұл құдірет?!

Бұла бұлттың бұрымынан сызылып,
Ақ тамшылар сырт-сырт жерге үзіліп
тамып жатты.
Тамшы – мөлдір.
Бала – пәк.
Неге ғана заман кетті бұзылып?
Неге ғана адам кетті бұзылып?

Жас арулар, ойланайық, ойлайық,
Арзан сезім құрбандары болмайық.
Ар-намыстың көтеріңдер ақ туын,
Нағыз қазақ қыздарына сол лайық!





Пікір жазу