03.05.2021
  590


Автор: Мұхтар Шаханов

Күре тамырды іздеу

(поэма)
(Махаббат заңы)
"Бақыт оңай сипатпайды бұрымын"
(Сахна шетінде Ақын мен Жастық шақ)
Ақын:
Айтшы маған, Жастық шағым, жалынды,
Бердім саған кеудемдегі арымды.
Бердім саған арманымның оттарын,
Бірақ сенің бола алдым ба мақтаның?
Жастық шақ:
Тапқаныңда мен сүйетін әнді сен,
Мақтанышым болар едің мәңгі сен!
Ақын:
Із қалдырсақ өмір атты белесте,
Танып алар ертең туар нәресте.
Аяулы, асыл Жастық шағым, жалыным,
Достық деген сенің туың емес пе?
Мені анадан жалғыз туған десе де,
Достарым көп, жүргізбейді көшеде.
Шақырады қосылып ән айтуға,
Шақырады шарап ішіп қайтуға,
Шақырады гүл теруге қыраттан,
Шақырады күй тыңдауға бұлақтан.
Аяулы, асыл Жастық шағым, көктемім,
Сонда да сен, мені мақтан етпедің!?
Жастық шақ;
Мақтау ғана аз, көтерер ем көкке де.
Ақыным-ау, енді өзіңе өкпеле,
Егер, егер білгің келсе себебін,
Сол достарды жолықтырған мен едім.
Кездерде бір тағдыр көзі аларған,
Демеу тапсын деп едім мен солардан.
Ал сен өзің бейіл болдың бар уақта
Көк қарғадан бүркіт жасап алмаққа.
Ақын:
Өр көңілдің ожарлығын меңгерсем,
Жұрттың бәрін өзімменен тең көрсем,
Әлсіз оттың аңсар болсам жарқылын,
Жомарттығым емес пе бұл, жарқыным?
Жастық шақ:
Рас, рас, қанша тағдыр қол артсын,
Сен солардың көңіліне қарапсың.
Өміріңде жатсынбадың ешкімді,
Мейірбансың, өйткені сен жомартсың.
Жаның, сірә, көрген емес ұсақтап,
Сүйгің келер жұрттың бәрін құшақтап.
Солар үшін шаттанып та уайымдап,
Жүрдің ылғи жылдарға не дайындап.
Жауларыңда бас изейді кей кезде
Сенің жомарт екеніңді мойындап.
Дос етемін деген жарқын үмітпен,
Есіңде ме, таныстың бір жігітпен.
Ол да өзіңдей болып шықты жайдары,
Бұзылмаған сезімінің қаймағы.
Жүрдек күндер өте берді ағылып,
Сен досыңның ыңғайына бағынып
Жүріп жаттың. Қуантатын ол сені,
Адалдықтың арнасынан табылып.
Ең бастысы сенім гүлі солмасын,
Бірақ, бірақ... тағдыр басқа салғасын,
Амалың не? Сен сүйетін бір қызға
Ғашық екен, ғашық екен сол досың.
Шынары етіп жарқын, жалын кезінің
Әлгі қызға деген ұлы сезімін
Саған айтты ол
Өмірдің бар шыңынан
Биік қойып махаббатын өзінің.
Досың емес, айтса мұны басқа адам,
Қысылмас ең, қиналмас ең нақ содан.
Досың тағы қолқалады өлеңмен
Сүйгеніме хат жазып бер деп саған,
Сен келістің. Кетті досың қуанып,
Шаттығына жер мен көкті куә ғып.
Бір жасады ол үмітінің гүлдерін,
Сенің, жомарт пейіліңе суарып.
Қиын тиді саған бірақ бұл талап,
Алды лезде аспаныңды бұлт орап.
Бірі — досың, бірі — арайлы арманың,
Жөн болады қай жағында қалғаның?
Әлде мұны жеңдіріп кеп ақылға,
Сол досыңның өзіне айтқан мақұл ма?
"Жо-жоқ",—дедің. Қатулы еді бұл кезің,
Көкірегіңнен бой көтерді бір сезім,
Білдің-дағы шаттығыңның құларын,
Төсегінде ұзақ жатып жыладың.
Біраздан соң тұрып ойлы пішінмен,
Сол бақытты болсын дедің ішіңнен.
Сонан кейін қаламыңды қолға алып,
Өлең жаздың түні бойы толғанып,
Маздап ұшқан махаббаттың отынан
Жүрегіңде қалықтады батыл ән.
Тұңғыш рет өзің сүйген қызға арнап,
Өлең жаздың, әз досыңның атынан.
Әркім сені ерлігіңмен танысын,
Кімге сенсең, создың соған қол ұшын.
Сен достықты биік қойдың бәрінен,
Бақытыңды құрбан еттің сол үшін.
Ақын:
Иә, иә, оны ұмыту мүмкін бе!? (Ойланып қояды.)
Бірінші елес
Үйлену тойы. Жастардың бір тобы қалыңдық пен күйеуді қоршап алған. Қасында ақын. Кенет қолына бешпет ұстаған ақ шашты ана көрінеді. Жұрт екі жарылып жол береді.
