Поэмалар ✍️
Нарынқұм зауалы
(поэма)
Равиль Шырдабаевқа
1. Махамбеттің соңғы сөзі
Баз бір адамдарда болашағын елден ерек сезіну, түйсіну күші болатынын ғылым жоққа шығармайды... Махамбет ақын өлерінен екі күн бұрын айналасындағыларға өзінің жан шошынарлық сұмдық түс көргенін, түсінде иығынан үзіліп түскен өз басы өзіне қоштасу айтып тұрғанын әңгімелеген.
Мен түсімде зорлық көрдім, қорлық көрдім ғаламат,
Бір таныс қол соғып өтті әлдекімді паналап,
Зұлымдықтың жасырынып келетіні жаман-ақ.
Иығымнан ұшқан басым көкірегімнен домалап,
Бара жатты атамекен Ақжайықты жағалап,
Жүрегімнен аққан қанға боялыпты бар алап.
Жә, бұл түсім тегін емес, мына сойқан заманда
Тіршілікпен қоштасар сәт жетті-ау деймін маған да.
Қоштасар сәт жетті-ау деймін, туған елім, еңселім,
Бостандыққа шақырып ем,
Сенің заңғар ақылың ем,
Едім әрі өлшемін..
Жан ашырың, жақының ем,
Және қайсар ақының ем мен сенің.
Жұлдыздай боп жанар алдан
Ақындықта елден ерек басқа заң.
Батырлығы жоқ адамнан
Үлкен ақын шыққан емес ешқашан.
Туған елім — арман, мұңым,
Енді сені жетелейді жол қалай?
Менің бассыз қалғандығым
Сенің бассыз қалғандығың болмағай!
Иә, шындықтың ащы даңқы,
Шындық үшін жалғыз түстім егеске.
Ақындықтың басты шарты —
Басты алса, да шындықты айту емес пе?
Өлімге сан жақын бардым,
Қорғансыз боп көрінсем де жай көзге.
Шындықты айтқан ақындардың,
Бірақ жолы болып еді қай кезде?
Көрде де енді сен жайлы ойға батамын
Бұл іңкәрлік созылады қаншаға?
Кім қаншама шексіз сүйсе Отанын,
Оның тартар азабы да соншама.
Мен сенемін, күні ертең
Нұрлы үмітпен оянар деп ұлы өлкем.
Күліп жайсаң күн ғажайып
Ел наласы тарқар деп.
Ақымақтар күрт азайып,
Сұмдар қорқақ тартар деп.
Мен сенемін, күні ертең
Пенделіктен тазарар деп ұлы өлкем.
Жә, қашанғы баққа зорлық мінгеспек?
Сенем, ертең оттыға отсыз күлмес деп.
Тек тұлпарлар ғана алатын бас бәйгі
Есектердің мойынында жүрмес деп.
Мен сенемін, күні ертең
Ақыл-ойды пір тұтар деп ұлы өлкем,
Мына дәурен бұрқан-тарқан
Ертең қайта өзгерер.
Ақындарың сұлтандардан
Артық сыйлар кез келер.
Қадір тұтам қиялдауды
Ертең талғам өзгерер.
Шындап құлай сүйе алмауды
Қылмыс санар кез келер.
Туған елім,
Құдіретімсің аңсаған.
Алдан жарқын күн шыққанша,
Кескініңді көрмейінші шаршаған.
Пасық ойлар тұншыққанша,
Дулығаны қақ жарып гүл шыққанша,
Жер астынан қарап жатам мен саған.
2. Әке үкімі
Шомбал жігіт кіріп келді ентелеп,
- Әке, — деді ол кірген бойда,
- Әке,—деді еркелеп, —
Жүруші едің маған ылғи өкпелі,
Кеюші едің
Мал болмайсың деп мені.
Сол сөзіңді, сірә, қайтып аласың-ау шамасы.
Аты шулы Баймағанбет сұлтанның
Маған берген сыйлығына қарашы!
Төрде отырған әкесінің алдына,
Маң-маң басып барды да,
Алтын жіппен әдіптелген жағасы
Сұр ішікті тастай салды баласы.
- Иә, сөйле,—деді әкесі, —
Қандай ерлік көрсеттің,
Екі ай бойы, қане, қайда жол шектің?
Баласы айтты:
- Топ бастадық төрт адам.
