Достық өлкесінің заңы
Икрам Төлеевке
Алдымызда қанша сауал тосылды,
Өмір бізді ерте үйірді биіне.
Сәби кезім.
Бірге ойнайтын досымды
Ертіп бардым нағашымның үйіне.
Сәбилік шақ!
Сүттей аппақ кезең бұл,
Аңғал, бейқам балбұлақтай сыңғырлы.
Досым "киіп көремін" деп әжемнің
Аңдаусызда көз әйнегін сындырды.
Енді қайттік, амал-айла азайып,
Құтылуға өткел іздеп тарықтық.
Досым менің ұяң еді ғажайып,
Әжем өте қатал еді, жарықтық.
- Бала мұнша бола ма екен мазасыз,
Қане, қайсың көзәйнекті сындырған? –
-деді әжеміз, - қалдырмаймын жазасыз,
Сындырған кім?
Алдыма кеп тұр жылдам
Енді қайттік, кім ұсынбақ көмегін?
Бұл қырсықтан құтқармақ боп досымды:
- Мен сындырдым, кешіріңіз... мен едім..
Дедім үнсіз төмен салып басымды.
Бір ерекше дүлей мінез тосып ек,
Шіркін, адам табиғаты-ай сан қырлы.
Қанша ашулы болғанымен осы рет
Әжем мені жазалаусыз қалдырды.
Лезде кайта көтеріліп еңсеміз,
Көңіліміздің айдынынан күн күлді.
Сол сәтте інім сыбыр етті:
"Сенбеңіз,
Көзәйнекті қонақ бала сындырды".
Әжем кенет ашу буып күйгелек,
Ашу буып аң-таң болып қалды да:
- Жүр бері, - деп құлағымнан сүйрелеп
Ертіп барды нағашымның алдына.
"Қой, бәйбіше, дау тудырма бекерге,-
Деп нағашым әңгімесін жалғады, -
Айып па екен, өзін беріп қатерге,
Ер жігіттің досын қорғап қалғаны.
Достық деген ізгіліктің алаңы,
Оған куә ғасырлар мен замандар.
Отанын да сатып кете алады
Қиын шақта досын сатқан адамдар!"