Ана (Күйеу жігітке жақындап):
Он сегізден он тоғызға жана шыққан кезімде,
Құштарлықтың оты лаулап көзімде,
Тоқтата алмай көңілімді аптыққан,
Жарылардай шаттықтан,
Өмір маған тосардай тек тұнығын,
Шалқып ойнап иығымда бұрымым,
Осы биік шаңыраққа
Келін болып түсіп едім, құлыным.
Әнім әнге қосылды да толқыды,
Менен асқан бақытты жан болды ма екен сол күні?
Сәбидей пәк аңғал күліп, атты қанша таңдар күліп
Арманға ерке үн беріп, бір тілекпен гүлдедік.
Бірімізсіз біріміз бақыт бар деп білмедік.
Қуанышсыз өрілген жоқ күніміз,
Сезім ояу жүрген жерде сыр ояу,
Бірімізсіз біріміз
Тұра алмаушы ек, құдай-ау!
Әкең сенің жомарт еді, пейілінен таң атқан,
Іңкәр тағдыр жанын жаз ғып жаратқан.
Тіпті, бір күн үйіміз
Босамайтын қонақтан.
Жаздың сонау нұрлы кеші қалды мәңгі есімде,
Еңбек еттім туған дала төсінде.
Өмір шіркін мән-мазмұнсыз өте ме,
Жетелесең, ізгілікті жетеле.
Тұңғыш рет алған еңбек ақыма
Бешпет сатып әперіп ем әкеңе.
Сұлулықтың безбені ғой көз деген,
Ұлым, мені ұғамысың,
Сондағы оның қуанышын
Қалай айтып жеткізе алам сөзбенен.
Сол бешпетті үш-ақ рет киді де,
Үш-ақ рет тойға бардық, үш-ақ рет биледік.
Заман — бізге, біз заманға сыйлы едік.
Бірақ ұзақ баурай алмай нұр көкті,
Үш күннен соң соғыс өрті бұрқ етті.
Әкең сонда еңсесін тік көтеріп,
Бойында кек қайнап тасқынды.
Көңіліне күй өрлеп
Су жаңа осы бешпетті
Тапсырды маған әкеліп,
"Келген соң кием" деп.
Бірақ ол келмеді.
Айырғандай мені барлық қызықтан
Атар таң мен батар күн,
Он тоғызда "жесір әйел" атандым.
Көтердім мен тағдырымның мазағын,
Үзілердей жұлыным,
Ол күндердің қасіретті азабын,
Сен сұрама, мен айтпайын, құлыным!
"Өмір заңы, шырағым,
Құдай ырза, мен ырза,
Тежей көрме тағдырыңның бұлағын,
Байлама,—деп, — бағыңды",
Әжең қанша бата беріп жалынды.
Өткерсем де қанша қияс кезеңді,
Нар түйедей көтердім,
Жылатқам жоқ әжеңді,
Құлатқам жоқ шаңырағын әкеңнің.
Махаббатта бір-ақ заң бар,
Ол — адалдық заңы, ұлым,
Сол заңменен өлшенеді қарымың мен дарының.
Мен әкеңнің махаббатын сақтап қалдым мәңгілік,
Мен әкеңнің кір шалмаған арымын.
Қан майданда оның нұрлы бақ жұлдызы сөнгенде
Мен де бірге сөніп ем.
Сөнген күнім қайта туды сенімен.
Алыстан алабұртып сағымдана,
Ең қайғылы кезім мен
Ең көңілді шағымда да
Өкшелеп, елес беріп қалмайды бір
Мұңлы зарлы соғыстың ескі лебі...
Мынау сенің әкеңнің костюмі еді.
(Ұлына ұсынады.)
Күйеу жігіт:
( бешпетті кеудесіне қысып)
Басса да қасірет салмағы,
Өшпепті әкемнің арманы.
Ол бұл бешпетті кигенмен,
Амал не, тоздыра алмады.
Ғұмыры жетпеді,
Көрсетпей бақытының жалғасын,
Көңілінің көктемін,
Жайпады бір түйір қорғасын.
Өмірім, өрге жүз, тоқтама!
Өзіңсің табына сүйерім.
Сондықтан мен мұны тек қана
Тоздыру үшін киемін.
Ғаламда сәбише тербеткен,
Еңбек деп айта алам.
Тозсын киімдер еңбекпен,
Еңбекпен жаңарсын қайтадан!
Хор
( Бір топ жас бүлдіршіндер "Ана суреті алдында " атты әнді орындайды.)
Ай жүзі арман боп арайлы,
Төргі үйден мұңдантып талайды:
Соғыстан қайтпаған атамыздың
Суреті күлімдеп қарайды.
Асыл досым!
Көлдің көркі - орман,
Біз достыққа сол ормандай қорған болмасақ,
Туған елдің гүлі,
Тағдырының нұры,
Мақтан етер ұлы болмасақ,
Онда біздер неге келдік өмірге?
Намысын алысқа жетелер,
Күн туды ел жүгін көтерер.
Біздердің өткенге парызымыз
Жігермен, арменен өтелер.
Жан досым, есейіп толдың ба,
Жолыңды қияға салдың ба?
