04.05.2021
  360


Автор: Ақгүл Тұрсынбай

Сағынба дым

Әке, қалай жағдайың?
Күтуші едім қашан сізді көрем деп.
Аяз ата көрсем бұрын әрдайым
Сіз бе екен деп қарайтынмын елеңдеп.

Келді деймін мені алыстан сағынып,
Дайын тұрар әке жайлы тақпағым.
"Аяз ата-әкем" деген бала үміт,
Әке жайлы ән де талай жаттадым.

Хат та жазып: "Сағындым,-деп,-өзіңді',
Аққаланың ұстатамын қолына.
Содан сарқып тағатым мен төзімді,
Қарайтынмын кеп қалардай жолыңа.

Көріп қалып бірде Аяз атаны,
Бой билеген бір еңлік күйге ене,
Сипап тұрып селдіреген сақалын,
Жанарына көз тастадым имене.

Сіз емессіз.
Сіз дегенім - өзге екен,
Маңдайымнан сипап тәтті ұсынды.
Әкемнен де мұндай мейір сезбеп ем:
Жас парлады.
Атай бұны түсінді.

...Содан бері мен қуарып солғам жоқ,
"Қаймықпаймын" деп серт етіп сөз бердім.
Анашыма, бауырыма қорған боп,
Ерте есейдім, өзгердім...

Жазған хатым сізге енді жеткендей,
Жаңа жылда жүздесуді қаладың.
Тастап бізді кеткеніңе кектенбей,
Барамын.
Жоқ бармауға да амалым.

Лайланған соң Көңіл деген көк теңіз,
Ол қалайша тазарып һәм жөнделмек?Қатты кетті деп өкпелеп сөкпеңіз,
Біздің енді жол-бөлек.






Пікір жазу