Махамбеттің жақыны
Ықыласты үгіттеп,
Мақтап, қағып арқаға
Қосып алдық ортаға.
Бұл - түгелдей мына ұлыңның ақылы.
Еркін жетер әңгіме ол бір таңға.
Қапысызда қармақ салып,
Махамбетті алдап соғып,
Басын кесіп, сыйға тарттық сұлтанға.
- Ой,залым-ай,
Жүзіқара залым-ай,
Мұнша залым екеніңді қалай келгем танымай.
Бұдан өткен зор қасірет болар ма,
Бұдан өткен зор қасірет болар ма, —
Деп әкесі жас үйірді жанарға.
- Қабағыңды жаба қалды неге мұң,
Әке, сенің қай сөзіңе сенемін,
Есіңде ме,
Менің бала күнімде
Махамбетті жек көремін дегенің?
- Рас, ұлым, айтылған сөз оқпен тең,
Бір кезде мен Махамбетті жек көргем.
Әлде, кемшіл шағым ба еді ол ақылға?!
Пенделік қой салған мені тақымға.
Оған себеп -
Сенің анаң жасынан -
Ғашық болған сол Махамбет ақынға.
Азаппенен атса да асау таңдарым,
Қайрағам жоқ қызғаныштың қанжарын.
Іштен тынып жүре бердім төзген боп,
Өзін шексіз құлай сүйген жан барын
Қайран ақын сезген жоқ.
Анаң марқұм ол дегенде от жалындап көзінен,
Тамсанатын
Нақ бір бақыт табардай әр сөзінен,
Ұлы ақынға деген іңкәр сезімін
Көрге бірге ала кетті ол өзімен.
Әттең, біздің сор маңдайлы Жайықта
Ерлер аз ғой бара алатын байыпқа.
Тым кеш ұқтым,
Махамбеттей батырға
Бүкіл қазақ ғашық болса айып па?!
Құдіретті шындығынан танбаған,
Парасатын ізгілікке жалғаған
Ақын деген киелі аққу самғаған.
Ал, ендеше, аққуды атқан пендені
Қай атаңнан көріп едің, оңбаған?
Бұл салада сен бірінші адамсың,
Адам емес, Ең бірінші надансың,
Ел дәстүрін, Ер дәстүрін қорлаған.
Нақ мынадай қасиетсіз оқиға
Бұрын қазақ топырағында болмаған.
Қандай қиын кезеңде де Туған ел
Ақындарын жанын салып қорғаған.
Түсінбедім,
Армандап ең нені, ұлым?
Ертең сені қойып желдің өтіне,
ЬІзалы ұрпақ түкіреді бетіңе.
Сол қорлықтан құтқарайын сені, ұлым!
Жөне ол зар оңайлықпен тыйылмас,
Қанымыз бір,
Жолымыз да шиырлас.
Енді сенің кесіріңнен Маған да
Туған жердің топырағы бұйырмас.
Жә, не қайыр, налы мейлі, налыма,
Сорлы балам, Туыпсың-ау сорыма.
Өзің түстің өзің қазған орыңа.
Кеттік кәне, Ішігіңді ал қолыңа!
Ұясына күн тұр еді батқалы.
Түксиеді меңіреу құм шатқалы.
Олар үлкен қара жолға түсіп ап
Бір төбенің қасына кеп тоқтады.
- Мынау төбе саған соңғы шығар шың
Болатынын ұғарсың.
Сен, әрине, құралайды көзге атқан,
Атқан оғын маздатқан
Менің мерген екенімді ұмытпаған шығарсың?
Деді әкесі құлазып нар көңілі. Дір-дір етіп:
- Ұмытқам жоқ,- деді ұлы.
- Балам, үміт- қызығымның өлшемі Өзің едің,
Қайғым болдың еңселі.
Басына шық, кәне, мына төбенің,
Осы арада қалдырамын мен сені.
Қараладың қасиетті мекенді,
Жараладың тұрмастай ғып әкеңді,
Мына жолмен өткен жұрттың аузынан
Махамбеттің жырын тыңдап жат енді.
Мүмкін, сонда ұғынарсың қатеңді.
Кім аяққа басса заңын даланың –
Ұмытқаны қатал тарих сабағын.
Кешір мені,
Таусылды бар амалым.
Дала заңы - баба заңы, қарағым, -
Деп әкесі қолына алды садағын...