Ұятқа қалмауға тиістіміз
Ақсақал тарихтың алдында.
Сахна күңгірт тартады.
Жастық шақ:
(Ой үстінде тұрған Ақынның иығына қолын салып)
Сөйткен досың бір жел өкпе сөзге еріп,
Үйленген соң кетті мүлдем өзгеріп,
Неге бұлай? Жан еді ғой ұятты,
Қазір сені еске алмайтын сияқты.
Қондырғанмен кеудеңе кең даланы,
Жомарттықтан тапқан пайдаң шамалы.
Ақын:
Оның рас, тапқан пайдам шамалы,
Бірақ адал өмір сүрдім, саналы.
Кетсе досым, кете берсін, қайтемін,
Ерте, кеш пе, түсінетін болады.
Түсінбесе, амалым не, кештім мен,
Қанға сіңген мінезім бұл жас күннен,
Мен жанымның жомарттығын сатпаймын
Және жылу сұрамаймын ешкімнен.
Онан да сен, Жастық шағым жалынды,
Тың бағыт бер. Байлай көрме бағымды.
Қанша адамға сеніп едім күмәнсіз,
Шындығында, күн кештім деп мұнарсыз
Айта алам ба?
Сенім артқан достарым
Тастақ жердей болып шықса құнарсыз?
Жастық шақ:
Рас, әнің туысса да көктеммен,
Қателігің бір басыңнан өткерген
Жетіп жатыр. Босқа шаштың күшіңді
Тастақ жерге дән өне ме сепкенмен?
Ақын.
Кінәм қайсы, жолықпаса бір адам?
Ізгілікке жан-тәнімен құлаған.
Үлкен ойым іске аспады... қиын бұл...
Қиын болды. Кімге ұсынар сыйым бұл.
Иә, кешегі күннен бастап, біржола
Дос іздеуден тыйылдым.
Қаншама жыл айналама алақтап,
Бос. шапқаным, жетер, бәлкім, далақтап.
Жастық шақ:
Кеше кешке не көрдің сен көшеден?
Ақын:
( ойланып)
Ештеңе.
Тарих.Өзіңе ауыр кінә таққан сол сәтті
Тым құрыса, сақтамапсың еске де.
Ақын:
Қандай кінә?
Ақтығыма тіпті де күмәнданбан...
Жастық шақ:
Тоқта, тоқта!..
Қос жанары тұманданған,
Еңгезердей мас жігіт
Әлжуаз бір жас жігітті қуып жүріп сабады.
Ол да біраз күш көрсетті алысып,
Әлгі мастың пышағы бар қолында.
Бір келіншек жас жігітке болысып,
Шыж-быж болып еріп жүрді соңында.
Жастық шақ:
Ал, сен неге болыспадың?
Ақын:
Өмірімде бірінші рет қалыс қалдым.
Жастық шақ:
Асан еді ол жігіттің есімі.
Таңғы шығы секілденген көктемнің
Жаны қандай мөп-мөлдір.
Бір көрген жұрт танығандай ізгілігін көзінен
Ісін алшақ қондырмаған сөзінен,
Бұл өмірге өз қайратын, өз күшін
Жұмсамақ боп, келген жандай өзге үшін
Жүрегіне орнатты өз ғасырын,
Орнатты өз даласын.
Автомобиль апатынан қаза болған досының
Інісі мен қарт мүгедек анасын
Бағу үшін сабақтан соң түнімен
Ой қажытқан от арбаның үнінен
Алардай бар тынысын,
Темір жолда қара жұмыс істейтін,
Және ешкімге сездірмейтін мұнысын.
Иығынан көне бешпет түспейтін.
Аяғынан тартқанымен тапшылық,
Әр күн сайын жасамаса бір адамға жақсылық,
Бір адамға ұсынбаса қол ұшын,
Босқа өткен күн саналатын ол үшін.
Ақын:
Ұқсастыққа қарай гөр,
Мұндай жоспар бар болатын менде де.
Жастық шақ:
Иә, иә, бар болатын сенде де.
Перзент едің өнер, ойы нанымды,
Орманына еніп кетіп күдіктің,
Жылдар бойы аялаған әніңді
Бір-ақ түнде ұмыттың.
Ақын:
Тура қазір іздеп барам,
Үйі қайда әлгі жайсаң жігіттің?
Мен іздеген адам енді табылды.
Жастық шақ:
( әжуалап)
Тым кеш қалдың, сүйіктім.
Қасіретте секілді бір зымыстан,
Кеше түнде қайтып келе жатыр еді ол жұмыстан
"Құтқарыңдар, өлдім"... деген дауыс шықты тасадан.
Жетіп барды...
Жетіп барса, еңгезердей мас адам
Жас әйелдің алқымына нән пышағын тіреп тұр.
Бұл не деген есалаң?
Әлдеқашан заманы өткен білектің!
Қара күшке әнін қалай бағындырмақ жүректің?
Арашаға түсе кетті жас ұлан.
Екеуі ұзақ алысты.
Өмір, өлім қара күштің қапталында жарысты.
Сол сәтте сен өтіп бара жатыр едің қасынан.
