03.05.2021
  404


Автор: Мұхтар Шаханов

Түсінісу теоремасы

Келіп жатыр, кетіп жатыр дарындар...
Қара бұлттай қайғы жапты бөлмені.
Адамзаттың алғыр, ұлы қыраны
Лев Толстой жатыр еді өлгелі.
Әйелі кеп қолын сүйіп, жылады:
"Тежей алмай мінезімнің тасырын
Өзіңменен өтті жарты ғасырым.
Мен бейбақты кешіре гөр.
Күнәм көп...
Кешіре гөр,
Кешіре гөр, асылым?!"

Өткен күнің оймен шолып алыстан
Үнсіз, іштей күбірледі данышпан:
"Жә, кемпірім,
Жасыңды тый,
Жетті енді,
Жылап ешкім қайыра алмас өткенді.
Қаштым сенен...
Саған жақын жүргенше,
Артық көрдім жиһан кезіп кеткенді.
Жалғыз сенен қаштым ба екен мен бірақ,..
Ресейден бөлінбестей болдым-ақ,
Із бастадым күртік қарды омбылап.
Күллі әлемді тамсандырған ақылым
Сенен қолдау таппағаны қорлық-ақ.
Бір шындық бар еншімнің жоқ таласы –
Ұл-қызымның болдың ғазиз анасы.
Қартайғанда түсініспей, әттең-ай,
Жолымыздың қырсыққанын қарашы.
Дей алмаймын: "Маңдайымның сорысың.
Қамқорым боп создың қанша қол ұшын.
Бірақ мені түсінбедің.
Түсінуге және де Тырыспадың...
Кешірмеймін сол үшін,
Кешірмеймін сол үшін..."
Күллі адами пенделікпен алысқан
Қыран ойы тұрақ таппай ғарыштан,
Әйеліне қарап терең күрсіне
Мәңгілікке көзін жұмды данышпан.

Қайда, қайда көңіл сырын көзден ұғар нәзіктік?
Үш өлшем бар —
Биіктік пен тереңдік, кеңдік (яки жазықтық).
Бұл үшеуін бағаламау — көзсіздік һәм кереңдік.
Ал түсінбеу...
бақытсыздық болар ол.
Иә, адамдық қатынаста жоқ әлі де сара жол.
Оңай емес,
оңай емес бұл егес,
Қашан болсын бірлік жолы бұрыстау.
Керек десең, түсінбестік — кінә емес,
Қылмыспен тең — түсінуге тырыспау.
Ох, қаншама бұлақтарды жұрт түсінбей суалтты.
Сөйтіп, қанша бәйтеректі қуартты.
Ох, қаншама ұлыларды жұрт түсінбей өлтірді,
Сөйтіп, мына тіршілікке үлкен зиян келтірдің
Бруноны отқа жаққан,
Галилейді сотқа тартқан,
Біржан салдың арқан байлап қолына,
Жылан болып Ұлықбектің иірілген жолына -
Түсінбестік еді ғой.
Соның бәрі адамзаттың сорына.
Түсінбестік аз жайды ма қанатын?
Мұнан асқан нала бар ма?
Ұлы Абайды сабаған да
Түсінбестік болатын.
Талантына тамсандырған талайды
Жазған шақта Әуезов сол "Абайды"
"Бұл туынды шыға алмайды белеске",—
Деп құлшына қарсыласқан,
Қияс ойға қамшы қосқан
Тағы да сол түсінбестік емес пе?!
Ал Әуезов жолсыздыққа бұл сынды
Ызалана қол сілтеп,
Іштей, үнсіз күрсінді:
"Түсінетін халық аман болсын",—деп.
Өткен - өтті.
Бірақ бәрі есепте.
Қандай азап,
Қандай азап — ұғыспау.
Түсінбеген кінәлі емес десек те,
Қылмыспен тек—түсінуге тырыспау.
Түсінбестік — секілді бір көк тұман
Сол көк тұман тудырады көп күмән.
Бір жас дарын көтерілсе мінбеге,
Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам!





Пікір жазу