Әлгі залым қыбын тауып тосыннан
Жас жігітке пышақ жұмсап үлгерді.
Міне солай шорт үзілді асыл ән.
Ақын.
(маңдайын соққылап)
О, тағдыр-ай, маңдайыма сор қалың,
Мен бейбақты неге мұнша қорладың.
Қара мысық тағы кесті жолымды
Бір-ақ рет ізгіліктен тыйып едім өзімді,
Бір-ақ рет жұмып едім көзімді.
Қанға малып алдым, міне, қолымды.
Тіршілікке не сеуіп ем, не тердім?
Лапылдаған жалын шақта, жас шақта,
Енді менен күлкі мәңгі қашпақ па?
Бұл кінәмді қалай жуар екенмін?
Жастық шақ:
Жаңбырына жалынсаң да көктемнің,
Жуа алмайсың, жуылмайды өткен күн.
Шайқап сансыз жүрегіңнің тұнығын
Шаттығыңды ала қашып ұры күн,
Бақыт оңай сипатпайды бұрымын,
Өткен шақтың бір қатесін түзеуге
Аздық етер кейде бүкіл ғұмырың. ( әжуалап)
Бақыт оңай сипатпайды бұрымын.
Екінші елес
Жастық шақ пен Ақын шеткері тұрып сахнаға қарайды. Өрімдей жас жігіт өз Бақытының (Бақыт қыз бейнесінде) соңынан келеді.
Жігіт:
( сағынышпен)
- О, бақыт!
Бар адамға өтімдісің сөйлесең,
Баянсыз да секілдісің кейде сен.
Сені көру еді менің арманым,
Іздеп келем, іздеп келем, талмадым.
Іздеп келем, әлі күнге жолдамын.
Тым құрыса, қонағым да болмадың.
Шаттығым да, қайғым да өзің күрсінсем,
Айтшы маған, қай биікте жүрсің сен?
Бақыт:
Есіңде ме аяулы анаң, қарт анаң,
Нан пісірді саған арнап арпадан.
Жер шырынын ұлым татсын деп еді,
Бірақ сенің оны жегің келмеді.
Жауар бұлттай қабағыңды түсіріп,
Арпа нанды қойдың былай ысырып.
Оранып зор мейірімнің отымен,
Сонда саған анаң боп тіл қатып ем.
Нан бергенім шақырғаным еді ғой.
Егістікте сені күтіп жатып ем.
Жігіт:
Ол күні емес, ертесіне барғанмын,
Сонда мені неге күтіп алмадың?
Бақыт:
Сенен бұрын келіп жеткен біреудің
Арбасына мініп кетіп қалғанмын.
Жігіт:
О, Бақытым, бала кезден аңсаған,
Қалай айтсам екен мұны мен саған.
Бір күні үйде отыр едім керігіп,
Сені маған көшеде жүр деді жұрт.
Мен көшеге шықтым жылдам жүгіріп,
Жан-жағыма қарап едім үңіліп,
Таба алмадым, іштей ойға малтыдым,
Сен сол күні қайда болдың, жарқыным?
Бақыт:
( күледі)
Ха-ха-ха!
Маған адал болғанымен тілегің,
Аңғармайсың, аңғал сенің жүрегің.
Саған жолда сәлем берген бір қыздың
Жанарына жасырынып тұр едім.
Бала кезгі өрлігіңді қайталай,
Басыңды изеп өте шықтың байқамай.
Ха-ха-ха-ха, ха-ха-ха...
(Бақыт ғайып болғасын, көпке дейін күлкісі жаңғырығып тұрады.)
Ақын:
Әр биіктің өз сыры бар, сүйіктім,
Өз жыры бар жан табылса тыңдарға.
Кім біледі, мына тұрған биік қыр,
Төмпешікке айналар бір жылдарда.
Ай көңілсіз көрінеді тұманда,
Сәуле түссе, жез алтын боп жарқырар.
Мен куәлік ете алмаймын бұған да,
Бағы тайса, асау өзен тартылар.
Бағы тайса — нұрлы сезім мұнарлы,
Шаттық әр кез бола бермес қалтада.
Кесу үшін алпыс жылдық шынарды
Алты-ақ мөнет керек екен балтаға.
Тұяғымен дастан шертіп, күй құрап,
Өмірінде баспастан жай бүлкілге,
Мың күн жүлде бермей келген жүйрік
Бағы тайса, ақсап қалар бір күнде.
Жастық шақ:
Жақсы үмітке жарқыратып маңдайын,
Жүрсе де адам бар кез ізгі тілекте.
Бірақ қайғы бұқпантайлап әрдайым
Жол табады жүрекке.
Қайғымен бетпе-бет
Үшінші елес
Тау баурайы. Қолына гүл ұстаған жас жігітке
Қайғы қарсы жолығады.
Қайғы:
( даусы гүжілдеп)
Әлі сырлас екенсің ғой гүлдермен. ( Мысқылмен)
Таныдың ба сен мені?
Жігіт:
Бұрын көрген секілдімін бір жерден.
Қайғы:
Бұрын көргем дейсің бе?
Қатал сезім шекпеніне оранған,
Білем сені жүрегіңде налаң бар.
Мені талай көрсең-дағы ұмыттың,
Тым ұмытшақ келесіңдер, адамдар,
Менің даңқым көп тараған кең жерде,
Ізім жатыр қырқаларда, белдерде.
Мен - Қайғымын.
Жаза бассаң, сүрінсең,
Шақырмай-ақ жетіп келем сендерге.
Жас өмірің атқан кезде болып таң,
Есіңде ме, саған талай жолыққам.
Талай-талай жерігенсің мезі боп,
Сонан кейін бір күні әкең өлгенде,
Сол әкеңнің айтқан соңғы сөзі боп
Түнеп қалғам сенің балғын кеудеңде.
Мұнан кейін бір күннен соң, бір күннен,
Есігіңді жиі қағып тұрдым мен.
Жиі қақтым келмейді оны жасырғым.
Кей күндері бірге жүрген досыңның
Сатқындығын сезгеніңде жолықтым,
Жалғыз қалған кездеріңде жолықтым.
Жігіт:
Ал бүгін ше, бүгін неге келдің сен?
Тауда тегін жүрген жоқсың, мен білсем
Қайғы:
Көрші қызбен көріп едім сырласып,
Білдім сенің кеткеніңді қырды асып.
Айта қойшы, болсаң егер батыр шын,
Мына гүлді кімге апара жатырсың?
Жігіт:
Қашанғы мен өзімді-өзім қинаймын.
Мен бұл гүлді арманыма сыйлаймын.
Сол қыз менің шаттығым мен тынысым
Жаны да әсем жаралғандай гүл үшін.
Қайғы:
Оған ғашық, бір сен ғана емессің,
Қанша жігіт қайғырады бұл үшін.
Қайғырады,тәтті үмітін жоқтайды,
Мұның бәрі маған оңай соқпайды.
Ойыңнан қайт, тағдырыңның жолы кең.
Саған соны ескерткелі келіп ем.
Жігіт:
Білем, білем, бұл да маған таныс ән,
Егер өмір жарыс болса, жарысам.
Қалай оңай бере салам өзгеге
Сол қызды мен бақытым деп танысам.
Мені аяма, қажеті жоқ аяудың,
Салдың қанша жүректерге қаяу-мұң.
Қайғым менің, келер болсаң сен маған,
Ең сұрапыл шақта да,
Ең қатерлі шақта да
Күліп тұрып қарсы аламын ерлерше,
Сезімімді қорлай көрме тек қана!
Қайғы:
(басын төмен салып)
Ақылды айттың, ауыр айттың,
Әйтсе де, сен тауып айттың, жігітім.
Ғұмыр кештім иім түсіп,тұнжырап,
Иығымнан ұшты қанша замандар,
Кетер едім жер бетінен тым жырақ,
Бірақ мені жібермейді-ау адамдар!
(Жігіт кетеді, соңынан Қайғы да кетеді. Сахна қараңғы тартады.)
"Тек құштарлық болғай да..."
Ақын:
(өз-өзімен сырласқандай)
Әке, саған айтар едім бар сырды,
Бірақ сенің күнің ерте таусылды.
Қара жердің құшағында жатырсың,
Сондықтан да естімейсің даусымды.
Саған барып айтар едім бар сырды,
Сенің де, әже, күнің ерте таусылды.
Қара жердің құшағында жатырсың,
Сен де менің естімейсің даусымды.
Кезім еді ол мейірімге шөлдеген,
Еркелетіп ұлыңнан кем көрмеп ең.
Қарт нағашым, сен де жоқсың бұл күнде,
Сен де кеттің әкем кеткен жолменен.
(Жастық шаққа бұрылып):
Жастық шағым, менің шалқар ырысым!
Шаттығымсың, жанарымның нұрысың.
Арқа сүйер үш шынарым құлады,
Тек сен әзір қасымдасың, тірісің.
Жастық шақ:
Оның рас,тірімін мен мәңгілік,
Ғасырлармен тұра берем сән құрып.
Егерде сен әлсіз болсаң — сорлымын,
Мықты болсаң, даңқым өсер жаңғырып,
Шаттығыңның шәрбатына тойдың ба?
Ұшан-теңіз борышын бар мойныңда.
Сені өсірген әкең, әжең, нағашың
Жатыр қазір қара жердің қойнында.
Ол жандарға өкпең болса айт маған,
Қарызыңды айт, болса алдыңнан қайтпаған
Ақын.
Жастық шағым! Менің,тіпті, өкпем жоқ,
Жайнатты олар өмірімді көктем боп.
Абзал жандар түзу жолға салмаса,
Таң алдында таң жұлдызым жанбаса,
Қайтер едім?! Олар менің алдымда
Борышты емес, ерте өлгені болмаса.
Елім маған көрсеткен жоқ жетімдік,
Бұл сөзіме ете аламын кепілдік.
Өткен жазда көрші ауылға барып ем,
Бір ағатай — ойы жомарт, жаны кең,
Мен әкеңнің құрдасы едім деді де,
Қағып-қағып қойды арқамды қолымен.
Тағы бір күн думан тойға барып ем,
Бір қарт әжей көңілі нәзік, жаны кең,
Мен әжеңнің құрбысы едім деді де,
Маңдайымды сипады үнсіз қолымен.
Нақ сол тойда шаңын сілкіп көшенің
Бір ақсақал қамшылаған есегін,
"Нағашыңның жақсылығын көп көргем",—
Деп, қоймастан қонақ етті неше күн.
Жан екен ол нағашымнан аумаған.
Жүрегінен жомарттығы лаулаған.
Жастық шағым!.. Кешірім ет, мен сенің
Назарыңды басқа жаққа аударам.
Жастық шақ:
Иә, айта бер, жабырқама, тоқтама,
Бар шындықты жасырмай айт тек қана.
Ақын:
(даусы дірілдеп)
Күзде мені іздеп келді бір адам
Жасы жүзге құлаған.
Суалғандай арманының бұлағы,
Жүзі мұңлы, естімейді құлағы,
Қарт бабаңның қанын жүктеп едім деп
Ақсақалы селкілдеп кеп жылады.
Шектен шыққан зұлымдығы-ай мынаның,
Шыдамадым, мен де бірге жыладым.
"Әкең кешпей кетіп еді күнәмді,
Перзентісің, сен кеш енді, шырағым,"
— Деп жалынды, жалбарынды бас ұрып,
Қайта-қайта иығыма асылып.
"Өлер шағым, өтінішім ақырғы",
— Деп тағы да ол мені үйіне шақырды.
Барып едім, орын беріп төрінен,
Немересін таныстырды менімен.
Ай дидарлы жан екен ол сүйкімді,
Көкірегімде содан сырлы күй тұнды.
Неге бардым, неге ғана таныстым,
Сол бойжеткен бұзды менің ұйқымды.
Байқаусызда тиді солай сезімге от,
Күйеу бала дейді анасы әзілдеп.
Ал әкесі құрақ ұшып бұл күнде
Той жабдығын жүрген білем әзірлеп.
Атасының зұлымдығын аңдамай,
Немересін жар етемін мен қалай?
Намысымды алмаймын ба жаралап,
Не дейді әкем, бабам қалай қарамақ?
Олар бұған берер ме екен кешірім,
Жастық шағым, сен айт мұның шешімін?!
Жастық шақ:
Қара тастай ауыр сұрақ екен бұл,
Нар тәуекел, салмағын мен көтердім.
Қанды жылдар қалып қойған жырақта
Қандай зарлы естіледі құлаққа.
Шал күнәсін сен кешкенмен, кешпейді ел,
Немересі айыпты емес бірақ та!
Жүзің жарқын, болашағың тамаша,
Үйлене бер, егер көңілің қаласа!
Ақын:
Бірақ ол қыз бейхабар көп өнерден,
Қалада өскен, елде туды дегенмен,
Көрген емес мына біздің тауды да,
Барған емес жылқышылар аулына.
Күй тыңдаумен таңды ұйқысыз атырып,
Ішкен емес сары қымыз сапырып.
Жастық шақ:
Адам болса ойы жүйрік, жаны нұр,
Жүре келе үйренеді бәрібір.
( Кетуге ыңғайланады)
Ақын:
Сәл сабыр ет. Жалғыз ауыз сөзім бар.
Жеме-жемде жеңеді ғой сезімді ар,
Ол бойжеткен жүргенімен күліп паң,
Ана тілін әлдеқашан ұмытқан.
Қалай оған ішім жылып қараймын,
Бір жол жырын жатқа білмес Абайдың.
Шапақ шашқан заманы анау,
Биіктетіп туған елдің айбынын
Ата салты нық тұрғанда белесте,
Ұлы Абайды бағаламау —
Өз халқының рухани байлығын
Бағаламау емес пе?
Жастық шақ:
Оқасы жоқ, таң да бірден атпайды,
Өмірі алда, жаттамаса жаттайды.
Қамсыз көңілі бұрғанымен шалғайға,
Қызуланба!
Барар дейсің ол қайда,
Тек құштарлық болғай да,
Тек құштарлық болғай да!
Ақын:
Міне, міне, құштарлық жоқ ол қызда!
Жастық шақ:
( қатуланып)
Ах, солай ма?
Тыңдауға да жасқанам,
Ізде онда бақытыңды басқадан!
"Сенің көзің заман үшін бағалы"
Төртінші елес
Жастық шақ:
Ал, ақыным, қарсы алуға әзірлен,
Сен қадірлер қасиеттің барлығын
Осы араға шақырамын қазір мен.
(Бір-екі адым кейін шегініп бар даусымен)
Достық немен сұлусың бұл өмірде?
Достық даусы:
( Тау қойнауынан жаңғырып естіледі.)
Көтере алсам қайыспай уақыт сынын,
Сәулеттімін, сұлумын, бақыттымын!
Жастық шақ:
Шындық сенің адамнан тілегің не?
Шындық даусы:
Мен үшін тек жүрегі болсын адал,
Қандай пәле басса да, аршып алам.
Жастық шақ:
Сенім, қайда жүрсің қазір, көрінбейсің, мақтаным,
Дау-жанжалдың арасынан іздеп сені таппадым?
Сенім даусы:
Онда барсам естілмейді татулықтың сазды үні,
Тентектер көп, таяқ ала жүгіреді баз бірі.
Бір шаңырақ кезікті де әйнегінен бақ күлген,
Қос ғашықтың жүрегінен жайлы мекен таптым мен.
Жастық шақ:
Ей, Адалдық, ежелден сен сөзге берік, алыпсың,
Алыпсың сен, бірақ кейде өтірікке наныпсың.
Немесе жұрт саған нанбай кейде жалғыз қалыпсың,
Кейде өзіңді ақтау үшін өлімге де барыпсың.
Қайдасың сен, жарқыным?!
Адалдық даусы:
Бір шаңырақ кезікті де әйнегінен бақ күлген,
Қос ғашықтың жүрегінен жайлы мекен таптым мен.
Олар мені пір тұтады, бабасындай сыйлайды,
Дастарқанға мен келместен кесеге шай құймайды.
Жастық шақ:
Қызғаныш-ау, үнсізсің ғой, көзің неге мөлиген?
Байқауымша, сен де қоныс тепкенсің-ау сол үйден?
Қызғаныш даусы:
Жапа-жалғыз қайда барам, елге аян ғой есімім,
Мен сол үйдің күндіз-түні күзетемін есігін.
Жастық шақ:
Сақтап сансыз замандар таңбасын,
Үнсіз-түнсіз жатырсыңдар сан ғасыр,
Тастар, сендер не дейсіңдер?
Тастар даусы.
Өзге жұрттай бара алмаймыз таласқа,
Тілсіз туған тағдыр бізді о баста.
Өтіп жатыр талай көктем, талай күз,
Бәріне де бедірейе қараймыз.
Баз біреулер үстімізден өткенде
Шаттана ма бізді аяқпен тепкенге.
Ойлы жанға болар ма екен мақтан сол,
Үндемейміз туған жерде жатқан соң.
Әне, анау бізді теуіп өткен жан
Тұр еді үнсіз, келіншегі жетті алдан
Көзінде ашу, күлкісі жоқ күндегі,
Келе сала ерін былай тілдеді: —
Ойың арам, тамырыңда арам қан,
Жазылмадым салған ауыр жараңнан.
Сенің қатал, мейірімсіз жүрегің
Жүрек екен қара тастан жаралған. —
Тас дедің бе? — деді әлгі адам томсарып,—
Құнсыз болып қалғаным ба соншалық.
Сол ауыр сөз сана менен бойды алып,
Тұрып қалды ол төмен қарап ойланып.
Туған жердің тасы болу тамаша-ақ,
Егер жұртқа ой салуға жарасақ.
Жастық шақ:
Намыс! Намыс!
Қайдасың сен, неге алмайсың бір тыным.
Ұзақ түндер неге сенің айқаспайды кірпігің?
Намыс даусы:
Қадірлім-ау, мен қалғысам тірліктің не мәні бар'
Мен қалғысам, батыр қалай, ақын қалай танылар
Ақын:
Жеңіс ізі сайрап жатыр өмір атты белесте,
Сен қалғысаң, Ерлік пенен Махаббат бар емес пе
Намыс даусы:
Бекер, бекер, мен жоқ жерде ерлік қашан оянды'
Мен жоқ жерде Махаббат та болған емес баянды
Ақын:
Бақ-дәулеттің күндей тарап,
Бар адамға бірдей қарап,
Күлмейтіні неліктен?
Жалындыны жалынсыздың,
Дарындыны дарынсыздың
Күндейтіні неліктен?
Жүрген жолы ала шапқын,
Мансап қуған парасаттың
Тозатыны неліктен?
Аңдамасақ сор болар бұл,
Сұңқарлардан қарғалардың
Озатыны неліктен?
Жастық шақ:
Бұл алалық табиғат-анадан ба?
Адамдар мен адамдар арасында,
Көрінбейтін жай көзбен қарағанда
Бір аңғар бар жаны үйек, бауыры қар,
Кейде ызғарлы нән талақ дауылы бар,
Кейде көктем есетін сауырынан.
Сол аңғарда сан ғасыр қатар жатқан,
Пенделік пен шарапат ауылы бар.
Екі ауылдың көз салсаң тірлігіне,
Сырттай ұқсап жатады бір-біріне.
Басқа-басқа болса да кәсіптері,
Бірдей етіп сырланған есіктері.
Неткен ұқсас есік деп мәз боласың,
Мақсатыңның жолымен қозғаласың.
Бірте-бірте өзгерер көзқарасың.
Шарапаттың ауылын іздеп шығып,
Пенделіктің аулына кез боласың.
Кез болдың ба? Жібермес оңайлықпен,
Мұнда сені сарылып талай күткен.
Мұнда сені көрсе де бірінші рет,
Қарсы алады досыңдай күлімсіреп.
Неше түрлі қулықпен бұлаңдар бір,
Иланба оған, салты сол бұл аңғардың.
Қанатына қояды мұз қатырып,
Өз аулына кеп қонған қырандардың.
Жұрт көзінен қалсаң сәл тасалана,
"Момын" ауыл айналар Қос обаға,
Талай ұлы данышпан-дарындардың
Арманының моласы осы арада.
Екі ауылды қойған кім жанастырып,
Бұдан асқан бола ма оғаш қылық.
Екі ауылдың іргесін болу үшін,
Жатыр әлі аяусыз талас жүріп.
Әркім жансын, лауласын өз өртімен
Деген ұран әлемді кезер түгел.
Тек Шарапат аулынан Пенделіктің
Бөлінгісі келмейді өз еркімен.
Ал бөлінсе ол өз атын жеге ала ма,
Шарапатсыз Пенделік дем ала ма?
Сондықтан да шекара өте қажет
Күзет қажет және сол шекараға.
Өмір мынау тартысы, атысы көп,
Атысы көп, шырғалаң шатысы көп.
Кімнің ары бір сәтке қалғып кетсе,
Шекарада қалуға қақысы жоқ.
Ақын:
Иә, иә, жастық шағым, сымбаттым,
Ерлік пен ездіктің арасындағы,
Шабандық пен тездіктің арасындағы,
Қайғы мен шаттықтың арасындағы,
Жалғандық пен пәктіктің арасындағы
Ғасырлардан келе жатқан
Қайшылығы тіптен көп
Ұлы күрес әлі күнге біткен жоқ.
Жастық шақ:
Ер жігіттің маңдай тері,
Арулардың көз жасы мен күлкісі,
Абырой мен атақ-даңқтың түр-түсі,
Әлемдегі асу бермес ең ұлы іс,
Күнделікті жеңіс пенен жеңіліс
Елге деген махаббаттың безбенімен өлшенер,
Безбен сынса, безбүйректік белсенер.
Алдыменен өз жаныңның қайшылығын жеңіп ал,
Биік ұшқың келсе егер.
Ақын:
Мен осынау жасымда
Тұлға болам деп едім-ау Ғасырға,
Үміт те әзір қасымда,
Күдік те әзір қасымда,
Шашымнан да борышым көп басымда.
Жастық шақ:
Ең бастысы сен өзіңнің борышыңа адалсың.
Жанартаулар көлінен суат алған,
Суалмағай сендегі қуат, арман.
Тілектесің тіптен көп, тіптен көп қой,
Жауың аз деп бірақ та жұбата алман.
Мерейі үстем болса да аумағына,
Сынай қара қоршаған тауларыңа.
Мақсаты үлкен адамның ежелден-ақ
Үлкен әрі қу болған жаулары да.
Ақын:
Мейлі, жауым әккі болсын айлалы,
Маған, тіпті, соның өзі пайдалы,
Неғұрлым мен кедергіні көп көрсем,
Неғұрлым мен жөнсіздікке кектенсем,
Мен соғұрлым тірек етіп төзімді,
Қайрай түсем, шыңдай түсем өзімді.
Ей, кемеңгер Жастық шағым!
— Сен іздеме мені
Ындыны кепкен өзеннің арнасынан,
Жапалақтар сөз алған жар басынан.
Сен іздеме мені
Күншілдік жол салған өрден,
Сатқындық ән салған жерден.
Сен іздеме мені
Ұзындығы бір тұтам мұраттардан,
Құздан аққан қайырсыз бұлақтардан.
Сен мені іздесең, табасың —
Бір кезде жігер жетпей тоқтап қалған
Жол болуға тиісті соқпақтардан.
Сен мені іздесең, табасың —
Бақыт соққан заманның балғасынан,
Барлық игі істердің жалғасынан.
Сен мені іздесең, табасың —
Күнбатыстан шығысқа иық керген
Әлі ешкім шықпаған биіктерден.
Жастық шақ
Күндік бақыт күндегі күлкің емес,
Гүлдің гүлзар болуын кім тілемес.
Иә, иә... сәулелі болашақтың
Саған соқпай өтуі мүмкін емес.
Шыншыл мақсат қай кезде де жол табар,
Кезің келді қоғам жүгін арқалар.
Анау емен неге қисық?
Анау қайың неге айрылды көріктен?
Анау жүйрік ақсап қалды неліктен?
Бұған неге үнсіз жатыр
Анау көңілі әділдікке іңкәр жан?
Анау қарға неге озады сұңқардан?
Міндеті ауыр намыс пенен ардың да.
Бұл сұраққа сен бересің жауапты
Дүниеге ертең келер нәрестенің алдында.
Тек жүзіңді төмен салма,
Тек көзіңді жасауратпа,
Сенің көзің заман үшін бағалы.
Сенің әнің асқақ шықса,
Менің даңқым жоғары!
Ақын:
(кетуге ыңғайланып)
Енді қашан кездесеміз?
Жастық шақ:
Бүгінгі үлкен әңгіменің жалғасы,
Бүгінгі асау пікірлердің арнасы
Іздеп барар бізді алдағы жылдарға.
Тек жеңіспен жарқырасын маңдайын.
Жүрегіңнен жалын сөнбей тұрғанда,
Мен қасыңнан табыламын әрдайым!





Пікір жазу